Ұлы Отан соғысының ардагері Лев Дорофеев 94 жаста. Бірақ ол күнделікті өмірде ешкімнің көмегінсіз белсенді өмір салтын ұстанады. Дене шынықтыру жаттығуларын жасайды.
Лев Иванович Сырым ауданында туып-өскен. Сондықтан бала кезінен қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ол 1943 жылы әскерге шақырылды. Жас жігіт Башқұртстанның Белибей қаласында байланысшылар даярлайтын бөлімге түседі. Ол өз қатарластарымен бірге әрқайсысы он бес келі кабель орамасымен тауларға көтеріліп, карабиннен атуды үйренді. 1944 жылы ол Балтық жағалауы майданындағы 879-атқыштар полкіне жолданады. Бұдан бұрын ол Белоруссияның Борисов қаласын азат етуге қатысқанын да айта кетейік.
Лев Дорофеев пен оның қандыкөйлек жолдасы Николай Бондаренкоға рота мен батальон командирі арасындағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ету жөнінде тапсырма беріледі. Сондықтан олар желінің жарамдылығын тексеру үшін әр минут сайын байланысқа шығып отырды.
Жерлесіміз қатысқан алғашқы шабуыл оның туған күні – 1 тамызбен тұспа-тұс келеді. Сол күні командирі бастап, олар қостап шабуылға шыққан кезде, немістердің тойтарысына тап болды. Осы ұрыста ауыр жарақат алған Лев Иванович төрт ай емделеді. Жеңіс туралы сүйінші хабарды Шығыс Пруссияда, Балтық теңізінің жағалауында жүріп естиді. Содан кейін Моңғолияда, артынан Қытайдағы Порт-Артурда қызмет етеді. Демобилизациядан кейін ол Ресейге кетті. Бірақ оны бәрібір туған жері Жымпиты топырағы тартып, елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер Жымпиты кәсіптік-техникалық училищесінде механизатор, өндірістік оқыту шебері, кеңшарда слесарь болып жұмыс істеді.
Айта кету керек, майдангердің балалары мен немерелері мемлекеттік тілді меңгерген. Лев Иванович табиғатынан шаруа, жермен жұмыс жасағанды жақсы көреді. Бірнеше жыл бұрын ол Теректі ауданының Ақжайық ауылынан қалаға көшіп келген. Бірақ әлі күнге даланы аңсайтын майдангер ұлы тұратын Теректіге жиі барып тұрады.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress