Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бағдат Ізмағамбет Қаратөбе ауданында жұмыс сапарымен болды.
Қасиетті Қаратөбе жеріне табан тіреген «Ақ жол» партиясының өкілдері аудан орталығында орналасқан Қажым Жұмалиев атындағы саябаққа ағаш көшеттерін отырғызды.
Ауданға сапары барысында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Ізмағамбет және «Ақ жол» партиясының атынан Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаттары Нұрлыбек Жазғарұлы мен Тоқтар Мерекеұлы аудан жастарымен кездесу өткізу үшін Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейіне барды.
Демократиялық партияның депутаттары партия бағдарламасының басым бағыттарымен таныстырып, жастарды мазалаған сұрақтарға жауап береді.
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Ақ жол» партиясы атынан аудандарды, ауылдарды аралап, жергілікті халықпен, жастармен кездесу өткізудеміз. Алаш арыстарының ізін жалғаушы партия ретінде ұлттық болмысымыз бен ұлттық рухымызды жастардың бойына сіңіруді мақсат тұтамыз. Тарихта «Қаратөбе сиезі» деген атпен қалған, белгілі тұлғалардың табаны тиген тарихи орында жастармен кездескенімізге қуаныштымыз, - деді Бағдат Ізмағамбет.
Сапар барысында «Ақ жол» партиясының өкілдері Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейін аралап, музейдегі құнды деректермен танысты.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz