28.06.2021, 23:50
Оқылды: 43

Сегіз қырлы, бір сырлы еді, Орекең

Оразай Әмірханұлы Әмірханов 1926 жылы 1 шілдеде Орал облысының Жаңақала құмындағы 20-ауылында қарапайым отбасында жарық дүниеге көрінген еді. 1941 жылы Қарша мектебін бітіріп, еңбекке ерте араласады. Әр түрлі салада қызмет етті. 1946 жылы комсомол қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 1948 жылы коммунистік партия мүшесіне өткен. 1951-1955 жылдары Аңқаты асыл тұқымды мал совхозында жұмысшылар комитетінің председателі, 1955-1961 жылдары Чапаев совхозының (қазіргі Шағатай) Қызылжар, Қоғалытүбек фермаларында бухгалтер, агроном болып еңбек етті. 1955-1957 жылдары Орал ауыл шаруашылығы техникумын сырттай оқып бітіреді. 1962 жылы Алматыдағы шаруашылық басқарушы курсында  оқып келіп, Жаңақала ауданының «Жаңаталап» совхозының директоры болып тағайындалады. 1965-1971 жылдар аралығында Фурманов ауданының «Жұлдыз» қой совхозында, 1971-1980 жылдары Ленин атындағы колхозда (қазіргі Шалқар) агроном, селолық советтің председателі, 1980-1986 жылдары Восход астық совхозында (қазіргі Ақсоғым) селолық советтің председателі болып еңбек етіп, зейнетке шығады. Оразай Әмірханұлының еңбектері еленіп, көптеген марапаттарға ие болған. Зейнет жасына шықса да, ел мәселелеріне үнемі араласып, жастарға ақыл-кеңесін айтып, көмегін беруден жалықпаған екен. Өнерден де құралақан болмапты, поэзияны жанындай сүйіпті. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерге үнемі мақалаларымен үн қосып отырған. 

 амирханов оразай (1)222

Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», «Жайық үні», аудандық «Ақжайық» газеттерінің штаттан тыс тілшісі атанып, сол басылымдарда талай тұшымды дүниелері жарияланыпты.

Оразай Әмірханұлы 1993 жылы «Қарттарым, қазынам» атты қариялардың аудандық, облыстық байқауларының жеңімпазы атанған. Жан жары Сәлиямен тату-тәтті ғұмыр кешіп, сегіз ұл-қыз сүйіп, перзенттерін қатарларынан кем қылмай өсірген.

Адамгершілік қадір-қасиетімен еліне елеулі, жүрген жерінде сыйлы ғұмыр кешкен Оразай Әмірханұлы жер басып жүрсе, осы жылдың 1 шілдесінде 95 жасқа толатын еді.

Аяулы ағаның өлеңдерін облыстық «Орал өңірі» газетінің 2021 жылғы 29 маусымдағы №52 санынан оқи аласыздар!

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале