Жақында Бәйтерек ауданы Приурал аймақтық жергілікті полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция майоры Нұргүл Биссалиевамен кездесіп, зорлық-зомбылықтың құрбандары – әйелдерге көрсетілетін қатыгездіктің шегі бар ма, әйелге жасалатын әлімжеттік жалғаса бере ме деген сауалдар төңірегінде ой өрбіткен болатынбыз.
Кез келген қыз бала тұрмысқа шыққанда арқа сүйер тірегім, өмірлік жолымдағы қорғанымды таптым деп қуанады. Аттаған ақ босағам уақыт өте келе ұрпағыммен көктеп, бақытты боламын деп үміттенеді. Соңғы кездері сарапшылардың пайымдауынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын қазақ әйелдерінің үлес салмағы өзге ұлт өкілдеріне қарағанда анағұрлым көбейген. Ал олардың әрбір бесіншісі бұл төңіректе әңгіме қозғап, сауалдарға жауап беруден бас тартады екен.
Маман психологтар мұның себебін қазақ әйелдерінің бойындағы жұмсақтық, көнгіштік мінезінен деп түсіндіреді. Сондай-ақ балаларды әкесіз қалдырғысы да келмейді. Ал отбасы жайында ата-анасына шағым айтса, олар «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жанжалды жасыруға тырысады екен. Ауылдық жерлердегі әлімжеттік көрген әйелдердің учаскелік полицияға жазылған арыздары, негізінен, екі тарапты татуластырумен шешіледі. Тығырыққа тіреліп, барар жер, басар тауы қалмаған әйел амалсыз жуан жұдырық жұбайымен татуласуға мәжбүр болады. Бірақ одан кейін де есірген еркек озбырлығын тоқтатпайды. Керісінше үдете түседі. Әйел неғұрлым қорлыққа көнген сайын соғұрлым зорлық-зомбылыққа ұшырай беретінін айтады мамандар.
Сарапшы отбасындағы озбырлық аз қамтылған, күнкөрісі төмен жанұяларда жиі орын алатынын айтады. Оның үстіне мұндай отбасында зорлық көргендер полицияға сирек шағымданады екен.
Төрткүл дүниені жайлаған індет қоғамдағы осыған дейін байқалмай келген біраз сорақылықтардың бетін ашқан. Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық та өрши түсіпті. Ауданның Приурал аймағында жыл басынан бері зорлық көрген нәзік жандылар тарапынан 56 арыз түссе, 6 шағымданушы арызын кері қайтарып алыпты.
-Бұл түйткілді шешу үшін учаскелік инспектормен бірлесіп, ауылдарға барып, түсінік жұмыстарын жүргізіп, әлімжеттіктің құрбанына айналмауына барымызша жағдай жасап жатырмыз. Мәселен, Мичурин, Достық, Макаров, Сұлукөл округтері мен Озерный ауылында жәбір көрген әйелдермен қоса жасөспірімдердің отбасыларымен жүргізген жұмыс оң нәтиже берді,-дейді Н.Биссалиева.
Психологтардың айтқандарына сенсек, зорлық-зомбылық белең алған ортада отбасын сақтап қалу қауіпті екен. Мұндай жағдайлардың соңы ерлі-зайыптылардың бірінің не болмаса баланың өліміне алып келетін көрінеді. Сондықтан теперіш көретін әйелдер іс насырға шаппай тұрғанда "асхана боксшысынан" басын арашалап алғаны жөн.
Біз қазір зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Адамның қадір-қасиетін бағалау, құқығына, жеке өміріне қол сұқпау, өзгені азаптамау, зорлық-зомбылық, қатыгездік жасамау, жәбір көрсетпеу, жазаламау керек деген тұрғыдағы сөздерді жиі естиміз. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша сипат алғаны өкінішті. Сондықтан әйелдің, ана құқығының заң жүзінде қорғалмауы әйел мен еркектің қарым-қатынасына, отбасында өсіп келе жатқан балалардың, түптеп келгенде тұтас бір ұлттың болашағына зардабын тигізетіндігін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Қайтсек те, осы түйткілді мәселенің жолын тыямыз деген тұрғыда Мемлекет Басшысының биыл 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сай, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністердің штат саны тиесілік нормасына дейін жеткізілді. Оның үстіне «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң негізінен отбасын сақтап қалуға және алдын ала сауықтыру шараларына басымдық береді. Сондықтан қорлық көріп жүрсе де, іштен тынып, тағдырына мойынсұнып жүрген нәзік жандыларымыздың жанашыры болайық, ағайын!
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz