23.04.2021, 10:05
Оқылды: 18

«Аялы қамқорлыққа ризамын»

Оның Ұлы Отан соғысына қатысып, Воронеж, Псков, Ленинград, Тула, Орел облыстарының аумағымен жүріп өтіп, Украина, Белоруссия, Балтық жағалауындағы елді мекендерді жаудан азат еткендігін білетіндер аз. Төрінде ілулі тұрған орден-медальға толы әскери формасын да сирек киетін. Жылына бір келетін Жеңіс мерекесі күні көшеге шыға қалса, кеудесіндегі медальдардың маңыздысын ғана тағып шығатын. Николай Керинов тұратын үйдің маңдайына «Ұлы Отан соғысы ардагері тұрады» деген жазуы бар тақтайша да бір-екі жыл бұрын ғана ілінді.

Николай Керинов1

«Соғыс ардагерімін деп кеуде көтерудің қажеті қанша? Мен тек көппен бірге Отан алдындағы борышымды өтедім. Бұл әскер қатарына алынған әр жас сарбаздың бұлжымас міндеті деп білемін», - дейді майдангер.

Николай Иванович Керинов 1924 жылы Түркіменстанның Красноводск қаласында өмірге келген. Балалық шағы қиындыққа толы болған оның есінде әке-шешесі де дұрыс сақталмапты. Себебі 1937 жылы атасы мен әкесіне «халық жауы» деген айып тағылып, түрмеге қамаған. Мұнан соң тума-туыстары оларды көрмеген. Отбасындағы төрт бала мен аурулы әжейді бағу ауыртпалығы анасының иығына түскен. Ішерге тамақ, киерге киім таппай шырылдаған ананы «халық жауының жұбайысың» деп еш жерге жұмысқа да алмаған. Амалы құрыған байғұс ана үлкен үш ұлын балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болған. Сөйтіп, олар Орал қаласындағы балалар үйіне орналастырылған. Өсе келе үш ағайындыны әр түрлі балалар үйіне бөліп жіберген. Николай 15 жасында өз еркімен сұранып, мал шаруашылығымен айналысатын тәжірибе станциясына жұмысқа орналасқан. Бұл жерде Саша Котов есімді жерлес ағасынан зор қолдау көрген. Өзіне жүктелген істі тыңғылықты әрі жауапкершілікпен атқаратын бозбала жұмыстас аға-апаларынан көп нәрсе үйренеді.

Өзінің ынта-ықыласының арқасында аутокөлік пен трактор айдау, жер жырту, шөп ору сықылды жұмыстарды шебер меңгерген Николай 1942 жылдың соңында әскер қатарына да алынады. Алғашында жас сарбаз Орынбор облысының Колтубанка елді мекеніндегі әскери бөлімге түседі. Ол кезде енді құрылған бөлімде сарбаздар тұратын казарма да жоқ еді. Әскер қатарына енді алынғандар қақаған аязда орманнан ағаш шауып, өздері паналайтын баспана салу жұмысына кіріседі. Кешкісін қоймада үйілген ағаштарды жастанып, үстеріне шинельдерін жауып тынығатын. Сол кездері ішетін астан да таршылық көп көрген. Орта құрсақ жүрген жас сарбаздар ешқашан берілген тапсырмадан бас тартпапты.

Бірнеше ай өткен соң, жас сарбаздарды майданға қосу туралы бұйрық шығып, олар жаяулатып Харьков қаласына бару керек болады. Сарбаздар Украинаның Купинск станциясының үстінен өткенде бомбалауға ұшыраған, шоколад тиелген неміс вагонына тап болады. Белгіленген жерге жеткенше сол тәттімен ғана қоректенуге тура келген. Бірнеше жүздеген шақырым жолды сарбаздар күндіз неміс ұшақтарынан жасырынып, түнде ғана жүріп отырған.

Алғашында Харьков қаласындағы, кейін Тула облысы аумағындағы кескілескен шайқастарға қатысады. Сондай шайқастардың бірінде жерлес досы Коля Кирсановтан айырылып қалады. Бір танкінің ішінде отыратын жан досы төңіректі шолу үшін танк люгінен шыққан кезде оққа ұшқан екен.

Бірде барлаудан келе жатырған сарбазға жаралы офицер тап болады. Аяғын әрең басып келе жатырған ол Николайдың жақын маңдағы госпитальға жеткізіп тастауын өтінеді. Жаралы офицерді арқалап, емдеу орынына орналастырып, қайта келген соң, өз қаруластарын таппай қалған. Сөйтіп, Николай жақын маңда орналасқан минометчиктер полкінің қатарына қосылған. Әскерилер оның техника тілін шебер меңгергендігін білген соң, американдық «Форд» аутокөлігіне жүргізуші қылған. Міне, осы көлікпен ол соғыс аяқталғанға дейін оқ-дәрі мен солдаттарды тасыған.

– Соғысты Балтық теңізінің жағалауында аяқтадым. Үлкен кемелер тоқтайтын Клайпеда, Либав қалаларында қалған неміс басқыншылары қасық қандары қалғанша шайқасты. Ұлы Жеңіс мерекесін де Балтық жағалауында қарсы алдым. Соғыс аяқталған соң, майданға қызмет еткен көліктерді халық шаруашылықтарына бөліп жатты. Кезек менің темір тұлпарыма келгенде майдан далаларынан бірге жүріп өткен көлігімді Саратов облысы арқылы елге айдап кеткім келетіндігін айттым. Ол ұсынысымды қолдамаған соң, бір-екі жыл сол жерде қызмет еттім. Елге 1947 жылы оралып, анамды іздеп табу үшін туып-өскен деревняма бардым. Онымен ешкімді таба алмадым. Сөйтіп, Орал қаласына қайтып келдім, - дейді Коля ағай.

Николай Керинов елге оралған соң, бозбала кезінде өзін еңбекке баулыған Саша Котовтың Роза есімді қызымен шаңырақ көтерді. Бар саналы ғұмырының 75 жылын аутокөлік тізгінінде өткізген кейіпкеріміз «Облводстрой», «Казсельстрой», «Сельхозтехника» мекемесінде жүргізуші болып еселі еңбек еткен.

Кеңес әскерінің Жеңіске жетуі жолына зор үлес қосып, «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы ордендерімен марапатталған майдангер биыл 97 жасқа толмақ. Бір өкініштісі, Коля ағай мен Роза апайға бала сүю бақыты бұйырмаған. Жетпіс жылға жуық отасқан жұбайы 2016 жылы дүние салған.

Күні кеше үй телефонына қоңырау шалғанымызда: «Аяғымның бастырмай ауыратыны болмаса, денсаулығым жаман емес. Жергілікті әкімдіктен хабарласып, жағдайымды біліп тұрады. Үйдегі бар шаруамды әлеуметтік қызметкерлер жасап береді. Үйім жинаулы, киімдерім жуулы, тамағым әзір. Майдангер деп ескеріп, осындай аялы қамқорлық жасап отырған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ», - дейді Коля ағай.

 

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале