Кеше өңірімізге жұмыс сапарымен Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева келіп, облыс әкімі Ғали Есқалиевпен бірге Орал қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Олар алдымен шаһардың Зашаған кентіндегі облыстық көпбейінді балалар ауруханасы жанындағы "Қамқорлық" оңалту орталығына барды.
Бұл Оңалту орталығы Елбасының "Қамқорлық" бастамасын іске асыру аясында былтыр желтоқсан айында ашылған болатын. Отандық және шетелдік ең озық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда емдік дене шынықтыру залы, бальнеологиялық, сенсорлық, интерактивті, шунгитті және тұзды бөлмелер, сондай-ақ механотерапия, логопед, психолог және басқа да кабинеттер бар. Орталық жыл сайын нейро-ортопедиялық және церебралды сал ауруымен ауыратын 600 баланы қабылдайды. "Қамқорлық" оңалту орталығынан соңғы бес айда сал ауруына шалдыққан облыстың 225 бүлдіршіні емдеу курсынан өткен. Емдеу курсы 21 күнді құрайды және орталық ай сайын нейро-ортопедиялық бұзылысы бар 50 баланы қабылдайды. Өңірде жалпы ДЦП дерті диагнозы қойылған 0-ден 18 жасқа дейінгі 614 науқас бар екен, оның 433-і мүмкіндігі шектеулі.
Оңалту орталығының меңгерушісі Жадыра Сәрсенғазиеваның айтуынша, орталықтың жалпы ауданы 590 шаршы метрді құрайды.
- Қазір Оңалту орталығында 34 бала ем қабылдап жатыр. Орталықта жылына 600 балаға емдік көмек көрсетеміз. Туабітті тірек-қимыл аппараты бұзылған және басқа да жүйке жүйесінің аурулары бар мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы құрылғылармен жаттығады. Балалар мен жасөспірімдердің барлығында нейро-ортопедиялық патологиясы бар. Яғни сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл қозғалысы шектелген, инсульттан кейін қозғалысы бұзылған балалар. Дәрігерлер оларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеді. Түрлі жаттығулар жасатады. Емдеу курсынан өткен балғындарда оңалу үрдісі жүріп жатыр. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, осындай орталықтың арқасында науқас балалар қоғамға тез бейімделіп, дені сау балалармен бірге қалыпты өмір сүреді. Сондықтан бұл Оңалту орталығының маңызы зор. Біріншіден, балаларға жан-жақты кешенді көмек көрсетіледі. Екіншіден, ата-аналар еліміздің бас қалаларына баратын уақыты мен қаржысын үнемдейді, - деді ол.
Орталықты аралау кезінде Дариға Нұрсұлтанқызы ата-аналармен, балалармен және медициналық қызметкерлермен емен-жарқын тілдесіп, жағдайларын сұрады. Өз кезегінде ата-аналар Оңалту орталығы үшін Тұңғыш Президент қорына алғыстарын білдірді.
– Біз Бәйтерек ауданының Янайкин ауылынан келдік. Ұлым сегіз жаста. Есімі – Еркебұлан. Бұл да Алланың сынағы шығар, тұңғыш ұлым Еркебұлан сал ауруына шалдықты. Бірақ мен мойымаймын. Жыл сайын арнайы ем қабылдап жүрдім. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласына барып, оңалту курсынан өтетін едік. Биыл бірінші рет осы «Қамқорлық» орталығынан ем алудамыз. Ұлыма ем-шаралар ұнауда. Логопед, дефектолог, психологтар жұмыстанып жатыр. Ревматолог, массаж, терапия сынды өте жақсы кешенді ем-шара жүргізіледі. Жыл сайын баламмен Нұр-Сұлтан қаласына бару үшін ұзақ жол жүру шаршататын. Осы орталықтың ашылғанына дән ризамын. Бізге өңірімізден осындай ем алып, оңалту шарасынан өтуге мүмкіндік жасаған Тұңғыш Президент қорына аналық алғысымды білдіремін, - деді Батырғалиева Гүлсезім есімді ата-ана.
Бұл тілекке Оңалту орталығында дертіне шипа тапқан бүлдіршіндердің ата-аналары да қосылды.
- Әр баламен жоғары білімді арнайы маман жұмыс істейді. Олардың ішінде дәрігерлердің кеңестері, механотерапия, емдік дене шынықтыру, сенсорлық және интерактивті бөлмелерде логопедтердің, дефектологтардың, психологтардың, эрготерапевтердің сабақтары, сондай-ақ, минералды сумен емдеу, физиоемдеу және басқа да ем түрлері бар. Соның арқасында көп отбасының ауыртпашылығы азайып, балаларға ем қонып жатыр, - дейді ата-аналар.
«Қамқорлық Қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінованың мәліметінше, бұл орталық – былтыр Елбасының бастамасымен «Қамқорлық» жобасы аясында ашылған сегіз Оңалту орталығының бірі.
- Биыл Нұрсұлтан Назарбаев Қоры осы бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында жинақталған тәжірибені қолдана отырып, оңалту моделін басқа аймақтарға пайдаланбақ. Батыс Қазақстан облысында былтыр бір Оңалту орталығы мен екі инклюзивті кабинет ашылды. Инклюзивті кабинет Орал қалалық №5 ЖОББМ-да және Теректі ауданының Подстепный ауылындағы №1 ЖОББМ базасында ашылған еді. Биыл республика бойынша тағы да 10 Оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр, - деді ол.
Кездесу барысында Дариға Нұрсұлтанқызы балғындарға ем-домның шипа болуын тілеп, ал бүлдіршіндер ақжарма тілегін өлең жолдарымен, періште кейпіндегі сахналық көріністерімен жеткізді.
«Ит-мысыққа да қамқорлық керек»
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Нұрсұлтанқызының өңірімізге жұмыс сапары Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми өндірістік орталығында жалғасты.
Заман талабына сай жасақталған ветеринариялық клиникада алдымен көшеден әкелінген иттерді тіркеп, арнайы базаға салады. Содан соң чип енгізіп, екпе егіліп, зарарсыздандырылады екен. Иттерді отаға дейін ұстайтын жер, отадан кейін жылы бөлме қарастырылған. Ит-мысыққа ота жасайтын кабинетте төрт хирург, бір ассистент жұмыс жасайды. Олар күніне 10-15 ит-мысыққа ота жасап үлгеретін көрінеді.
– Бізге қаңғыбас иттерді Орал қалалық ветеринарлық станса алып келеді. Содан соң біз оларды толық клиникалық зерттеуден өткізіп, зарарсыздандыру, кастрация жұмыстарын жасаймыз. Ит-мысықты зарарсыздандыру әлемдік практикада зерттелді. Біздің ғалымдар жан-жақты тексеріп, осы жоба жасалды. Бұл – өте тиімді жоба. Зарарсыздандыру, кастрация жұмыстары жасалғасын чип арқылы ит-мысықтар үнемі қадағалауда болады. Әрі ауру тарамайды, көбеймейді. Иттерді 5-7 күн ұстағаннан кейін ветеринарлық станса кері алып кетеді, - деді БҚАТУ жанындағы ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институтының директоры Ізімғали Жұбантаев ит-мысыққа да қамқорлық қажет екенін айтып.
«Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми өндірістік орталығының жұмысымен танысқан соң делегация шаһардағы «Отбасы» және «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығына ат басын тіреді. «Отбасы» орталығындағы көпбалалы аналардың қыз-келіншектерді ісмерлікке үйретіп жатырған сәтіне куә болса, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында мүмкіндігі шектеулі жандармен тілдесті. Ой-пікірлерін білді.
«Инклюзивті білімнің арқасында балаларымыз қоғамға бейімделуде»
Бүгінде әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Инклюзивті қолдау кабинеті ерекше білім беруді қажет ететін балалардың жалпы білім беру үдерісіне қатысуға, құрдастарынан қалмай бірге оқуына мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқандай, өңірімізде былтыр екі мектептің базасында инклюзивті қолдау кабинеті ашылған еді. Соның бірі Теректі ауданының Подстепный ауылындағы №1 жалпы орта білім беретін мектепте ашылды. Инклюзивті қолдау сыныбы арнайы жиһаздармен және жабдықтармен, интерактивті тақтамен, Монтессори материалдарымен, дидактикалық құралдармен жабдықталған. Кабинеттер қарапайым сыныпқа ұқсас, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жеке және кіші сыныптарда жұмыс істеуге дағдыланған. Кабинеттер, сондай-ақ балаларды сенсорлық жеңілдету мен мұғалімнің жұмыс орны аймақтарына бөлінген.
ИҚК-да Дариға Нұрсұлтанқызы балалармен, ата-аналарымен, жеке ассистенттерімен (тьюторларымен) танысып, әңгімелесті. Тьютор сүйемелдеуін аутистік спектрі бұзылған әрбір оқушы әдеттегі сыныптағы сабақ кезінде де, инклюзияны қолдау кабинетінде де алады. Ассистенттің негізгі міндеті – балаға мүмкіндігінше өз бетінше өмір сүруге көмектесу. Бала ерекшеліктеріне байланысты ИҚК-да логопедиялық, дефектологиялық сабақтарда жеке түзету жұмыстары жүргізілуде.
- Ұлымның есімі – Ыдырыс Жақсығұлов. Жасы тоғызда. Бұл инклюзивті кабинет былтыр ашылған еді. Содан бері келіп жүрміз. Нәтиже жаман емес. Ұлым әріп үйрене бастады. Өзінен жауапкершіліктің талап ететінін ұғынуда. Қоғамдық ортаға да бейімделуде. Бізге қатарластарымен бірге білім алуға мүмкіндік берген Елбасы қорына және тьюторларға алғыс айтамын, - деді Подстепный ауылының тұрғыны Шолпан Маратқызы.
Дариға Нұрсұлтанқызымен кездесуге келген ерекше білім мен тәрбиені қажет ететін балалардың ата-аналары осы тақылеттес алғыстарын жаудырып жатты.
- Балам аутизм диагнозымен дүниеге келді. Әрине, бұл біз үшін рухани соққы болды. Перзентіңнің аман-сау дүниеге келгеніне не жетсін?! Бірақ біз мойымаймыз. Инклюзивті кабинет ашылмастан бұрын ұлым арнайы түзету сыныбында оқыды. Екінші тоқсаннан бастап осы Подстепный ауылындағы №1 ЖОББМ-ның инклюзивті сыныбына келіп жүр. Қазір ұлымның білім алуға деген құлшыныс артты десем болады. Математикаға қызығушылығы оянып, әріптерді тануда. Жеке жұмысты қажет ететін балаларымызға осындағы тьюторлардың көмегі зор. Мүмкіндігі шектеулі балаларымызға қамқорлық танытып жүрген Елбасы қорына, Елордадан шалғай жатқан өңірімізге арнайы келіп, жағдайымызды біліп жатқан Дариға Нұрсұлтанқызы сізге, осы мектептің ұстаздарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деді Айнұр есімді ана.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz