14.05.2021, 9:56
Оқылды: 75

Еліне еңбек сіңірген ер

Социалистік Еңбек Ері Айтжан Сүндетов  – менің әкемнің туыс ағасы. Ол 1894 жылы Азғыр өңірінде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте жетім қалып, жастайынан Азғыр, Басқұншақ тұз  өндіру кәсіпорындарында еңбек еткен. Елі  ардақтаған ер  Балым шешеймен бірге ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешсе де, оларға перзент сүю бақыты бұйырмапты. 1930-1952 жылдары Орда ауданына қарасты Ноғайбай ауылдық кеңесінің Коминтерн  ұжымшарында жылқышы болған  атамыз 100 биеден сонша құлын алып, ерен еңбекқорлығымен  көпке танылған. Халық  шаруашылығын өрге  бастырудағы  қажырлы да табанды еңбегі, өлшеусіз төгілген маңдай тері еш  кетпей, 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атанған.  

E9603FE4-6BD6-49DF-86A3-713217BFFBA8

Біз есейген кезде атамыз Жәнібек ауданы Жетібай ауылдық кеңесінің Жамбыл ұжымшарына қарасты Кідібай қыстағында тұрды. Бұл жер Нарын құмы мен Аралсордың ортасында орналасқан ну қамысты, шөбі шүйгін, құдығының суы мол және аң-құсы көп елді мекен-ді. Ал Айтжан ата асқан еңбекқорлығымен, асқақ адамгершілігімен, сөзге шеберлігімен және жанжомарттығымен көптің есінде қалған адам. Жыл-он екі ай үйінен қонақ арылмайтын. Шаңырағына арнайы келген үлкен-кішіге қойын сойып, ескінің есті әңгімесін айтып, көңілдерін жайландырып жіберетін. Әрі ол кісі өте балажан болды. Бірінде әкеме келіп, мені өз атына жаздыруды сұрапты. Әкем: «Өзі жалғыз бала ғой, Айтақа» деп өтінішін мақұлдай алмаған көрінеді. Мұның бәрін кейін білдік қой. Бірақ мен екі үй арасын жалғап, ортақ бала болып өстім. Мына суретті мен әскерге аттанарда  сол атамның қалауы бойынша түскен едік.  Ол кісі сонда  көзіне жас алып: «Сен келгенше, балам-ау, мен қай сапарда болармын?!», – деп еді. Мен әскерден келетін жылы дүние салды.

Иә, бүгінде өткен күндер сағынышқа айналды. Кішкентай кезімнен жазғы демалысқа шыққан бойда мені алып кететін-ді. Ертеңнен кешке дейін бір тыным таппайтын, жарықтық! Атамнан қол орақпен шөп шауып, оны маялауды, құдық қазып, қауғамен су тартуды, ат ерттеу мен арбаға жегуді, мал сойып, мылтық оқтауды, бәрін-бәрін үйрендік қой. Қыста төлге жылы болу үшін шағырдан шеген аула тұрғызатынбыз. Енді Балым шешемнің тамаққа шеберлігі, ісмерлігі және өте тазалығы көзкөргендер аузында әлі айтылып жүр. Үйден қымыз-шұбат, құрт-ірімшік, қаймақ-май еш үзілмейтін. Күзде құмаршық қақса, жаз кезінде етті қақтап, кебежеде сақтайтын еді. Сосын тоқыма тоқып, күзем жүннен киіз бастырып, оюлы текемет ойыстыратын.  

Атамның аңшылық кәсібі бөлек әңгіме... Мініс аттары мен екі құмай тазысын ерекше күтетін. Түлкі, қарсақ, қоян аулап, кейде қасқырға да шығып, олардың  терісін «Қызыл қабақтағы» тері алушы Бақыт апайға тапсырып, одан астық, шай-секер, мата алып қайтатын. Атамның болмыс-бітімі де өзгеге ұқсамаушы еді. Бойы ұзын, сақал-мұрты жарасқан, келбетті адам болды. Жазда үнемі ақ көйлек киіп, көзіне қара көзілдірік тағып, ат үстінде не арбада жүрсе де, қол шатырын қолынан тастамайтын. Ауылдастары оны алыстан танып, «Герой қарт» келе жатыр дейтін.  Үйден ұзап шығатын болса, мойнына дүрбісін асып, термосқа айран-шалабын құйып алатын еді.

1960 жылы әкем кемпір-шалды азын-аулақ малымен Бисен ауылына жақын орналасқан Ақкемпір елді мекеніне көшіріп  алды. Сол маңда Минаж, Сисенәлі, Отарбай, Рамазан, Мамажар, Еділбай есімді қариялар тұрды. Үй-жайлары бір-бірінен қашық болмағандықтан, олар жиі қатынасып, өткен-кеткенді айтып, әңгіме-дүкен құрушы еді. Жаз кезінде екіаяқ арбамен, қыста шанамен қыдыратын. Мен атамдарда болған кезде қонаққа бірге ілесіп барып, үлкендердің қызықты әңгімелерін тыңдаушы едім. Ол кездің адамдары бөлек қой... оны толық жеткізуге менің тілім жетпейді.

Кейін әбден жастары ұлғайғасын ата-әжем Бисенге көшіп келіп, бізбен бірге тұрды. Әке-шешем оларды бағып-қағып, атамды 1973 жылы, шешемді 1978 жылы соңғы сапарға шығарып салды.

Өмір-өзен өз арнасынан жаңылмай, алға асып барады. Осындай нар тұлғалардың көзін көріп, тәрбиесін алған біздің қатардың өзі жетпістен асты. Заман өзгеріп, ұрпақ жаңарды. Сондықтан Социалистік Еңбек Ері Айтжан Сүндетовтің есімін ел есінде қайта жаңғыртып, өз естелігіммен бөлісуді жөн көрдім. Мұны әрі өзімнің перзенттік борышым және ата алдындағы парызым деп ұғындым. Бар саналы ғұмыры өткен туған өлкесі – Орда жерінде де есімі ұлықталып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Атам қазақтың «Ел – ерімен көрікті» деген қанатты сөзі тегін  айтылды деймісіз?!  

 Баубек Теміров,

Орал қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале