4.05.2021, 0:36
Оқылды: 72

Бас редактор бағаны

[email protected]
[email protected]

3FCFCB44-7016-4A6D-BB3F-7665A7B4A40E

Брат емес, бауыр,

Гульнара емес, Гүлнәр,

Дильназ емес, Ділназ,

Наргиза емес, Нарқыз,

Мотивация емес, құлшыныс.

Өкінішке орай, бұл тізімді ащы ішектей шұбалтып, әрмен қарай шұбырта беруге болады. Ақ күмістей, саф алтындай ана тіліміз бүгінде әбден шұбарланып бітті. Тәйірі, «әбден шұбарланып бітті» дегеніміз «айдың бергі беті»  ғана, ең сорақысы үшбу үрдіс «өте сәтті» әрі қарқынды жалғасуда. Күні кешегі ХХ ғасырдың басында бүгінгімен салыстырғанда мөлдір бұлақтай тап-таза еді-ау, біздің тіл!  Соның өзінде «Шешен, ақын, ділмар ата-бабамыздың бұлбұлдай сайраған бұлақтай кәусар, наркескендей өткір, жарға соққан толқындай екпінді тілі былғанып барады, кірлеп барады...» деп зар илеген екен Міржақып жарықтық.

Бізге әлемнің жарығын сыйлаған, гүлдің әдемісін жинаған, біз үшін түнде шошып оянған, мұздай бесік таянған аяулы Анамыздың тілін қотыр тайдай шұбарлап жатқан бөгде ғаламшарлықтар немесе Ұлы даланы мекендеген өзге ұлт-ұлыстың өкілдері емес, біз – өзіміз! Осы уәжімізге нақты дәлел ретінде мына қарапайым мысалды алдарыңызға көлденең тартайын: Республикалық іргелі БАҚ-тарда қызмет істейтін кейбір үлкенді-кішілі әріптестеріміздің «орамал тақты» деп сөз саптаулары соңғы кездері тым жиілеп барады. Айналайындар-ау, орамалды тақпайды, орамалды тартады!

Өзімізден біраз кіші кейбір інішектер әлеужеліде бірі-біріне «брат» деуді әбден әдетке айналдырған. Алда-жалда әлгі жүгермектер бірі-біріне қаратып «брат» емес, «бауыр», «бауырым» деп сөз саптаса, қандай жарасымды! Ал енді базбір бозөкпелердің  әкесін «пахан», анасын «махан» дейтіндеріне айтарға сөз жоқ...

Қазақ қызының үріп ауызға салғандай есімі Гүлнәрді бүгіндері берісі «Гүлнар», әрісі «Гульнар» немесе «Гульнара» қылып алдық. Дұрысы, «гүл» мен «нәр» деген екі бірінен-бірі өткен әдемі сөзден құралған әсем есім ғой Гүлнәр деген! Яғни гүлдің нәрі, шырындай тәтті қандай керемет сөз «Гүлнәр» деген! Ал гүлдің нары, яки «Гүлнар» деген ақылға сыйымсыз, көңілге қонымсыз. Қазақы дүниетаным бойынша, гүлдің нары емес, қыздың  нары  болады.

Нарқыз – қажет жағдайда ер жігіттің, ер-азаматтың орнына жүре алатын, алда-жалда ел басына күн туа қалса, жаратылысы нәзік әйел заты болғанымен, ердің сойындай кесек мінез көрсететін, ірі турайтын тұлға деген мән-мағына беретін ғажап есімді біз бүгіндері «Наргиза» деп біржола мәңгүрттендіріп жібердік. Обалы кімге, әрине, өзімізге! Дильназ болып кеткен Ділнәздің де, Камиллаға айналған Кәмиланың да обалы өзімізге...

Ділнәз – «ділі нәзік, жан дүниесі кіршіксіз, ешкімге жамандық ойламайтын, жан баласына теріс пиғылы жоқ періште пейілді жан» дегенді білдіретін есім. Ал дильназдың не мағына беретіндігі маған беймәлім...

Бәлкім, біздің осы біразырақ базынамыздан кейін үлкен-кішіміздің, әсіресе, жастарымыздың тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттік тілінде таза сөйлеуге аз-маз болса да, мотивациясы, ғафу етіңіз, құлшынысы, яғни ынта-ықыласы артар деген нәзік үмітіміз бар. Жазғытұрым самалмен желбіреген жауқазындай осы нәзік үмітіміз шыңға біткен шынардай нық сенімге айналғай!  

«Тілі құрыған ұлттың өзі де құриды» деген байламы бар Ахмет Байтұрсынұлының. Бұл өзі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат-аксиома! Жайнаған жаздағы жасыл жайлаудай жазира тіліміздің бояуы семіп, құнары кемуіне басқа ешкім емес, тек қана өзіміз кінәліміз. Сонау ХІХ ғасырда өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлының сарынымен сөз саптар болсақ, «Мен қауіп еткеннен айтамын...»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале