Кеше "Skypark" кафесінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, "Тәуелсіздік құрдастары" жобасы онлайн форматта жалғасын тапты. Жоба қонағы – Теректінің тумасы, ұшқыш Нұрсұлтан Сақпаев.
Есімінің қойылуының өзіндік тарихы бар кейіпкер жоба авторы және ұйымдастырушысы Үміткер Орынғалиевтің барлық сауалдарына жауап беріп, көрерменмен еркін пікір алмасты.
– Менің есімімді ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қойған. 1991 жылы облысқа сапары кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Аңқаты ауылында, соның ішінде біздің шаңырақта қонақта болған. Ес біле бастағаннан ата-анам маған атымды Елбасының өзі келіп қойып кеткенін айтатын. Соны мақтаныш етіп, көңілім марқайып жүретінмін бала кезімде. Өсе келе оны құр мақтаныш етіп жүре бермеу керек, сол есімнің, елдің, Елбасының сенімінен шыға білу керек екенін сезіндім. Ол деген – сапалы жұмыс істеу, отбасыңды асырау, балаларға лайықты тәрбие беру, кәсібіңді жоғары деңгейде меңгеру ғой. Мұның бәрін кішкентайымнан ата-анам құлағыма құйып өсірді. Қазір Елбасы артқан, отбасым артқан сенімге сызат түсірмеуге, биіктен көрінуге талпынып жүрмін. Бізге тағдыр мүмкіндіктер береді, тек соны пайдалана алсақ болғаны, – дейді Нұрсұлтан Сақпаев.
Нұрсұлтан қазір Қостанай қаласындағы «Орлан-2000» авиакомпаниясында Ан-2 ұшағының 2-ші пилоты болып қызмет атқарады.
Әйгерім есімді жары, Айсары, Бақтияр сынды алтын асықтай ұлдары бар.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Орал қаласында іссапармен болғанда өзі есімін қойған жанмен жүздесіп, өмірлік жолына тек сәттіліктер тілепті. Кейіпкеріміз өз кезегінде Елбасына бала кездегі суреттері мен видеоларын көрсетіп, батасын алыпты.
Нұрсұлтан Сақпаев өнерден де құралақан емес боп шықты. Сұхбат барысында ол қонақ кәде ретінде River Flows in you музыкасын синтезатормен орындап берді.
Жоба соңында Нұрсұлтанға аудан әкімі Арман Өтеғұловтың атынан алғысхат табыс етілді.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz