6.05.2021, 17:53
Оқылды: 52

«Жігіт сұлтаны - 2021» өз мәресіне жетті

Осы аптада Орал ат спорты кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны - 2021» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Оған Орал қаласы және Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей орда, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Теректі және Шыңғырлау аудандарынан жиналған қазақтың төл өнері мен ұлттық спортын дәріптеп жүрген жігіттер қатысып, бақтарын сынады. Байқаудың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

D22DE464-B6BE-4541-89B8-82D16D8BF5FC

96522498-3FAA-4433-8452-342E00C73160

Кіл күштілер мен мықтылар бақ сынасқан жарысқа Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұржан Сертеков, актер, ҚР мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, «Ағайын» қазақ мәдени бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Арман Биғалиев, ХІҮ халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің оқытушысы Аслан Серікбаевтар қазылық етті.

5EE5B407-0DCE-4530-A130-3EED9CD134BD

Байқау бес кезеңнен тұрды.  «Қазақтың баласымын тегі бүтін» деп аталатын алғашқы кезеңде үміткерлер өмірбаян дерегін көрсететін арнайы бейнебаяндарын ұсынды. Ал «Жігіттер бар нарқасқа» бөлімінде ісмерлік, шеберлік қасиеттерін көрсету үшін әр үміткер қайыс, ағаш, жіп, темір және былғарыдан өз қолымен жасаған қолөнер туындыларын ұсынды. «Бөрі аулайтын жігіт бөрігінен белгілі, жау алатын жігіт серігінен белгілі» демекші, шеберліктері сынға түскен сәтте сайысқа қатысушылардың бірі қайыстан қамшы өрсе, бірі қарағайға шеге қағу арқылы  жіптен өрнек тоқыды. Енді бірі ат-әбзелдерін жасаса, тағы бір үміткер ат тағалау әдістерін көрсетті.

- Жаңақала ауданындағы ат спорты мектебінің бапкері болып жұмыс істеймін. Бүгінгі байқауға өз қолыммен жасаған ат әбзелдері бұйымдарын, оның ішінде жүген, ноқта, қамшының сегіз өрімдік нұсқасын ала келдім. Қамшы өру кем дегенде 3-4 күн уақытыңды алады. Ал қамшы жасайтын қайыс материалы малдың терісінен дайындалады. Ол тез қатайып кететіндіктен, көп ұзатпай жұмысты аяқтауға тырысамыз. Қамшының сабы өзіміздің Жаңақала топырағында өсетін жыңғыл ағашынан жасалған. Қамшы бес өлшемге есептеліп өріледі, одан артық не кем болмауы тиіс. Ата-бабамыздан мұра боп қалған осы бір игі дәстүрді жалғастыруды  басты мұратым деп білемін. Ниет танытқан жандарға әрқашан өз білгендеріммен бөлісуге әзірмін, - дейді қамшы өруден өнер көрсеткен Жаңақала ауданының тумасы Қолғанат Серіков.

4F3FBE73-E197-453F-BFD0-B742C09C74A4

- «Таға аяқты ұстайды, аяқ атты ұстайды, ат ерді ұстайды, ер елді ұстайды» деген дана халқымыздан қалған жақсы сөз бар. Байқауда көрермендерге ат тағалаудың әдіс-тәсілдерін көрсеттім. Ат тағалау кезінде  оқыс оқиғалардың алдын алу үшін міндетті түрде қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтау керек. Тағалау үшін егеу, қайрақ, қатты былғарыдан тіккен алжапқыш, арнайы жасалған шегелерді пайдаланады. Ат тұяғы «қазтабан», «кесе тұяқ» деп бірнеше түрге бөлінеді. Соған орай көлеміне қарап 2-3, кейде 5-6 шеге қағылады. Оған ептілігіңе қарай кем дегенде 10 минут уақытыңды жұмсайсың. Тағасыз аттан тағалы аттың айырмашылығы алысқа шапқанда табаны қызбайды. Сондықтан тағалы аттың жүрісі де, шабысы да бөлек, - дейді шыңғырлаулық Мағжан Жеңісов.

Ал «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында» деп аталатын келесі кезеңде ер жігіттің атқа мықтылығы, денесін игеретін ептілігі мен шабандоз, мергендігі сынға салынды. Мұнда олар теңге ілу мен жамбы ату, аударыспақ секілді ұлттық ойындарда додаға түсті.

Аударыспақта Бәйтерек ауданынан келген Райымбек Сабырғалиев пен жаңақалалық Қолғанат Серіков мықты өнер көрсетті. Дегенмен шешуші финалда Райымбектің мерейі үстем болды. Ал теңге ілуден шыңғырлаулық Мағжан Жеңісов ешкімге есе жібермей, шашасына шаң жұқтырмады. Бұл ойында Қолғанат Серіков екінші, ақжайықтық Шапағат Наурызов үшінші орынға тұрақтады. Жамбы атудан мергендігімен көзге түскен қаратөбелік Сақтаған Мемлекетов пен шыңғырлаудық Мағжан Жеңісов көпшілікті таңдай қақтырды.

Қош, сонымен екі күнге созылған үлкен додада жаңақалалық Қолғанат Серіков бас жүлдеге ие болды. Оған 300 мың теңге және арнайы тапсырыспен жасалған «Жігіт сұлтаны - 2021» белбеуі табысталды. Бірінші орын шыңғырлаулық Мағжан Жеңісовке,  екінші орын бәйтеректік Райымбек Сабырғалиевке бұйырды. Ал үшінші орынды ақжайықтық Шапағат Наурызов еншіледі. Байқаудың бір ерекшелігі қатысушылардың барлығына құндыз бөрік пен қамшы,  арнайы дипломдар табысталса, байқау жеңімпаздарына арнайы жасалған домбыра мен ер-тұрмандар тарту етілді.  

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале