Қазақ тілі өте бай, шұрайлы әрі тұнық тіл екендігін мен ең әуелі әжемнің әңгіме, ертегісі мен әсем әуенінен таныдым. Кішкентай бола тұра бала жүрегім сұлу сөзге бұрып тұратын. Әжем естілердің тағылымға толы әңгімелерін тыңдату үшін жанына ертіп алатын. "Құйма құлақ болғайсың" деуші еді... Есейе келе журнал, кітап оқып әдебиетке қызығушылығым одан сайын артты. Сол жылдарда көгілдір экраннан да айтыс үзілмейтін. Үйдегі барша ағайын жиналып тамашалайтынбыз. Тосыннан тауып сөйлейтін ақындардың жыр-толғаулары сөз қадірін түсінуіме ықпал етті. Мектептегі мұғалімдерім де қиялыма қанат бітіріп, әдемі сөзге келгенде кілт тоқтап, теріп жүрген маған қолдау білдіріп, үміт артқан болатын. Сол сеніммен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын игеруге қадам бастым. Серікқали Шарабасов кураторым болатындығын білгендегі сезімімді жеткізе алмаспын.
Студенттік шақта ұстаздардың дәрістерін қалт жібермей тыңдап, қаламгер, жазушылардың шығармаларымен етене таныс болдық. Әсіресе ағайымыз С.Шарабасовтың пәні ерекше есте қалды. Ол кісі өзінің рухани ұстазы тұтқан З.Қабдоловты аузынан тастамайтын. Ал З.Қабдоловтың рухани ұстаз-тұлғасы М.Әуезов екендігін "Менің Әуезовімнен" оқып білдік. "Сөз өнерін" жанына серік еткен, "Әдебиет - ардың ісі" деген қағиданы ұстанатын ұстазым бір дәрісінде Қабдоловтың шығармаларының ішінен "Жайық қызының" шығу тарихын айтып берді. "Мен Рамазан Стамғазиевті тым тәуір көруші едім. Бірақ ол сұмпайы менің көңілімді қалдырды" деп бастады әңгімесін. Алдыңғы партада отырған мен "ағайдың көңілін күпті қылған не нәрсе екен" деген сұраулы жүзмен жалт қарадым. Ағай аздаған кідірістен кейін "Әннің сөзін алмастырып, "Шіркін-ай, ойда жоқта болдың да кез, Жайықтан бір қыз көрдім қарақат көз. Асыққан жолаушы екен, амалым не, Қалдым-ау ести алмай бір ауыз сөз..." деп басталатын әннің бірінші шумағындағы "балықшы екен" деген сөзді "жолаушы екен" деп алмастырған екен. Бірақ ол жай ғана жолаушы емес, сол кездің еңбек адамы - балықшы туралы. Түптеп келгенде сүйген жары Сәуле апайға арналған ән ғой. Олай бұрмалауға болмайды, ұят қайда?!." деп ауыр күрсініп еді. Содан кейін есте қалуы үшін әуенімен шырқап, бәрімізді ойландырып қойды. Иәә, мен сол сәттен бастап ойланып сөйлеуді, кісіге іспен ғана емес, сөзбен де, сөзін бұрмалап та қиянат жасамау керектігін ұғындым...
Тағы бір отырыста ағай: "Сендер ғимарат салып жатқан жоқсыңдар, мүсін қашап жатқан жоқсыңдар. Сендер адамның ізгі іргетасын қалайсыңдар. Сендерден қате кетсе, қоғамнан қате кетеді" деп еді. Ағайдың осы сөзі санамда ойып тұрып орын алуда. Себебі тіл маманы бола тұра кейінгі толқынға сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ана тіліміздің жауһарларын жеткізе алмасам, көңіліне тоқыта алмасам, ұстаздығым қайсы?.. "Тіл өнері - дертпен тең" деп Абай бабамыз да салмақты ой айтып кеткен ғой. Тіл мәселесін дәл бүгінгі дәуірдің дерті деп білемін...
"...Тіл дегенде тебірен" деп Қадыр ақын айтқандай, баба қанымен қонып, ана сүтімен дарыған, тектілігіміздің айғағы болған, тамыры тереңге байланып, қарашығымыздай қоритын ана тіліміз - дара тіліміз туралы көп айтуға болады. "Шешеннің сөзі - шебердің бізі" дегендей, сөзбен сурет салып өрнек-әшекейлі, кестелі, әдемі дүниені бізге тұтас мұра қылып қалдырған ата-бабаларымыздың даналықтарына, тілінен май тамызған, бітіспес дауды бір сөзбен тоқтатқан шешендік қырларына қалайша таңданбассың. Қазақ атамыз адамның өзін білу үшін алдымен сөзін саралаған екен. Рухани байлыққа аса ұқыпты, тиянақты қарағандығы бала дүниеге келгенінен көрініс береді. Шыр етіп, дүниеге келген сәбиге әдемі тілек төгіп, бата береді. Бесік жырымен тербетіп, өсе келе батырлар жырына қанықтырады. Ертегілермен қиял әлемін аралатып, өлең-жырлармен рухын қуаттаған. Осы дәстүр қазір де жалғасын тауып, ұмыт қалмаса, ана тіліміз де тұғырдан түспесі анық. Себебі "Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді" деп Ғ.Мүсірепов айтып кеткен екен. Келешек көңілінде ұлттық үн қалу үшін, ана тілде хатталғанды жаттау басты парыз деп санаймын.
Құндыз Қадырбаева,
Жаңақала ауданы