Жаңақала – бәріміздің ортақ өз үйіміз, құтты мекеніміз. Осы бір тұмса табиғаты бар, саф алтындай таза ауасы бар қасиетті жерді мекен еткен әрбір азамат өзін бақытты сезінуі тиіс деп ойлаймыз. Сондықтан да ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкеге деген сүйіспеншілігіміз шексіз болу керек. Ал сол сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін мәселе – тазалық.
Қоғамдық орта көпшіліктің шоғыры екені белгілі. Кейде көпшіліктің ортасында өзіміздің де бар екенімізді ұмытып кететіндейміз. Қоғамдық ортада адам өзін қалай ұстау керектігін ес білгеннен білуі қажет. Күн жылынды. Қар еріді. Байқап қарасаңыз, сол ақ мамықтың астында қыс бойы жиналған қалдық сыртқа шығуда. Бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Беталды түкірмеу, қоқысты кез келген жерге тастамау жазылмаған заң іспетті болуы тиіс. Әйтпесе, құзырлы орындар аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Мәселе сіз бен бізде болып тұр.
Әрбір жаңақалалық өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. Алайда ауылымыздың тазалығы көңіл көншітпейді. Сөзімізге дәлел ретінде журналистік зерттеу жасап, ауылдың сәнін кетіріп тұрған көшелердегі, аулалардағы, жол шетіндегі қоқыстарды фотоаппаратымызға таспалап алғанбыз. Тіпті кейбір аялдамалардың әжетханадан айырмашылығы жоқ екен. Сөйте тұра тұрғындар ауданымызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тазалық айлықтары мен сенбіліктерге ерікті түрде қатыспайды.
Табиғат – ортақ үйіміз. Сол ортақ үйіміздің тазалығы өзімізге керек. Шындығында тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да – өзіміз. Аудан аумағындағы аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды тазалау, күтіп-баптау, ағаштар отырғызу – әрбір тұрғынның міндеті. Үй іші мұнтаздай таза болып, дала қоқып жатса, өзіңізге де ыңғайсыздық туғызары хақ. Тазалыққа немқұрайлылық танытпай дүкен шашылған дүниесін, тұрғын өз аумағын реттесе, ешкімнің қолы сынып, аяғы сыздап қалмасы анық. Айтпағымыз, жергілікті тұрғындар да сенбіліктерге бір адамдай атсалысқаны ләзім. Сондай-ақ әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса, ауданымыз гүлденіп, ауылдарымыз көркейіп шыға келер еді.
- Ең бірінші тұрғындарға әлеуметтік желілер арқылы айлық басталғаны туралы, әркім өзінің ауласын, көшесін тазалау жөнінде хабардар еттім. Әрқайсысыңыз да, қыстан қалған қалдықтарыңызды шығарыңыздар деп қоқыс шығаратын қажетті (жеке тұрғын, кәсіпкерлер) адамдардың ұялы телефон нөмірлерін де тізімін жазып, көрсетіп бердім. Негізінде бұл әр тұрғынның міндеті екені айтпай-ақ белгілі. Бізді қазір қынжылтатыны, халық сенбілікке шықпайды. Ауыл тұрғындарының сенбілікке мемлекеттік немесе мекеме қызметкерлерімен қосылып атсалысу қажет екені де айтылды. Көбінесе мекеме қызметкерлері, жұмыс істейтіндер шығамыз. Осы ауылдың тұрғындары болғандықтан бәрі де көмектесіп, шығуы керек деп есептеймін. Дегенмен, айта кету керек, кейбіреулері өзінің ауласындағы терегін кесіп, қоқыстарын шығарады.
Жергілікті учаскелік инспекторым бар. Сол маманды тағайындап, алдыңғы жұмада ауыл ішін түгел аралап шықтық. Бәріне бір апта уақыт ішінде тазалауға ескерту бердік. Қазірдің өзінде тұрғындардың көбі қоқыстарын жинастырып, тазалап тастаған. Алайда олар шығармаған жағдайда әкімшіліктің 505-бабы бойынша қоқыстарын төккені үшін, жасыл алаңды бүлдіргені үшін жергілікті учаскелік полицейлер айыппұл сала алады.
