Өткен бейсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар мекеме-кәсіпорындардың жұмысын қадағалап, құрылыс нысандарын аралап, мал баққан, егіс еккен шаруалардың тыныс тіршілігімен танысты.
Өңір басшысының Бәйтерек ауданына сапары алдымен Мичурин ауылындағы полиция бөлімшесінде орнатылған бейне-бақылау камераларының жұмысымен танысудан басталды.
Аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жоба 2019 жылдың шілде айынан бастап қолға алынған.
Жергілікті полиция басқармасының басшысы Сұлтан Шалдарбековтың айтуынша, ауданда 243 дана бейне-бақылау камерасы орнатылған. Оның 96-сы Переметный ауылында, 60 данасы Дариян ауылында, 87-сі Мичуринде орналасқан. Бейне-бақылау жүйесі іске қосылғаннан бері қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық деректерді анықтау бағытындағы жұмыстар ширай түскен. Мәселен, 2019 жыдың алты айында 16 қылмыстық, 134 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықтылған. Ал өткен жылы 34 қылмыстық, 377 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, биылғы жыл басынан бері 134 әкімшілік, 16 қылмыстық іс анықталып отыр. Бейне-бақылау камераларындағы жазба 40 тәулікке дейін сақталады.
Мүмкіндігі мол, заманауи құрылғының жұмысымен танысқан облыс әкімі бейне-бақылау жүйесін жетілдіріп, адамдарды бет бейнесінін анықтау, көліктердің мемлекеттік нөмірін тану секілді мүмкіндіктерді іске қосуды тапсырды.
Мұнан соң өңір басшысы «Золотой улей» шаруа қожалығының иесі Сергей Кривобоков құрған «БҚО Ара өсірушілер» ауыл шаруашылығы кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталған кооператив құрамына 40-тан аса ара өсірушілер біріккен. Жәңгірхан атындағы БҚАТУ мен қоян-қолтық жұмыс жүргізуді қолға алған ұжымның жоспары да жүйелі.
Қолға алынған тың бастаманың жұмысын көрген облыс әкімі бал арасын өсіруді дамыта түсуді, құнарлығы мол жергілікті бал өндірісін өркендетуді жүктеп, бұл салаға әрдайым қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Облыс халқын картоп өнімімен қамтып отырған шаруа қожалықтарының бірі - Макаров ауылындағы Тимур Досыпов басшылық ететін «Зенит Агро» ЖШС екені көпке мәлім. Серіктестік құрамындағы «Август» шаруа қожалығы жыл сайын 250 гектар суармалы алқапқа картоп дақылын өсіруде. Қожалық өткен жылы егіс алқабынан төрт мың тоннаға жуық картоп жинаған.
Шаруалардың жұмысымен танысқан облыс әкімі өңір халқын бірінші кезекті керек өніммен толықтай қамту үшін қажетті дақылдар егілетін егіс көлемін ұлғайтуды, шағын қожалықтар бірігіп, өндірістік кооператив құруды тапсырды.
Махамбет ауылында болған өңір басшысы «Шоңайбеков» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жиырма жылдан астам уақыт егін салып, қазақтың ақбас сиырын бағып отырған іргелі шаруашылықтың жоспары да мығым.
- Биылғы жыл шаруашылық үшін қолайлы болғалы тұр. Көбіктер мен көлтабандарға су қоры мол жиналды. Табиғи шабындықтарға су шықты. Суармалы мал азығын алқабында да ылғал мол. Мал басы жыл сайын артып, шаруамыз дөңгеленіп келеді. Малға қажетті құдықты да соғып алдық. Ел Президентінің өткен жылдың бірінші қыркүйегінде жариялаған Жолдауында айтылған жұмыс беруші есебінен қызметкерді баспанамен қамту бағдарламасына да қатысуды жоспарлап қойдық. Тап айтарлықтай түйіткіл жоқ. Тек қожалықта қызмет етуге ниеттілердің қатары жыл санап кеміп барады. Егістікте жұмыс жасайтын механизаторлар, қарапайым жұмысшылар табу қиын. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыратын уақыт жеткен сыңайлы, - дейді қожалық басшысы Сергей Шоңайбеков.
Қожалықтың жұмысымен таныстан өңір басшысы облыс әкімдігі тарапынан қолдау танытатынын мәлімдеп, шаруашылық басшысына мал азығы мен құрама жем дайындау ісіне көп көңіл бөлу керектігін айтты .
Мұнан соң облыс басшысы Шалғай ауылдық округіндегі Чамчиян су қоймасы бөгетінің қазіргі жағдайын көрді.
Тоқсаныншы жылдары қараусыз қалып, әбден кеуіп кеткен су қоймасын ретке келтіріп, бұзылған су қақпаларын жөндеуге қомақты ақша бөлген инвестор өткен жылы табылған еді. Уақтылы жасалған жұмыстың нәтижесінде биыл тоғанға мол су қоры жиналған. Жалпы 20 миллион текше метр су ұстауға қауқарлы су қоймасына осы күні 7-8 миллион текше метр су жиналған.
Қойманы жөндеп жатқан «Асфа» ЖШС-нің мамандары жиналған суды биыл сақтап қалуды көздеп отыр. Инвестор су қоймасындағы тіршілік нәрін сақтап қалуды ғана емес, балық шаруашылығын дамытуды да қолға алуға ниетті. Ол үшін мөңке, тұқы, қалық тұқы сияқты балық шабақтарын жіберуді де қолға алмақ.
Аудан аумағында 30-дан астам тоған бар екенін айтқан аудан әкімі Марат Тоқжанов су ұстап қалу жұмыстары биыл ойдағыдай жүргенін де атап өтті. Соның арқасында округтердегі тоғандардың біразы суға толыпты. Тек Егіндібұлақ және Зеленый ауылындағы жағдай мәз емес екен.
- Тозығы жеткен тоғандардың қалпына келтірілгені жақсы. Десе де, суды орнымен пайдалану керек. Бар суды айналадағы алқаптарды суғаруға пайдаланған дұрыс. Сонымен қатар тоған аумағын да кеңейтуді ойластырған жөн, - деді Ғ.Есқалиев.
Аудан орталығына барар жолда облыс әкімі Переметный-Вечный автожолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын жолдың өткен жылы 13 шақырымы аяқталған. Биыл қалғаны жөнделетін болады.
- Өткен жылы ауданда 80 шақырымнан астам жол салынды. Былтырғы қолға алынған сегіз жобаның бесеуі аяқталған болса, үшеуі биылға қалды. Мичурин және Асан ауылдарындағы ауылішілік жолдар мен Переметный-Вечный тас жолының 11 шақырымы жөнделуде. Алғашқы екеуі жақын арада аяқталуы тиіс, - деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.
Мұрат Дүйсенұлының айтуынша, биыл Январцев ауылына кіретін сегіз, Погодаев ауылына кіретін 4,8, Железнов ауылына кіретін үш, Трекинге кіретін екі, Чувашка ауылына кіретін 8, Чировқа барар 13, Макаров ауылына апаратын 12 шақырым және Переметный мен Белес ауылын қосатын жолды жөндеуге ақша бөлінуде. Одан бөлек Егіндібұлақ, Жайық, Махамбет, Мичурин, Октябрь, Мичурин ауылына қарасты Жером ауданы, Раздольное және Калининскийдағы ауылішілік жолдарына қаражат бөлінсе, жұмыс басталмақшы.
Ауданда атқарылып жатқан игі істерге қаныққан облыс әкімі басталған жобалардың сәтті жүзеге асуын тілеп, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress