Жолың жақсы болса, көлігің тыныш, көңілің жай. Әй, бірақ күн астындағы көпжасарлықтардың жолды айтқанда аса қуана алмайтыны айдан анық.
Жаңақала ауданының Көпжасар ауылы – тектілердің мекені, ырыс-ынтымағы жарасқан ауыл, шаруасы оңды округ. Дегенмен ауыл халқын алаңдатын мәселелер де жоқ емес. Соның бірі - ауылдан аудан орталығына қатынайтын жолдың әлі күнге күрделі жөндеуден өтпеуі не бір қалыпқа келмеуі. Қазақ халқы Тәуелсіздікті сандаған жылдар сағынып, аңсап күтсе, ауыл тұрғындары еркіндік алғалы бері Жаңақала мен Көпжасар арасына тақтадай тегіс жол салынар деген үкілі үміт һәм арманның құшағында жүр.
Жауаптылар не дейді?
Дана қазақ «Жол азабы – жан азабы» деген тәмсілді бекерден бекер айтпаған шығар. Бұл жол – талайға тауқымет тартқызып, талайды азапқа салған жол. Көктем мен күз мезгілінде немесе нөсерлетіп жаңбыр жауса, жолдың үсті әп сәтте лайлы балшыққа айналып, көлігіңді белшесінен батырып, қарға адым жер жүру мұң болады. Қысқасы, Көпжасарға баратын жол көңіл көншітпейді. Мақаланы жазу барысында алдымен Көпжасар ауылының әкімі Нұрбол Бектілеуге хабарласып, жолдың жайын сұрадық.
- Жол – өзекті мәселе. Шешімін табу үшін қолымыздан келгенше жұмыстанудамыз. Көпжасар ауылдық округі әкімі аппаратының тапсырысымен 2020 жылдың желтоқсан айында Көпжасар ауылының автомобиль жолдарын орташа жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Құжат 2021 жылдың наурыз айында сараптамадан өтті. Қазіргі таңда құжаттар Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданды, - дейді ауыл әкімі. Мұнан кейін жолдың мән-жайын толыққанды білейік деген ниетпен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратовқа хабарласқанымызда:
- Жобаның атауы – «БҚО Жаңақала ауданы Көпжасар ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы 0-14 шақырымына орташа жөндеу».
2021 жылғы 21 ақпандағы №РЗ/БҚО-032/2021 техникалық құжаттамасы бойынша ведомстволық қорытындысы шықты. Жобаның құны – 938,841 млн. теңгені құрайды. Аталған жоба бойынша құрылыс жұмыстарына қажетті қаржысын бөлуге БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінімі 2021 жылғы 2 сәуірде тапсырылды. Қаржының бөлінуіне қарай 2021-2022 жылдарда іске асыру көзделуде. Сонымен қатар Жаңақала ауданы бойынша аудандық маңызы бар жолдарды, соның ішінде Көпжасар ауылының L=14 шақырым кірме жолын күтіп ұстаушы ұйым - «Жолаушы Жол» ЖШС-і. Аталған кірме жолға 2018-2020 жылдары аралығындағы әр жылында қиыршық тас төсеу және қырып тегістеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Көпжасар ауылының L=14 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүрізгенге дейін, күтіп ұстау жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады. Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған сын-ескертпелер ескеріліп, күтіп ұстаушы ұйым - «Жолаушы Жол» ЖШС-не тиісті тапсырмалар берілді, - деді. Іле-шала Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтпағамбетовке телефон шалып, жолдың жай-жапсарын сұрадық. «Көпжасар ауылының автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары қаржының бөлінуіне қарай 2022 жылы іске асыру көзделуде» деп қысқа қайырды ол.
Жол – тіршіліктің күретамыры
Иә, дәл солай. Артық айтып тұрған жоқпыз. Жол да тіршілік нәрі - су секілді қат дүниелердің бірі. Сол себепті жолға жіті көңіл бөліну керек деп есептейміз. Қай мәселенің де түптеп келгенде қаржыға тірелетіні рас. Дегенмен де қаржы қаралмады деп қашанғы ауызды қу шөппен сүртіп отыра береміз. Әрбір істің бір ыңғайы, бір шешімі болмай ма? «Халық айтса, қалт айтпады» демекші, тұрғындар тектен-тек ашынбайды ғой. Көпжасарға баратын жолдың бүгінгі сыйқы көптің «қарнын ашырады». Әрі жол мәселесінің көптен бері шешілмей келе жатқандығы да көңілді қынжылтады. Үкімет, қала берді жауапты басқарма басшылары ауыл халқының жағдайына бейқам қарамай, ахуалына алаңдап, тұрмыстағы түйткілдерінің бірі – жол мәселесін шешетін уақыт жетті. Қадірлі басшылар! Сіздерден сұрайтынымыз, ауыл жолдарына айрықша көңіл бөліп, жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырайық. Ілкімді істі жүйрік уақыттың еншісіне қалдарғаннан ештеңе өнбейді. Сөзден іске көшейік. Тоқсан ауыздың сөздің тобықтай түйіні, кедірі-бұдыры көп, кедергісі мол Көпжасардың жолы жөнделер күн жақын болғай!
Алтынбек Ермекқалиев,
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Аманжан Салауатов, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жаңақала ауданының құрметті азаматы:
- «Еліңнің өркениетін көргің келсе, жолыңа қара» деген қағида бар. «Жол – өмірдің өзегі», «Жол – тіршіліктің қайнар көзі», «Жол бар игіліктің бастауы» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бұл жол мәселесі Тәуелсіздік алған жылдардан бері Көпжасар тұрғындарының еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін құлағын түріп, көңілдерін толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Жолдың қазіргі жағдайы мәз емес. Көктем, күз айларында ауданға қатынаудың өзі бір ақырет. Қуатты техникалардың өзі де батып жүре алмай, 5-6 шақырым жаяу жүріп, өліп-талып ауданға барған бірнеше жағдайлар болды. Соңынан салқын тиіп, ауырып жатып тұрғандар да бар. Алдағы уақытта да жолымыз осылай тұра беретін болса, арты қауіп-қатерге, кісі өліміне дейін ұшыратпасына кім кепілдік береді? Өткен 2019 жылдың 31 қаңтар күні облыс әкімі Алтай Сейдірұлы қатысқан аудан әкімінің есебі кезінде мінберден жол мәселесін көтердім. Облыс әкімі қорытынды сөзінде елдің алдында мені тұрғызып, аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлына Көпжасар мен аудан арасындағы 14 шақырым жолға жолдың жобалық-сметалық құжаттарын жасауды тапсырған болатын. «Құжаттар дұрыс, уақытында тапсырылса, осы жолды қаржы жағынан қандай қиыншылық болса да жол құрылысын бастатамын» деп уәде беріп еді. Енді-енді жол құрылыс басталар деп үміттеніп жүргенде Алтай Сейдірұлы басқа жұмысқа ауысып кетті. Осы жолы облысқа әкім болып келген Ғали Нәжімеденұлы Жаңақала өңіріне іссапармен келгенде аудан активінде тағы да жол мәселесін қозғап, Ғ.Нәжімеденұлының қаперіне салған едім. Күні бүгінге дейін әлі шешімін таппай отыр. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, 30 жыл бойы жол мәселесін айтып, бізде қартайдық. 30 жыл деген орда бұзар жас жігіттің өмірі. Ойлап көріңдерші. Аз ба, көп пе?
Мен, қалған саналы ғұмырымда ел мен жердің қамын жеп, тыныштығын тілеп, ұлттық намысы мен тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қорғап жүрген ойын-тойда, қонақтықта салиқалы сөз айтатын, қиыншылық туа қалған жағдайда қамқор болатын, басу айтатын, балаларымыз бен немерелерімізге төгілтіп бата беретін мемлекет сүйгіш қарапайым зейнеткер ретінде айтқан сөздерім ауаға кетпесе деген үміттемін.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, көпжасарлықтардың жанайқайы оң шешімін табады деген сенімдімін.
Амангелді Ғабиденұлы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- «Жол азабы - көр азабы» дегендей, Жаңақала аудан орталығына іргелес жатқан Көпжасар ауылына барар жол көңіл көншітпейді. Халқы да көнбістікпен тырбанып, біресе шоқалағы түйенің өркешіндей, біресе батпағы желімдей жабысқан жолменен әлі күнге жүріп келеді. Көліктері кедір-бұдыр жолда күніге сынып, батпақты түнде (көзінің былшығын сүрткен баладай) 100 метр сайын баклажкамен көлік фарларына су шашып жуып, (баклажкада суың жоқ болса, біттің, қараңғы қазақ даласында жарық сәулеге зар боп қаласың) әупірімдеп ауылға жетсе жетеді, жетпесе , жолда қалады. Екі-үш жыл бұрын көпір төңірегіне қиыршық тас (шебень) төсеп, жақсы боп қалып еді. Дегенмен Жаңақаладан шыға беріс жерге неге төсемегенін білмеймін, моланың қасында кейде көліктер "мола" боп қалады. Одан әрі көпірден өткенше тәуір барып, «Бірқазан» көлі (көл дейміз-ау, шөл ғой) тұсында тағы астыңдағы көлігің «зар еңіреп қоя береді». Апырай, қиыршық тасты 12 шақырымға түгел неге төсемейді? Таңым бар. Егер сол жол жақсы болса, халық та көшпес еді ғой! Тіпті емін-еркін орталыққа келіп те жұмыс жасар еді.
Венера Сапарова, ұстаз, Көпжасар ауылының тұрғыны:
- Шынында да, тұрғылықты халық мекенжайын тастап, аудан орталығына көшіп жатыр. Тек қана жол мәселесі. Әйтпесе, суы, газы келіп тұрған, әу бастан атақонысы болған, өз қолымен тұрғызған зәулім үйлерін тастап, көшетін не жөні бар. 12 шақырым жерге зырылдап келіп, жұмыс жасамас па? Ауылдағы хан сарайын тастап, біреудің времянкасын жалдап, жұмыс жасап жатқан жастарымыз қаншама?! Бір кездегі «Жайнаған Жаңаталабымыз» жастары жоқ, «жайлауынан ел көшкендей» құлазып тұр... Кімге айтарсың? Естір құлаққа 40 жылдан бері айтудай-ақ, айтылып келеді.