Ауыл шетіндегі қоқыс полигонын да былтыр қоршадық. Алайда халық шығарған қалдық-қоқысын оған жеткізбей төгіп тастайды. Екі рет болған сенбілікте соның барлығын жинақтап, полигонды тазаладық. Көшенің қоқыстарын жинайтын ауыл әкімдігінде ақылы жұмыста 45 адам бар. Олар түске дейін ауыл ішін тазаласа, түстен кейін ауылдың шет жағын, кіреберісін, тазартады. Ал осы жұмадағы сенбілікке көшеттер отырғызу жоспарлануда. 24 сәуір – Қазақстан бойынша терек егу күні. Қазір ауылға 500 түп тал әкеліп қойдық. Биыл С.Бабажанов көшесіне 250 түп терек отырғызамыз. Сондай-ақ мекемелерге де береміз. Қалғанын орталық саябақтарға егеміз.
Тұрғындар арасында кез келген жерге қоқыстарын тастап кететіндер аз емес. Ал оларға шара қолданайық десек, нақты кім екенін анықтай алмай қаламыз. Жалпы, былтыр фотоға түсіріп алып, оларға тиісті шара қолданды,-деді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов.
«Тазалық – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Расында, «Тазалық – саулық негізі» емес пе?! Қоқыс көп жерде түрлі жұқпалы аурулар ошағы пайда болып, түрлі кеміргіштер көбейіп кететіні тағы бар. Кей алаңдарда балалар ойнайды, қариялар демалып отырады. Олардың өмірлеріне қауіп төндірмей, болашағымызды ойлағанымыз абзал еді. Ел арасында әртүрлі адамдар бар. Олардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәдениеті әр талуан. Көше мәдениетін қалыптастырып, халықтың санасын ояту үшін ауданымызда түрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Аудан, ауыл әкімдіктері мен түрлі құзырлы мекеме, «жасыл елдіктер» мен ерікті жастар, табиғат жанашырлары барынша жұмылып, жұртқа үндеу тастап, рухани-мәдени шаралар ұйымдастырып отырады. Жыл сайын көктемде және күзде ауданымызда абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту айлықтары жарияланып, сенбіліктер ұйымдастырылады. Сенбілік өткізу дәстүрі бүгінгі қазақ қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналған-ды. Мұндай жұмыстар адамды тәрбие мен тәртіпке баулиды.
Өткен сенбіде аудан әкімінің тапсырмасымен екі айға экологиялық тазалық айлығы жарияланды. Сенбілікке ауданымыздағы кәсіпорын, бірқатар мекеме қызметкерлері жұмылдырылып, ауыл-елді мекенді көріктендіріп, тазалығын сақтауда жұмыла көтеріліп жұмыс істеді. Тазалық жасағанды табиғаттың өзі құп көргендей, күннің көзі де сол күні жадырап тұрды. Десе де ауыл тазалығы мен көркі сенбілікті ұйымдастырушы әкімдікке емес, тұрғындарға қажет екенін көбіміз ескере бермейтін сияқтымыз. Бұлай дейтін себебіміз бүгін тазаланған жер ертеңіне қайтадан қоқысқа толып жатады.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратовтың мәліметіне сүйенсек, бұл аптадағы сенбілікте аудан бойынша 200-ден астам мекеме қызметкерлері белсінділік танытқан.
- Жиналған қоқысты шығаруға 2 «КамАЗ» автокөлігі жұмылдырылды. Әзірге қордаланған қоқыс алаңдары, ауыл шетіндегі полигон қоқыстан тазартылды. Сенбілік нәтижесінде 40 тонна қоқыс шығарылды. Ал жалпы 2240 түп терек егу, түрлі ағаштар мен көшеттер отырғызу биылғы жоспарда бар. Одан соң тұрғындармен кездесу ұйымдастырып, тазалық мәселесі туралы жиындар өткізіледі. Сонымен қатар ауыл ішіне сенбілікке шығарда халықты бірлесуге, атсалысуға шақырамыз,-деді ол. Ауламыздың тазалығы мен гүлденгені – ауылымыздың гүлденгені, ауылдың гүлденгені – еліміздің көркейгені. Ендеше, апталық сенбіліктерде белсенділік танытып, туған өлкеміздің тазалығын сақтауға атсалысайық, жерлестер!
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтатын тілі жоқ» деп текке айтпаған ғой. Сол себепті табиғат ананы қорламай, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз ауылымыздың тазалығына көңіл бөліп, атсалыссақ игі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде «Тазалық – иманның жартысы, Алла тағала тазалықты жақсы көреді» делінген. Бір ауылда күн кешіп отырған соң, жанашырлықпен жазылған жанайқайымызды түсінер жан болса деген ниет бізде.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz