ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1997 жылдан бері 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып аталып өтіледі.
Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Елімізде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан. 1930 жылдары аштан өлген қазақтар саны 2 миллион 287 мыңға жеткен екен. Саяси қуғын көріп, қорлықпен қаза болғандарға келсек, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 118 мың адам репрессияға ұшыраған. Оның 25 мыңнан астамы атылған. Кеңес одағы бойынша 1930 жылдан 1953 жылға дейін саяси пиғылмен 3 миллион 778 мың 254 адам сотталған. Оның 786 мың 98-і ату жазасына кесілді. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жапа шеккен отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған 340 мыңнан астам азамат ақталды.
Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау – парызымыз. Осы мақсатта Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №4 кітапхана-филиалы №48 мектеп оқушыларының қатысумен «Ызғарлы жылдар жаңғырығы» атты тарихи сағатын өткізді.
Н. Сариева,
№4 кітапхана филиалының меңгерушісі