30.04.2021, 11:42
Оқылды: 57

Дәстүрлі әннің маманы неге жоқ?

Халқымыздың ерекше ән өнері көне заманнан қалыптасқан өте бай қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір бөлігін құрайды. Фольклор «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «ән қазынасы» қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады. Жаңақала өңірі өнерлілерге кенде болмаған. «Қазақ даласындағы күйдің астанасы – Жаңақала» деген сөзді арнаған Әбіш Кекілбай атамыз терең мағыналы даналық сөзді қалдырғанда тек қана күйдің емес күллі өнердің ордасына айналсын дегендей әсер қалдырады. Аудан көлемінде өтетін концерттерде, мерекелік шараларда ән, күй болғанымен дәстүрлі әнді нақышына келтіре орындайтын жан жоқ. Неге? Себеп біреу-ақ. Дәстүрлі әнді үйрететін маман жоқ. Өзге аудандарға қызыға да қызғана қарайсың. Домбырасын арқалап, ұлттық нақышта киініп, Мұхит пен Ғарифолланың әндерін бабына келтіріп салғанда қазақылығың оянып, бір серпіліп қаласың.

EDF27239-D68C-4123-BE1F-06B72A46C31E

Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл  - қазақ әншілік өнердің сан ғасырлық даму тарихының бар екендігін бірден бір айғағы. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп айтқан екен. Киелі қара домбыра мен қарт қобыз сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді.  Ерекше өнерді өскелең ұрпаққа үйрететін бір маманның болмауы жанымызға аяздай батады.

Жауапты жандар не дейді?

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатұлының есігін қағып, сауалымызды қойдық.

- Дәстүрлі әншілер облысымыздың өзінде санаулы. Олардың өзі босамайды. Аудандық мәдени-демалыс орталығында 8 сағаттық жұмыс болғасын дәстүрлі әннің мамандары келмейді. Оларға қалаға жақын аудандарда істеген қолайлы. Біздің ауданға келуге ынталы емес. Бұл туралы мәдени-демалыс орталығының директоры Мұхит Батырханұлы екеуміз сөйлестік. Қазір өзінен сұрап білейін,- деді Талғат Жанболатов. Ұялы телефон шалып, дауыс зорайтқышты қосып қойды.

- Дәстүрлі әнші ауданымызда жоқ. Дәстүрлі әннің мектебі Жаңақалада қалыптаспаған, бұрын-соңды болмаған. Менің алдымда басшылықта болған адамдарға жауап бере алмаймын. Өзім келгеннен бастап, нақтырақ айтсам 2017 жылдан бері дәстүрлі әнші маманын алдырайын деп жұмыстандым. Армат Еслямғалиев есімді облысымыздағы дәстүрлі әншімен байланысып, келген кезде де сөйлестім. Бітіріп жатқан студенттер бар ма, болса біздерге жұмысқа алсақ, Қали Жантілеуов атындағы музыка мектебінен сағат алса, біздің ауданда тұрақтап қалса деген қолқамызды айтқан болатынмын. Ол кісі: «Дәстүрлі әнші облыс бойынша саусақпен санарлық. Екі қолдың саласы толмайды. Олар алыс аудандарға бармайды. Қалаға жақын аудандар алып кетеді. Маман табудың бір бір ғана жолы бар. Дәстүрлі әнге жақын баланы тәрбиелеп, оқытып алсаңдар болады» деп жауап берді. Оны тәрбиелейтін, бағыттайтын да адам жоқ қой бізде. Қолымнан келгені осы болды. Жұмыстанып жатырмыз. Алдағы уақытта маман келіп қалар деп үміттенеміз,-дейді Мұхит Сисенов.

Қали Жантілеуов атындағы музыка мектебіне бардық. Басшысы Нұралы Ихсановқа жолығып, «Дәстүрлі әннің маманы неге жоқ?» деген сұрағымызды қойдық.

- Біраз жылдан бері дәстүрлі әннен беретін маманды іздеп келеміз. Жыл сайын музыкалық колледжерге барып, директорларымен жолығып,  бітіретін студенттерін жұмысқа шақырамын. Келетіндер әзірше жоқ болып тұр. Бұрындары 2 жылдай қаладан келіп бір қыз бала істеп жүрді. Оның орнына маман келмеді. Егер де маман болса қуана-қуана сынып ашар едік. Алдағы оқу жылында маман табылса, сынып аша аламыз. Жыл сайын конкурс береміз. Кезінде Сағадат Рахметжанов та жұмыс істеді. Мұқырдан Сиғбатолла есімді баланы сол Сағадат тәрбиелеп шығарды. Конкурстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Келіп-кетіп жұмыс істейтін болғасын мамандар тұрақтамайды. Алаңсыз жұмыс жасайтын маман керек. Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы келген кезде де дәстүрлі әннің маманы керектігін айттым. Жыл сайын сұраныс беріп жүрміз,-деді Нұралы Сапарғалиұлы.

Оқырман айтқан өтініш

- «Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй» - деп ұлы Абай Құнанбайұлы жақсы жырлаған. Қазақ халқы адамға ерекше әсер ететін ән өнерін жоғары бағалаған. «Ел іші – өнер кеніші» деген даналық та бар. Дәстүрлі әнді теледидар мен радиодан ғана тыңдаймыз. Аудан орталығында дәстүрлі әннен сабақ беретін арнайы маман келсе екен. Немерелерімізді дәстүрлі әнге бергіміз келеді. Құрбыларым да ұрпақтарына дәстүрлі әнді сіңіретін жан болса дейді. Әрбір жаңақалалықтың отбасында дәстүрлі әнді әуелететін жас болса ғанибет емес пе?,-дейді тұрақты оқырманымыз Гүлнәр Жәрдемова.

Түйін

Иә, талай дүлдүлдерді дүниеге әкелген Жаңақала жеріне дәстүрлі әннен сабақ беретін маманның керегі анық. Көдесіне күй, жусанына жыр тұнған Жаңақаланың аспанында дәстүрлі әніміз қалықтаса ғажап емес пе? Сол күн тезірек келгей...

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале