23.04.2021, 10:27
Оқылды: 25

Екі рет «қаза тапқан»

Ұлы Отан соғысының ардагері Борис Шолубай 1924 жылы 13 ақпан күні Украинаның Винница облысына қарасты Немиров қаласында өмірге келген. Соғыс жылдарының бастапқы кезеңінде Луганск маңындағы қырман жұмысына жіберілді. Сосын Днепр өзені бойындағы құрылыс нысанында жұмыс істеді. 1941 жылы фашистер қорғанысты бұзып, Днепрден өткені мәлім. Ардагер зеңбірек оғы жауа бастағанда үш адам болып жаудан жасырынғанын айтады. Содан олардың отбасына үшеуі де қаза тапты деген хабар айтқан. Аман-есен келген жастарды аудандық комсомол комитеті Астраханьға оқуға жолдайды.

Шолубай копия1

Одан кейін Челябинск облысындағы ірі металлургиялық комбинатта жұмыс істейді. Борис Сергеевич жолдастарымен майданға алуды сұрап, Сталинге хат жіберген. Жас жігіт Башқұртстанның Уфа жаяу әскер мектебінде әскери дайындықтан өткен. Винница қаласына қарасты Киров ауданының әскери комиссариаты арқылы соғысқа аттанған. 1943 жылы жауынгер алдыңғы шептен табылды. Запорожьені азат ету кезінде алғаш рет ауыр жарақат алды. Дала госпиталінде ұзақ уақыт емделіп, аяққа тұрған соң қосымша атқыштар полкі құрамында Батыс Украина майданындағы қиян-кескі шайқастарға қатысты. Венгрия аумағында ауыр жараланған жауынгердің қаза тапқаны жайында туыстары тағы қаралы хабар алады. Бірақ тағдырдың дәм-тұзы бұйырып, Борис Шолубай аға лейтенант шенінде 1945 жылы ақпан айында үйіне оралған.

Соғыс жылдарынан кейін шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысты. Украинада дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Қазақстанда тың игеру дәуірі басталғанда аграрлық саланы өркендетеміз деп жер-жерден келген жастар тың игеруге ағылып жатты. Өз еркімен еңбек майданына аттанған жас жігітті Петропавл қаласынан қарсы алды. Смирнов ауданындағы училищеден слесарьлыққа қоса тракторист мамандығын меңгерген Борис Шолубайдың Қазақстандағы өмірі осылай басталды. Ол отбасымен бірге келген еді. 1961 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қоныс аударды. 1971 жылдан бастап теміржол саласында электромонтер болып еңбек етті. Қазақстанда екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген майдангер 1984 жылы зейнет демалысына шыққасын, әйелімен бірге Украинаға барып тұрған. Балаларының шақыртуымен 2014 жылы Орал қаласына оралады. РФ Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жасақталған «Мемориал» порталында Борис Шолубайды «1944 жылы қаза тапты» деп көрсеткен екен. Ал «Память народа» сайтында І дәрежелі Отан соғысы орденін иеленгені жазылған. Сонымен қатар «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарын иеленген. Бір басынан талай қиын кезеңді өткерген адам Оралда тұрады. Жасай бер, Жеңіс сарбазы!

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале