Жәнібек ауданы Тау ауылдық округі аумағында киіктердің өлексесі табылды. Дала жануарлары өлі күйде ойпаңда бірқатарда жатқан.
- Алдыңғы күні аудан аумағында қатты найзағай соғып, нөсер болды. Сол күннен кейін 372 киіктің өлі денесі табылды. Бірден құзырлы органдарға хабарладық. Аудан әкімі Азамат Сафималиев те келіп көрді. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аймақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Өлекселердің табиғатқа зияны келмесін деп көміп тастадық. Бұған 20-ға жуық адам, біраз техника жұмылдырылды, - дейді Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов.
Ветеринарлар өлі жануарлардан қосымша сынамалар алды. Бүгінде сынамалар сараптамаға жіберілді. Мамандардың айтуынша, киіктердің найзағайдан зардап шегуі ықтимал.
Ә.Садық,
Жәнібек ауданы