Әр адамның өмір жолы тағдыр деп аталар тіршілік иірімімен астасып жататыны шындық. «Мәңгі өмір жоқ, мәнді өмір ғана бар» дегендей, кей адамның жүріп өткен өмір жолы - ертеңгі ұрпақ үшін мұра. Сондай құрметке лайық азаматтың бірі - еңбек ардагері, Қазақ КССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ауданның құрметті азаматы, марқұм Марседен Қожахметұлы Қисанов жайында қалам тербеуді жөн көрдік. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, осынау қарапайым көрінгенімен артына мәнді ғұмыр қалдыра білген ақсақалды тасқалалықтар ұмытпақ емес.
Жалпы, ауданның мемлекеттік архивінде ҰОС ардагерлерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, білім,құқық қорғау органдары мен ауданның ауыл шаруашылығы өкілдерінің жеке тектік қорлары сақталады. Марседен атаның да жеке құжаттары мен өмірбаян, мемлекеттік марапаттарын қызы Зүльфия әкеп табыстаған болатын. Бұл кісінің мұрағат қоры өзінің мазмұндылығымен өте қызықты.
Ол 1941 жылдың 15-ші мамырында Тасқала (Камен) ауданы, Карл Маркс атындағы колхоздың Кулаков ауылында дүниеге келген. Ол еңбекпен даңққа бөленген ер боп ел есінде қалды. Карл Маркс атындағы колхозда жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын осы ауылдан бастайды. Кейін № 13 Зеленов ауылындағы ауылшаруашылық училищесін бітіріп, механизатор мамандығын алады. Кіндік қаны тамып, балалық шағы өткен жерде трактор рөліне отырып, қырда еңбек көрігін қыздырады. 1963 жылдан 1966 жылға дейін Кишинев қаласы мен Кубада Кеңес әскері қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери борышын өтеп жүріп, Рауль Кастроның бұйрығымен «Ерен қызметі үшін» Құрмет грамотасын иеленеді. Әскерден оралған соң туған ауылына келіп, бел шешпей еңбек етеді. «Красный Маяк» колхозында механизатор болып қырманда таңнан кешке дейін қажырлы еңбегімен көрінеді. Еңбекке шынайы берілген азамат Социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, ауыл шаруашылығының озаты атанып, Қазақстан Компартиясы облыстық және аудандық комитеттің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Еңбек майданында төккен тері зая кетпей, 1982 жылдың 28-ші желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Мұндай үлкен марапатқа ие болу үшін қаншалық еңбек пен сол жұмысына деген адалдық қажет десеңізші?!
Әрине, жұмысына деген мінсіз махаббаты мен жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізгені лайықты бағаланып, Марседен Қожахметұлы «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Ленинннің туғанына -100 жыл», «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдарын да өңіріне қадайды. Еңбек майталманы қарапайым болмысымен нағыз ел-жұртының сый-құрметіне бөленді. 1982 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Абыройы биік азамат 2015 жылдың 13 мамырында мәңгілік мекеннен тұрақ тапты. Асыл жары Тұрсын апай жан-жарынан бұрын 2007 жылы өмірден өтті. 1967 жылы отау құрған бұл әулетте екі ұл, екі қыз жарық дүние есігін ашты. Бір ұлы ертерек тірлік тінін үзіп, қабырғаны қайыстырар ауыр қайғы әкелгенімен, соңында қалған ұл-қыздары аман-сау тірлік-арбаларын өздері сүйреп жүріп жатыр. Осынау дала төсінде комбайн, трактор айдап, алтын бидай алқабын толтыруға үлес қосқан қадірлі жанның өлшеусіз еңбегі мен жоғары адами қасиеті ауылдастар есінде мәңгі сақталады. Ардагер ата аман-сау болғанда мерейлі 80 жасқа толар ма еді. Тағдыр ісіне не шара?! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, еңбек майталманы.
Лаура Сабырова,
Тасқала аудандық архиві қызметкері