Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні БҚО кәріс этно-мәдени бірлестігінің өкілдері мен қала тұрғындары кеншілер гүлзарына жиналды. Жұртшылық алдында Орал қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Жақсығали Жұмабай бұл датаның мәні мен маңызына тоқталды.
–1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Қай халықтың болмасын, басынан өтпеген зұлмат кемде-кем. Сол жылдардағы тоталитарлық саясаттың машинасы жасаған зорлық-зомбылық барлық алапаттан да асып түсті. Сондықтан бұл датаны аза тұту күні ретінде атап өту - бізге, яғни жас ұрпаққа парыз. Өйткені өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ,- деді ол.
Бұдан кейін сөз сөйлеген БҚО кәріс этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Бэла Тю сталиндік репрессия жылдары миллиондаған кеңес адамдарының ішінде кәріс халқының да зардап шеккенін айтты. – Сол кезде кәрістер қазақ жерінен қорғаныш тапты. Ата-бабаларымыздың аман-сау қалуына қазақтардың көмегі өте көп болды. Сол үшін жаны жұмсақ, мейірбан да қонақжай қазақ халқына деген ризашылығымыз шексіз,- деді Бэла Владимировна.
БҚО кәріс этно-мәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Владимир Хон өз сөзінде Кеңес одағындағы жазықсыз халықтарды заңсыз репрессияға ұшырату кәрістерді де айналып өтпегенін айтып, өзінің тума-туысқандарынан естіген сол зұлмат жылдардың оқиғасын жиналғандарға баян етті.
– Кәрістер - репрессия қиындығына алғаш іліккен ұлттардың бірі. Бұл 1937 жылғы қыркүйекте болған еді. Біздің ата-бабаларымызды жапондардың шпионы санап, Қиыр Шығыстан 175 мың кәрісті Қазақстанға жер аударды. Ата-аналарымыз ежелден қоныстанған мекенжайын иесіз қалдырып, жөпілдемеде өздерін зорлықпен сүйреп әкелген эшелонға кішкентай балаларымен бірге мал сияқты тиеліп отырды. Қиыр Шығыстан Қазақстанның Орал қаласына дейін 9 мың шақырымның үстінде жол жүрді. Жолшыбай қиындықтардың бәрін көрді, азабына төзді. Қыркүйекте жолға шыққан олар Оралға қарашада бір-ақ келді. Қақаған суықта тұратын арнайы жер болмағасын мал қорасын, іші-сырты дұрыс жөнделмеген уақытша мекенжайды пана қылуға тура келді. Бұның өзі күннің қатты суығында маң даладан жерді қазып ықтасын жасағандармен салыстырғанда ханның халіндей болатын. Олар сол жерді қыстап шықты. Жартысы даладағы жер үйлерінде суықтан, аштықтан қаза тапты. Осынау қиын шақта жергілікті тұрғындар кәрістерге қолдарынан келген көмегін аямады. Қолдарындағы соңғы азық-түлігімен бөлісті. Соның арқасында кәріс халқының басым көпшілігі зобалаңнан аман қалды. Осында жиналып тұрған жастар бұл қасіретті қашанда естерінде сақтауға тиіс,- деді Владимир Николаевич сөзінің соңында. Еске алу шарасында Орал қаласындағы мектептердің оқушылары қазақ ақындарының сол зұлмат жылдарға арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жиын соңында кәрістердің қазақ халқына шексіз алғысының белгісі ретінде орнатқан ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz