Жәнібек ауылының тұрғыны «Қадам» жеке кәсіпкерлігінің іс жүргізушісі Ербол Қадимов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге грантқа ие болған. Қазіргі таңда ол аталған қаражатқа Жәнібек ауылының шығыс бетінен бір гектарға жуық жер алып, алма ағашын отырғызуды бастады.
Кәсіпкердің бастамасын көруге аудан әкімі Азамат Сафималиев арнайы барды. Ауданның бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев бағбанның еңбегі жемісті болуын тілеп, Құран бағыштады. Бұдан кейін аудан әкімі Азамат Сафималиев кәсіпкерге қолдау білдіріп, өзі алғаш болып алма ағашын отырғызды. Бүгінде Ербол Қадимов қолына тиген қаражатқа ағаш егілетін аймақты қоршап, 500 түп тал, арнайы тыңайтқыштар алған.
-Жас көшеттер Ресей жерінен әкелдім. Біздің аймақтың ауа райына төзімді, тез әрі өнімді жеміс береді. Атап айтар болсақ, «Лобо», «Антоновка», «Северный сенап» секілді алма ағаштары бар. Бастама жаман емес. Болашақта еңбегіміз ақталып, ағаштарымыздың жемісін көріп жатсақ бұл жұмысты одан әрі дамытып, аумағын үлкейтіп, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға тырысамын,- дейді бақ жұмысына білек түре кірісіп кеткен Ербол Қадимов.
Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz