Халықаралық музейлер күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен музей бөлімдерінде «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты мәдени шаралар өтті. Биыл БҚО тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 185 жыл толады. Осыған орай облысымыздың бас музейінде офлайн және онлайн форматында салтанатты жиын өтіп, оған музей ардагерлері, музейдің қазіргі қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауымды облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов музей күні мерекесімен құттықтады. Ол еліміз, облысымыз үшін биыл тарихи даталарға толы жыл екендігіне тоқталып, соның ішінде үстіміздегі жылы Тәуелсіздігімізге 30, облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 185, сондай-ақ Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың құрылғанына 150 жыл және үш жүзге ән оздырған Мұхит бабамыздың туғанына 180, күйшілер Сейтек Оразалыұлы атамыз бен Дина анамыздың туғанына 160 жыл толатынын баян етті.
– Бұйыртса, осы мерейлі даталарды атап өту, мерекелік шаралар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Тәуелсіздік бізге ата-бабаларымыздың төккен қаны, жанкешті ерлігінің арқасында келді. Тәуелсіздігімізді нық ұстап, келер ұрпаққа аманаттау – қастерлі борышымыз. Ал музейдің өзі де егемендікпен сабақтаса байланысып жатыр. Музей – тұнып тұрған тарих. Бұл жерді Ақжайық өңірінің шежіресі, ұлтымыздың құндылықтары, халқымыздың салт-дәстүрлері мен тарихы жинақталған көне жәдігерлер ордасы деп айтамыз. Осы жәдігерлерді де көздің қарашығындай сақтап, болашақ жастардың санасына жеткізудегі музей қызметкерлерінің еңбегін айрықша құрметпен атап өтеміз, - деді Сайран Темірғалиұлы өз сөзінде.
Салтанатты жиын барысында музейде бұрын қызмет атқарған ардагерлерге гүл шоқтары ұсынылып, музей қызметкерлерінің үлкен бір тобына облыс әкімінің және облыстық мәдениет басқармасы басшысының алғыс хаттары табыс етілді.
Музей қызметкерлерінің дәстүрлі мерекесімен құттықтап, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өлкетанушы, музей ардагері Сара Танабаева, республикалық кәсіподақ ұйымының атынан мәдениет ардагері Айдар Батырханов сөз сөйледі.
Бұдан соң жұртшылық еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 жыл – 30 құндылық», облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 185 жыл толуына арналған «Музей – тарих, музей – тағылым» және күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына арналған «Күй өнерінің қос дүлдүлі» атты көрмелердің салтанатты ашылуын тамашалады.
Мұғалім Өтей,
zhaikpress