27.04.2021, 23:58
Оқылды: 60

Бірлік күніне арналған брифинг

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов 1 мамыр – Бірлік күніне орай Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткізілетін іс-шаралар жоспарын мәлім етті.
E36AFA8A-AC99-4121-9735-76D689728281

– Қазіргі уақытта Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтудың қуатты институтына айналғаны көпке мәлім. Бұл құрылымның алдына бүгінгі таңда этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтаудан бөлек, жалпы азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға   бағытталған жаңа міндеттер де қойылып отыр, – деп бастады сөзін Медхат Мұсаұлы, – Облыс бойынша этномәдени бірлестіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен 1 мамыр – Бірлік күніне арналған 200-ден астам іс-шара бастау алды. Нақтырақ айтсақ, 21 сәуірде Х. Есенжанов атындағы балалар кітапханасымен бірлесе отырып, Ғ. Тоқай атындағы мұражайда татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың 135 жылдығына арналған «Әдеби марафон» өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қатысып, кейбірі естелік сыйлықтармен және алғысхаттармен марапатталды. Келесі күні "Бірлік" әзірбайжан этномәдени бірлестігі мен облыстық ассамблея еріктілер қозғалысы бастамасымен облыстық мектеп-интернат аумағына 80 түп жеміс ағаштары отырғызылды. Ендігі кезекте  Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Масис" армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханянның қатысуымен «Бір шаңырақ астында...» атты онлайн форматта достық форум өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге 14 этностың қатысуымен «Достық пен Бірліктің мекені – Қазақстан» атты түсірілім ұйымдастырылып, ол 1 мамырда жергілікті эфирден көрсетілмек.  

Бұдан әрі баяндамашы 28 сәуір күнгі Қазақстан халқы ассамблеясының XXIX сессиясына біздің облысымыздан 23 делегат (онлайн) қатысатынын, Достық үйінде өтетін «Татулығымыз бір шаңырақ астында» атты ғылыми конференцияға ғалымдар, студенттер мен этномәдени бірлестік өкілдері тартылып, олар өз баяндамаларымен бөлісетіндігін жеткізді.

Сөз түйінінде спикер «30 игі іс» республикалық марафоны аясында "Жаңғыру жолы" жастар қозғалысы мен  облыстық ҚХА еріктілері 30 мұқтаж отбасын азық-түлік себеттерімен қамтамасыз ету бойынша өз акцияларын  өткізетіндігін тілге тиек етті. Мұның сыртында "Ақжайық" телеарнасынан түрлі этнос балаларының мерекелік құттықтаулары бейнеролик арқылы тамашаланатынын естіп білдік. Белгіленіп отырған өзге де іс-шаралар аз емес көрінеді. Ендеше, бар қызықты бірге тамашалайық, ардақты ағайын!

Бауыржан  Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале