20.05.2021, 17:33
Оқылды: 122

Газет - қоғамның жаршысы

Қоғамда сан түрлі ақпарат құралдары қызмет етіп келді. Олардың қатарында газеттің алар орны ерекше. Ұзақ жылдар халық пен биліктің арасында алтын көпір, қоғамның жаршысы болған да – газет. Алайда сол парақтағы деректің орнын заманауи ақпарат құралдары кейінге ысырып отырғандығы өкінішті. Көкейде сан сауал бар. Бірақ оған сай жауап та күрделі. Қысқа қайырғанда бұл да күрмеулі мәселе.

801C7598-4B5A-42E8-B071-7421F9FD0D9B

Қазақ қоғамында газет тарихы сонау «Түркістан уалаятынан» бастау алады. Кейіннен «Бірлік туы», «Қазақ газеті», «Дала», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік», «Еңбекші қазақ», «Қазақ мұңы», «Мұғалім», «Кедей сөзі», «Ұшқын», «Известия Киргизского края» сынды газеттер ХХ ғасырдың басындағы қазақ тауқыметін жырласа, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Ара», «Балдырған» секілді басылымдар өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы тұрмыс-тіршілікті баяндап отырды. Ал қазіргі уақытта "сен тұр, мен атайын" деген газеттердің саны кеміп келеді. Себебі ақпарат тарату көзі – ғаламтор мен әлеуметтік желі.

Иә, заманымыздың боямасыз шындығы осы. Қоғам парақталған газеттен гөрі түрлі сайттар мен әлеуметтік желілердегі ақпараттарға құлақ түретін болды. Салдарынан газеттің қоғамдағы орны кейінге ысырылып қала берді. Десек те газет – тастағы жазбалардың, хандық жарғылардың замандық үлгісі, мұрагері. Ондағы ақпаратты ешкім де, ештеңе де өзгерте алмайды. Ол өзіндегі ақпаратты халыққа жеткізе отырып, өзімен бірге әкетеді. Газеттің бір ерекшелігі осы. Ақпарат арнасы кеңейіп, ағысы үдей түсті. Шындық пен жалған бір арнаға тоғысты. Көненің көзі дейтұғын қарияларымыздың да газетке қарап емес, техниканың тілі арқылы мәлімет алып отырғандығына куә болып отырмыз. Бұл да ғасырдың бір дерті іспеттес.

Газет жайлы сөз қозғасақ есімізге «Қазақ», «Айқап» сынды басылымдар түсетіні анық. Ашық дереккөздер арқылы «Қазақ» газетінің №1 санында жарық көрген мына бір үндеуге көзіміз түсті.

«Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас. Әуелі газет – халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртіншісі, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі.Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, солғұрлым газет-журналдары көп»

Осы бір үндеудің қазіргі қоғамда да маңызы зор деп білеміз. Себебі газет халықты емес, халық газетті іздеуі керек. Халқымыздың ізденісінің артуының нәтижесінде газеттің оқырмандары да, таралымы да еселеніп, редакция ұжымына тың серпіліс берері сөзсіз. Бұл бір ғана мәселе.

Ақпарат нөпірі қалыптасқан заманда ««Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ақпарат заманындағы газеттің алатын орны қандай?! Газет кім үшін, не үшін шығады?» деген сұрақтар төңірегінде талас-тартыс көп. Бірі газет тек мемлекеттік тапсырыстың күшімен отыр дегенді негізге алса, енді бір топ газетті оқитұғын оқырмандар бар екендігін, әлі де болса сұранысы артып отырғандығын алға тартып жүр. Газет қоғам үшін, сананың артуы мен ақпараттың дәлдігі үшін, оқырман үшін керек. Ал мемлекеттік тапсырыспен де ғұмыры ұзақ болып, таралымы едәуір артып отырған басылымдар бар. Басылым жайлы сөз қозғағанда шетелдік ақпарат құралдарын мысалға келтірер едік. Мәселен, АҚШ-тың «New York Times» газеті 1851 жылдан бері өз қызметін жалғастырып келеді. Сыры неде? Бұл күнделікті шығып тұратын газет таң бозарып атқан сәтінен әр шаңырақтың үйінде, қызметтік кеңселерден өзіне лайықты орын тауып тұрады. Америкалықтар бұл басылымға өздері жазылып, тіпті дүкендер желісінен сатып алып жатады. Себебі олардың өмірінде газеттің алатын орны мен ақпараттың маңыздылығы ерекше сипатқа ие. Олар қай салада болмасын шәкірт тәрбиелегенде басылымдардың ерекшелігі мен маңыздылығын ұғындырып, ертеңгі газеттен қажетті ақпаратты күтіп отырады. Осы тұста қазақ қоғамы неге газетті керек қылмайды деп қынжылатындығымыз бар. Оның сырын әлдекімдер кәсіби мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірсе, келесі бірі парақтың ізін техниканың жалғап отырғандығымен түйіндеп берді. Газеттің қоғам үшін қажет екендігін біз былай жіктедік:

Біріншіден, қазіргі электронды БАҚ-да, тіпті жазылушылары көп сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларындағы жазбалардан тілдік нормаға сай келмейтұғын тіркестерді кездестіріп жатамыз. Оның ар жағында ақпаратты жедел тарату мен пиардың иісі аңқып тұр. Бұл өз кезегінде тілдің шұбарлануына әкеліп соғады. Ал газеттің ішкі асханасында бір мақаланың өзі бірнеше рет туралып, сұрыпталып, көзге әдемі жазба емес, нақты, дәйекті ақпарат ретінде жарық көреді. Басты ерекшелігі осында.

Екіншіден, смартфондар мен компьютерлердің кәдеге жарайтұғынынан зиянды жақтары басым. Мамандар да осыны ескеріп, дабыл қағуда. Сондықтан байланыс құралдарын қажетті уақытында ғана пайдаланғанымыз жөн. Әсіресе балаларымыздың техникаға әуес болмауының алдын алып, заман талабы деп жұбанбай, кітап, газет оқумен тәрбиелегеніміз жөн. Бұған қазақтың ментелитеті де сай келеді. Таңсық дүние емес.

Үшіншіден, газет оқырманымен тығыз байланыста болады. Толассыз келіп түскен хаттар да сүзгіден өтіп, өз уақытында жарияланып отырады. Бұл да болса оқырманға газеттің әлі де болса керектігін ұғындырып отыр. Газеттің басты күші - ойлы оқырман. Сол себепті ойыңызды, айтарыңызды үнпарақ арқылы да жеткізгеніңіз абзал.

Төртіншіден, газет – мұра, аманат. Өткен ғасырлардан бергі ірі басылымдардың сарқыншағы бүгінгі газет-журналдар. Біз қазақ көзін ашқан зиялылардың рухани мұрасына ие болып, оны кейінгі ұрпаққа жалғаушымыз. Ал аманатқа қиянат жасау болмысымызда, қанымызда жоқ дүние.

Бұлар - тек біздің пікір. Оны қабылдау немесе қабылдамау оқырманның еншісінде. Ақпараттық гезет, не болмаса қоғамдық-саяси басылым болсын қоғам үшін маңызы зор. Өйткені қағаз басылымда оқырманның ойы айтылады, жазылады, сақталады. Алаштың көзін ашқан, зейінін арттырған Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген басылым атаулыны кейінгі ұрпаққа насихаттау, мұра қылып қалдыру біздің және оқырманның қолында. Газет ешқашан өлмейді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале