28.06.2021, 23:56
Оқылды: 72

Әкемді айтып толғанамын

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Сөгәлі ауылында 1916 жылы дүниеге келген әкем марқұм Қайрош Ибрашев – Ұлы  Отан соғысының ардагері. Ол екі рет жараланса да, жауынгерлер сапына қайта оралып, Жеңіс күнін жақындатқан жандардың бірі еді.

 әке

Бір күні қолыма Ғалымжан Байдербес ақсақалдың «Ржев шайқасының қаһармандары» деген кітабы тиді. Ондағы айтылған соғыс шындығы, Ржевтегі қанды қасапта шейіт болған жауынгерлердің жайы жағамды ұстатты. Көз жасымды тоқтата алмадым. Қолдарында қаруы не ішетін астары, қақаған қыста киетін жылы киімдері жоқ жас жауынгерлерді ашықтан-ашық өлімге айдаған екен...

Әкемді есімнен шығармай, әр кез дұғама қосып отырамын. Бірақ мына кітапты оқығаннан кейін, әкеме деген сағынышым еселеп артты. Неге екенін білмеймін, ол кісі соғыс туралы айтпауға тырысатын. Біз де балалықпен әкемізден ештеңе сұрамаппыз. Соғыста алған екі жарақаттың салдарынан өмірден ертерек кетті. Әкеміз туралы тым болмаса, бір ауыз сөз жазып, «Еске алу – перзенттік парызымыз емес пе еді?» деген ой мазалады. Құжаттарын ақтарып қарадым.

Соғыс туралы айтқан естелігі қалмағаны өкінішті. Ол кісінің ішінде отадан қалған үлкен тыртықтар болғаны есте. 1944 жылы ақпан айында сол қолына оқ тиіп, госпитальда жатып емделген. Сол жылы шілде айында оң жақ жамбасынан жараланып, ішек-қарнын сүйретіп, госпитальға әрең жетіпті. Бала күнімізде әкемнің ұйықтап жатқанда жастықтан басын жұлып алып: «В атаку! Вперед! Ура!» деп айқайлайтынын еститінбіз. Кейін ол әдетін қойды. Аға сержант Гайрут (Қайрош) Ибрашев 1942 жылдың 22 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған, 1943 жылы қолына тапсырған. Осы құжатқа қарап, әкемнің де қар жамылып, мұз жастанып соғыстың бел ортасында болғанына көзіміз жеткендей.

Әкем сол уақыттағы әр түрлі жағдайларға байланысты болса керек, ата-анасынан ерте айырылып, жетім өскен. Туған әпкесі Ұлдай Сұлтан деген інісі екеуіне бас-көз болып, оқытып, ел қатарына қосқан. Орынбор облысы, Тұзтөбе ауданы, Григорьевка деген жерде тұрған. 1945 жылы қазан айында соғыстан  келген соң балалар үйінде өскен анам Нағимамен сол жақта бас қосқан. Тұңғышы мен 1948 жылы дүниеге келгенмін.

Қ.Ибрашев 1937 жылы Башқұрт АССР-ының Довоняново деген жеріндегі ауыл шаруашылығы техникумында оқып, агроном мамандығын алып шыққан. 1938 жылы әскер қатарына шақырылады. Үш жылдық әскери қызметін өтеп жүргенде, 1941 жылы соғыс басталып, әрі қарай майданға жіберіледі. Әскери билетінен көріп отырғанымыздай, 123-артиллериялық полктің, 105-атқыштар полкінің құрамында ұрыстарға қатысқан.

1954 жылы Орал (Батыс Қазақстан) облысының Қаратөбе ауданы Қоскөл кеңшарына көшіп келдік. Тың игеру жылдары ғой. Әкем агроном болды, қарапайым, өте сабырлы адам еді. Анам екеуі сегіз перзент сүйді. Әкем еккен егін бітік шығатын, бидай да, картоп та, қарбыз да егетін, бізді де еңбекке үйренсін деп жұмсайтын. Сонда жаңбыр суымен-ақ бау-бақша өсе-тұғын, Қаратөбенің жері құнарлы еді. Ол кісі от пен судың ортасынан келген соң ба, бейбіт тірлікте ештеңеге тарылмайтын, қанағаты мол жан еді. Көрші-көлеммен де еккен өнімдерін бөлісіп, бірге жейтінбіз. Бізге «Оқыңдар» дейтін. Оқыдық, маман болдық, өстік-өндік, үмітін ақтауға тырыстық. Қоскөлде мәңгі тыныс тапқан әкемнің басына жылда барып, Құран бағыштаймыз.

 

Қарлыға Қайрошқызы,

зейнеткер,

Ақтөбе қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале