7.06.2021, 15:45
Оқылды: 51

Тұрмыс жақсы болу үшін табыс мол болса...

 Биыл сәуір айында «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін бағамдау мақсатында сауалнама жүргізілді. Бұл шара карантин уақытында өткендіктен, санитарлық шаралар қадағаланды. Ауылдардағы және аудан орталығындағы ағайынға мекеме, нысан сыртында, үй алдында сауалнамалар үлестіріліп, жауаптары жинақталды. 8 округ бойынша  әр округтен 20 респондент қатыстырылып, нәтижесінде 160 адамның сауалнама қорытындысы шығарылды. Қорытындыны газет оқырмандары назарына ұсынуды жөн көрдік.

112F68BE-E08A-4B1F-B56E-7B1613FDBFEA

 Бұл сауалнаманың ерекшелігі сонда - оған қатысушылардың дені ер адамдардың болуы қадағаланды. Есеп бойынша, қатысқандардың 79 пайызы отбасылы. Қатысушылардың жанұядағы адамдар саны 1-ден 12-ге дейін деп көрсетілген. Жанұядағы табыс  мөлшері - 15 ден - 108 мың теңге аралығында екен. Табыс мөлшері ең аз тұрғын, демек, жұмыссыз және күнделікті ауылдағы көтерме жұмыстармен айналысушы болар деп топшыладық. Ал 105 мың теңгелік табысты көрсетуші әрине, ұстаз және дәрігер болуы әбден мүмкін. Сауалнама анонимді түрде өткендігін ескерсек, сұрақтардың бәріне де еш боямасыз жауаптар жазылған. Ал  «Тапқан табысыңыздың  азық - түлікке қаншасын жұмсайсыз?» деген сұраққа айына 15 мың (1 ғана адам жауабы ) ғана жұмсайтындармен мен тапқан табысының 60-97 пайызын тек қана тамаққа салатындықтарын айтқан.

  Тұрмыс жақсы болу  үшін сізге не қажет деген сұраққа респонденттердің  100 пайызы - мол табыс көзі қажеттігін көрсеткен. Пандемияның  отбасына әсері туралы жартысынан көбі ешқандай әсері сезілмегенін айтса, қалғаны саны қиындық тудырғанын жазған-(отбасында ауру жұқтырушылар ауырғандар болды дегендер саны - 17 адам)

 Айта кету жөн, вакцинация - екпе егу мәселесі қазір өте өзекті болғандықтан, бұл сұраққа баса назар аударған болатынбыз. 160 адамның сауалнамаға қатысқандарының 62 пайызы қарсылығын жазса, 31 пайызы оң пікірде, қалғаны үнсіз қалуды жөн көрген.

Тағы бір бізді қызықтырған сұрақ бұл - ауылда тұрудың артықшылықтарының бар-жоғы туралы. Сөйтіп, ауылда тұруды, ауылдағы тұрмысты оң бағалап, оны респонденттердің 57 пайызы қолдаса, қалғаны жағдайы немесе жұмысы жоқтығынан «нашар» деп көрсеткен.

 Ал, әйелдің отбасын асырауына қалай қарайсыз сұрағына, күрделі, сонымен қатар, қоғамда талай талас тудырған сұраққа ауылдастарымыздың, соның ішінде ер адамдардың көпшілігі жауап беруден бас тартқан, ал әйелдер жағы «басқа түссе - бағасың» деп жазыпты. Негізінен 60 пайызға жуығы «дұрыс» деп жауап жазған. Демек, әйелдің де отбасын асырауына көпшілік қарсы емес, өркениетті елде өмір сүреміз, оның үстіне «заманына қарай, адамы» деген сөзді еске салғандай...

Қазіргі таңда әйел адамдардың  отбасындағы орны қандай болуы тиіс деген сұраққа көпшілігі «үйде» деп жазған және олардың көпшілігі ер азаматтар. Жанұяны ер адам басқаруы керек деген жауаптар - 87 пайыз, 3 адам ғана «әйелі» деген жауап жазып қойыпты, қалғаны бейтарап.

  Ер адамның отбасындағы беделі туралы, пікірлері туралы сұраққа  «өзіне байланысты» жауабын-49 пайыз берген және «әйелі мен балаларына тиесілі» деген жауап - 37 пайыздан жоғары, 14 пайызы үнсіз қалуды жөн көрген.

Әйелдердің  басшылық қызметте жасауына 78 пайызы «қарсы емеспін», «неге болмасқа, бола берсін» - 13 пайыз десе, қалған пайызы «қарсымын» деген. Ер азамат отбасында абыройлы болуы үшін «мол табыс, психологиялық білім графасының астын 4 пайыз респондент сызса, қалған 96 пайызы «ұлттық тәрбие, білім, бұрынғы кеңестік тәрбие қажет» деп көрсеткен.

Ер адамдардың құқықтары қандай жағдайда бұзылып жүр деген сұраққа ажырасу процесінде деп - 40 пайызы, балаға қатысты мәселеде - 8 пайызы, тұрғын үй кезегінде - 3 пайызы, қалғандары «жиі бұзылады», «ия, бұзылады» немесе сызықша қойып кеткен. Ауданымызда  әйел мен ерлердің құқықтары сақтала ма, теңдік бар немесе жоқ деген сұрақта «ия» жауабы - 51, «жоқ» - 17 пайызы, қалған пайызы жауап бермеген. Қазақи тәрбиелі, салтымызға сай жанұялар көп болуы үшін  не істеу керек  сұрағына баршасы ұрпаққа, балаға жақсы тәрбие беру керек деп жауап берген.

   Ауылдың жағдайы одан да жақсаруы үшін не қажет екендігі туралы  графада ұсыныс, пікірлерін білдіріп, ауылға жағдай туғызу, жол, интернет жұмысын жақсарту туралы - 3 пайыз айтса, 70 пайыздан астамы әйелдер мен ерлердің зейнет жасын азайту жөнінде жазып, өтінген. Ал Алмаз ауылының бір тұрғыны «ауылға банкомат қойса» деп ұсыныс айтыпты.

Мінекей, 160 адамнан жиналған сауалнама нәтижесі осындай. Оған қатысушылардың саны аз болғанымен,  қордаланған талай мәселені тап басып айтқандай дәл көрсетілген. Бұған комментарий жазудың өзі артық. Әсіресе, ауылдағы ағайынның айтарын, мұң-мұқтажын осындай сауалнама нәтижелері көрсетіп беретінін ескерсек, тұрғындар үшін мемлекеттік, медициналық қызмет көрсетудің де сапасын анықтауға әбден мүмкін дегіміз келеді.

                                           Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

   

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале