Бүгін Орал қаласының мəдениет жəне тілдерді дамыту бөліміне қарасты Жастар мəдениет үйінің жанынан құрылған "Ғасыр жастары" қоғамдық жастар театрының ашылу салтанаты өткізілді. Салтанатты шарада Орал қаласының əкімі Абат Шыныбеков құттықтау сөз сөйледі.
-Жастардың құлшынысы мен ұмтылысына разымыз. Наурыз мерекесінің қарсаңында Орал қаласында балалардың "Алтын Орда" театры ашылып, бізді бір қуантса, бүгін, міне, өзіміздің мəдениет сарайында жастар мен жасөспірімдер жаңа театрының тұсау кесеріне келіп отырмыз. Мұның өзі жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне, өздерінің ізденуі мен ынтасының артуына таптырмайтын мүмкіндік. Бүгін бүкіл əлемге танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн" романының желісі бойынша қойылған спектакльді осынау өнерлі жастардың күшімен тамашаламақпыз. Театрды қойылымға әзірлеген жастардың аяқ алысына сəттілік тілеймін,- деді қала əкімі.
Қоғамдық жастар театрының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының мəдениет саласының үздігі, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері Теміржан Матаев құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан соң спектакльдің премьерасы басталып, көрермендер қойылымды қызыға көрді.
Толығырақ облыстық "Орал өңірі" газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz