Бүгін Халықаралық музей күніне орай, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қазақ филологиясы бөлімінің магистранттары «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері» сабағында музейге саяхат жасап қайтты. Магистрант жастар бұл жолы Қаратөбе өңірінде, Алаштың сиезі өткен киелі жерде жаңадан бой көтерген, Алаш арыстарына және өлкетанушы, журналист Қайыржан Хасановтың мұрасына арналған Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейімен онлайн байланыс орнатып, музей тарихымен, онда жинақталған рухани мұрамен танысты.

Алаш және Қайыржан Хасанов залынан, Төлеген Иманғазиев атындағы мәжіліс залы мен үлкен көрме, шығармашылық залынан тұратын музей ішіне Қаратөбе аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің әкімгері Айгөлек Андирова виртуалды шолу жасады.
Виртуалды шолу музейдің кіре берісіндегі «Тарихы бар ел ғана тарих жасай алады» деген ақын Жұбан Молдағалиевтің сөздері мен көрермендерді музейдің негізін қалаушы Ержан және Нұржан Қайыржанұлы Хасановтардың «Мәңгілік тәуелсіз елді мұрат тұтқан Алаш арыстарының сиезі өткен киелі жерде іргетасы қаланған бұл музей Алаш мұрасын насихаттайтын, Қаратөбе өңірінің тарихын түгендеп, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдырған Қайыржан Хасановтың еңбектерін жинақтаған тарихи орын болады деген сеніммен туған елге, Алаш ұрпағына арнаған сыйымыз» деген тілегінен бастады.
Магистранттарымыз тарапынан Алаш залында Алаш зиялылары, соның ішінде Күнбатыс Алашорда туралы деректермен танысып, ортада тұрған ескі «мерседес» автомобиль макетіне қызығушылық танытып, сұрақтарын қойды. Кезінде Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (КОМУЧ) Алашорда үкіметімен саяси және әскери одақ құрып, Алаш әскеріне көмек көрсеткен. Бұлар Батыс Алашордаға арнайы екі «Мерседес» автокөлігін берген. Ел ішінде сол екі машинаның біреуіне Батыс Алашорда құжаттарын тиеп, үлкен киіздерге жылқы майын жағып, машинаны соған орап көмген деген аңыз бар. Сол кездегі Батыс Алашорда өкілдері мінген «Мерседес» автокөлігінің макетіне қатысты осы кеште де ой қозғалды. Себебі магистранттарымыз тарихи деректен бұрын С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романымен таныс екендіктерін білдірсе, романдағы «Қаратөбе съезі» аталатын бөлімде екі автомобиль туралы айтылғанын тілге тиек етіп, неліктен макеттің мерседес автөкөлігі таңдалып алынғандығына қызығушылық білдірсе, енді бірі Күнбатыс алаш қайраткерлерінің қазіргі таңда зерттелмей жатқан, қарастырылмай жатқан тұлғалардың мұрасына қатысты сұрақтарын қойды. Музей қорында ұлттық әдебиеттанудың негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновқа қатысты да қандай құнды құжаттар, мәліметтермен таныса алатындығын сұрап өтті.
Музей сабағы тікелей әдебиетке қатысты болғандықтан, осы музей қорындағы С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы нұсқасында айтылған «Қаратөбе сьезі» туралы бөлімнің көшірмесі таныстырылғанда, магистранттар романның кейінгі басылымдарымен жете таныс екендігін және осы романда айтылған Алаш тақырыбына қатысты біраз ақпараттарымен бөлісті.
Музей экспонатындағы «Қаратөбе сиезі» өткен мешіттің макетімен танысып, бұл макетті жасауда нақты деректер яғни үйдің сыртқы пішіні мен төбе биікігі сақталған үйдің техникалық құжаттарын арнайы тауып, сыртқы өлшемдеріне сондай тың деректерді қолданылғаны туралы айтылды. Бұл макеттің ерекшелігі, терезесінен үңілгенде, сол кезде өткен Қаратөбе сиезінен көріністі онлайн түрде де тамашалап, тыңдай алды.
Қайыржан Хасанов залы туралы тыңдағанда, жазушы, өлкетанушы журналист Қайыржан Хасановтың өмірбаяны мен еңбек жолдарымен танысты. Осы залдағы Қайыржан Хасановтың журналистік, өлкетанушылық зерттеулерінің ізімен жасалған Қаратөбенің киелі жерлерінің интерактивті AR-картасы арқылы Мұхит Мералыұлы зираты, Дәуқара батыр қорымы, Қаратау би кесенесі, Ұзақ күйші кесенесі және тағы да басқа киелі жерлер туралы материалдармен танысты.
Музей сабағына арнайы қатысқан, Ұлттық музейдің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов Алаш мұрасы тақырыбының қашанда өзекті екендігін айтып өтіп, музей экспонаттарын толықтыруға қатысты ғылыми-әдістемелік жағынан өз ұсыныстарын да білдірді.
Нұржан Хасанов, Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінің негізін қалаушылардың бірі:
- Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі тек
Қаратөбе өңірі емес, Батыс Қазақстан облысына, қала берді, республикамызға арнайы сыйлық ретінде киелі жерде салынған музей. Бұл музей тек тарихымызды түгендеп қана қоймай, келген қонақтарымызды рухани байытып, жанға азық алатын мекенге айналып келе жатқанына қуаныштымыз. «Алаш қайраткерлерінің қазақ халқына жасаған еңбегі қандай зор болса, олардың еңбектерін замандастарымызға, келешек ұрпаққа дәріптеу біздің сондай парызымыз» деген әкеміз Қайыржан Хасановтың тәрбиесінің бір нәтижесі осы музей болып табылады. Бүгінгі кездесуде музейдің кейбір қызықты заманауи жәдігерлерінің тарихын ашуға тырыстым. Атаулы мереке қарсаңында әдебиет сабағында музеймен онлайн байланыс орнатқан Махамбет университетінің магистранттары мен арнайы қатысқан олардың оқушыларына, ұлттық музейден қонақ боп қатысқан Саялбек Махамбетұлына, шараны ұйымдастырған Рита Бекжанқызына және музейге виртуалды шолу жасаған Айгөлек Әділханқызына өзімнің және әулетіміздің атынан алғыс айтамын. Сонымен қатар ұлттық музейдің ғалым хатшысы Саялбек Махамбетұлының айтқан Алаш мұрасына қатысты жәдігерлер жинау туралы ұсынысы өте орынды деп есептеймін.
Жарқынай Харисова, М.Өтемісов атындағы БҚУ магистранты:
- Бүгінгі сабақ Халықаралық музей күніне арналды. Бұл сабақта Алаш қайраткерлері, соның ішінде Күнбатыс Алаш қайраткерлері туралы Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінен біраз ақпараттар алдық. Көкейде туындаған сұрақтарымызды қойып, білімімізді толықтыра түстік. Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” романын талдай отыра, романдағы тарихи деректер мен музей экспонатындағы романда қозғалған Алаш қайраткерлері, сонымен қатар өткен съезд туралы да ақпараттарды салыстырдық. Өлкетану, тарих, мәдениеттану, әдебиеттану салаларын қамтыған пәнаралық байланысты қамтыған, тың деректерге толы сабақ болды деп ойлаймын.
Азамат Бақи, М.Өтемісов атындағы БҚУ магистранты:
-«Әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты кезекті сабағымыз Халықаралық музей күні мерекесімен қоса, келе жатқан 31 мамыр – Қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне орайластырылып өткізіліп отыр. Қаратөбе ауданында ашылған Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейімен танысып, музейге онлайн саяхат жасадық. Сондықтан да бұл сабаққа һәм рухани кешке тек өзім ғана қатыспай, оқушыларымды да қатыстырғанды жөн көрдім. Алаш өкілдері – ұлтымыздың болмысын бір сілкіндірген, тыңнан түрен салған аса ірі буын екені һақ. Сол бір алып бәйтеректің тамыры біздің өлкемізбен тығыз байланысты екені де тарихтан белгілі. Күнбатыс алашордалықтардың ізі мен үні қалған тағы бір өлке Қаратөбе болса, сол өлкеден осыншалықты бай, берері мол мұражайдың ашылуы заңдылық.
Кездесуге Азамат Бақи өзі білім беретін Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылының Дина Нұрпейісова атындағы мектептің, Қыдырқожа Маратов Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылының Боранқұл орта мектебінің, Анар Жұмағалиева Орал қаласындағы №3 орыс мектебінің оқушыларымен қатысты.
Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры