11.05.2021, 10:15
Оқылды: 38

Жеңіс рухы жетелеген

Сырым Қосмағанбетов Шыңғырлау ауданынан майданға аттанып, 1941 жылы Орынбор облысында әскери оқу-жаттығу курсын аяқтап, 1942 жылы наурыз айында Сакмар ауданынан майданға алынады. «Брянск, Курск бағыттарында майданға кіріп, жаумен кескілескен қанды қырғында, әсіресе Шолохов селосын жаудан азат етердегі оқиғаны ерекше әңгімелеп беретін-ді», - дейді көзі көргендер.

 Космаганбетов1

Кішкене орыс деревнясы болса да екі жақта беріспей, ұзақ соғысыпты. Жаудың күші біздің Кеңес әскерімен пара-пар болып, талай жауынгеріміз осы ұрыста жер жастаныпты. Алғаш көрген қанды қырғын болғандықтан осы оқиғаны көпке дейін жадына сақтапты. Қасындағы мерт болған, бірге соғысқан жауынгер достарына деген аяныш, қимастық сезімі, жауға деген ыза-кекпен ауысып отырыпты. Қиян-кескі ұрыстардан аман-есен шыққан сайын туған жерге деген сағыныш, Жеңіске деген ұмтылыс та үдей беріпті.

Қыстың қақаған аязында мұз үстінде көз іліндіріп, талай мыңдаған шақырымды жаяу жүріп өтіпті. Жау бекінісін бұзарда, ойларындағы тек жеңіске жетсек деген арман-ой олардың қандай қиындықты да жеңіп отыруына, бойларына күш қосып, жігерлерін жасытпауға жетелепті.

Сырым ата сараң айтатын бір естеліктерінде, немістерді түре қуып отырып, жаудың Беренбург, Оденбург, Атислебен қалаларына да барып жетіпті. Қолына қару ұстаған жауынгер көбіне-көп машина жүргізіп, оқ-қаруды жеткізуші, жауынгер мен командирлерін тасушы болыпты. Себебі соғысқа алынардағы әскери билетінде негізгі азаматтық қызметі – шофер деп жазылған. Әскери билетіндегі тағы бір жазбада: «676 атқыштар полкінің құрамында» деп көрсетілген.

Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

 

Айсұлу Амангелдіқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале