Бір күні бір күніне ұқсамайтын ауылдың қайнап жатқан тірлігін көріп көңілің тояды. Жақсылықтың жаршысы болып жүрген басылым беттерінен аудан көлемінде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде оқып жүрген шығарсыздар, оқырман! Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытумен қатар жеміс-жидек ағаштарын отырғызуды да ауыл тұрғындары биылдан бастап мықтап қолға алды. Тасқала ауданы бойынша соңғы екі-үш жылдан бері дәстүрлі түрде ауыл шарушылығы жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Оның ішінде тауықтар мен қаз-үйректің балапандары ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен сатылуда. Тіпті ағымдағы жылы жеміс-жидек ағаштарының жәрмеңкесі де алғаш рет аудан орталығында ұйымдастырылып, тұрғындарға жеткізілді. Яғни жерлестеріміз күнкөрістің қай-қай түріне де қызығушылық танытып жатқандығын байқатты. Бұл жерде көктем мен күзге дейінгі аралықта өткізілетін жәрмеңкенің ауыл халқы үшін маңызы зор екендігі айқын көрініс табуда. Өмір болғасын ағы мен қарасы қатар жүретіндігі заңдылық.
Бірақ бір мәселе бар
Құс асырап, ауласына жеміс ағаштарын отырғызып жатқан ауыл тұрғындары сусарлардың (куница) қырғидай тиісіп жатқандығы жөнінде хабар алдық. Яғни сусарлар біреудің қорада тұрған құстарын қырып кетсе, енді біреудің ауласындағы жеміс ағаштарының бұталарын кеміріп, ақыр аяғында оның жеміс бермеуіне әкеліп соқтырып жатқан көрінеді. Тұрғындардың қолына алған шаруашылығына зиянын келтіріп жатқан аталмыш жыртқыштардың жуық арада көзін жоймаса, алдағы уақытта мәселе ушығып кетуі әбден мүмкін. Жалпы сусарлар дегеніміз не? Олар немен қоректенеді және нендей зияны бар? Осы тұрғыда интернет желісінен ақпарат іздеп көргенбіз. Онда былай дейді: Сусарлардың денесінің ұзындығы 50 см дейін, тіпті кейбіреулері 80 см жетеді. Құйрығының ұзындығы 34 пен 44 сантиметрдің аралығында. Түсі көбінесе құба қоңыр және коңыр болып келеді. Олардың кеуде тұсында ақ дағы бар. Негізінен сусарлар Еуразия мен Солтүстік Американың орманды аймақтарында көптеп таралған. ТМД-да төрт түрі кездеседі. Олар: бұлғын, орман сусары, тас сусары және харза. Жыртқыштар және кейбір жағдайларда өсімдік жегіштер болып бөлінеді. Тері өңдеумен айналысатындар үшін таптырмайтын тіршілік иесі. Бағалы аңдар қатарында.
Сусар тәрізділер – жыртқыштар тұқымдастары. Денесі ұзын, икемді, аяқтары қысқа, бес саусақты, бірақ тырнақтары көзге көріне қоймайды. Көпшілігі толық немесе жартылай өкшесінен басатындар. Кейбір түрлерінің саусақтарының аралығы жүзу жарғағымен байланысқан. Теңіз кәмшатының артқы аяқтары жүзу ескегіне айналған. Жүні қалың, үлпілдек болса, өзге де көптеген түрлерінің жүні түбіттенген. Көпшілігі бір жылда екі рет түлейді. Жақсы жетілген аналық бездері күшті иісті зат бөліп шығарады. Олардың 64 түрі және 24 туысы белгілі. Оларға жататындар: сусар, құну, аққалақ, сасық күзендер, оның ішінде ақкіс, аққалақ, сарыкүзен, еуропалық және американдық су күзендері, сасық күзендер, борсықтар болып бөлінеді. Тарбаған кәмшаты және теңіз кәмшаты бар. Олардың басым бөлігі Аустралия мен Антарктидадан басқа барлық жерде таралған. ТМД-да сегіз туыстың 16 түрі кездеседі. Олар жерде, суда және ағаштарда тіршілік етеді. Көпшілігі моногамдар және жылына бір рет 1-ден 18-ге дейін бала табады. Ет жегіштігімен ерекшеленеді. Өте бағалы терілі тіршілік иесіне жатады.
Сусардан қалай құтыламыз?
– Жалпы, сусар жөнінде айтар болсақ, мәселе баршылық. Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – осы сусарлармен күрес. Қазіргі таңда сусардың үй құстары мен жеміс-жидек ағаштарына келтіретін зияны жетіп артылады. Олар көбінесе түнгі мезгілде жүреді. Және олар көгілдір отын тартылған тұрбалардың бойымен жағалай жүріп жемтігін аңдиды. Сусардың күзендерден бір айырмашылығы, күзендер қора мен аулалардың іргесін қазып кірсе, ал сусарлар көбінесе төбеден түседі. Яғни өздері сондай әдіске бейімделген. Сосын тауық, үйрек және қаздарды әуелі өлтіріп кетеді. Олар жемтіктерінің етін бірден жемейді. Яғни сусарлар бұзылған (сасыған) етке құмартады. Аудан бойынша Мереке ауылдық округінде сусарлардың аз да болса да бар екендігінен хабардар болдық. Сондай-ақ Тасқала ауылдық округінің аумағында көптеп кездеседі. Бұларды аулаудың өзі оңайға соқпас, дегенмен барынша жұмыстанып жатырмыз. Сусарлардың көзін құртуға арналған у-дәрісін манағы жоғарыда аталған етке немесе өлекселерге араластырып берсе болғаны. Тек олардың нақты ізіне түсу керек. Түн қараңғысында сусарлардың көгілдір отын жүргізілген трубалардың бойымен кетіп бара жатқанын байқаған адамдар да бар. Солардың көмегі арқылы аулауға кірісіп жатырмыз, - дейді аудандық ветстанция директоры Марина Шамшитова. Табиғаттың біз білмейтін сыры көп. Бұған дейін сусарлардың тек атын ғана естісек, енді, міне, олардың немен қоректенетіндігінен ақпарат алып отырмыз.
Осы материалды газет беттеріне дайындау кезінде Тасқала ауданына қарасты барлық ауылдық округ әкімдерінен сусарлар жөнінде сұрастырдық. Олардың көбісі ауылдық жерлерде кездеспегенін айтып өтті. Тек Тасқала ауданының орталығында сусарлардың тайраңдап жүргенінен хабар алғанбыз. Бірақ биылғы жылы жыртқыштардың көзге көрінбейтінін ауылдық округ әкімі Гүлжан Болатқызы атап өтті. Оның көзін құрту үшін жоғарыда айтылған әдісті қолдану керек екен. Алдағы уақытта сусарлардың көзі жойылмаса, ауыл тұрғындарынан маза кетеді. Қолға алған азын-шоғын шаруашылыққа қырғидай тиісетін сусар, күзен секілді жыртқыштардан құтылатын кез жеткен сияқты.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz