Оңтүстік аудандарда екі-үш жылдан бері қуаңшылық орын алып, даладағы шөптің шығымы өте төмен болды. Оның үстіне киіктің басы да өсіп келеді. Мал баққан шаруалар «Жеріміздегі шөпті киік жеп қойды» деп жанұшыра айқайлап жатқаны да көпке мәлім. Биылғы санақ мәліметі бойынша, ақбөкендердің саны 800 мыңнан асып жығылған. Иә, қай нәрсе де шамасынан тыс көбейсе зиян екені анық. Осы бір қиындықтарды еңсере күресіп келе жатқан оңтүстік аудандар үшін биылғы жыл қолайлы болуда. Қыстағы қардың суы молынан түсіп, көктемдегі жауын-шашын да төгіп салды. Керек десеңіз, жазғы жаңбыр да жаман емес. Мал азығын толық дайындап алуға мүмкіндік туып отыр. Бірақ әр жылдың өз несібесі бар секілді. «Аспаннан қашан жауын жауады немесе шөп шығымы молынан болса?!» деп тілек тілеудің заманы артта қалып бара жатқандай. Ендігі кезекте екпелі шөп егіп, суармалы егістікті жандандыру қажеттілігі туындап отыр. Өңірімізде екпелі, көпжылдық шөптерді егуді бастап жатқан шаруалар да жоқ емес. Осы жерде Бөкей ордасы ауданына қарасты Бөрлі ауылының «Боранбаев» шаруа қожалығының нәтижелі ісін атап айтуға болады. Жуырда Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпановтың ұйымдастыруымен аудандағы шаруа қожалық жетекшілерінің басын қосып, іс-тәжірибе алмасу бағытында «Боранбаев» шаруашылығына барып қайтқан болатын. Біз де сол сапарда бірге болып, біраз нәрсені ойымызға түйіп қайттық.
«Боранбаев» шаруашылығын басқарып отырған Мырзабай Боранбаев бітірген мамандығы химик-биолог екен. Жоғары оқу орнынан кейін мектепте ұстаздық қызмет атқарып, заман талабына сай ауыл шаруашылық саласына ауысқан Мырзабай ағамыз егін егуден де мол тәжірибе жинаған. Облыс орталығына жақын аудандарда жыл сайын егін егіп жүрген азамат былтырғы жылы тәуекелге барып, ауылда екпелі, көпжылдық шөп егуді қолға алған. Сапарымыз барысында Мырзекеңнің ауылдағы егіс алқабына ат басын тіредік. Алдымызда ішінен адам көрінбейтін, теңіздей жайқалған егіс даласының көрінісі. Мұндай әсем де табиғи суретті көріп таңқалысымызды жасыра алмадық. Ішіне кіріп суретке түстік. Расымен адам бойынан асады екен. Аумағы ат шаптырымдай, 600 гектар жердің 225 гектарына судан шөбін, 225 гектарға қарабидай мен бидай шөп (житняк), 50 гектар жерге аралас арпа, эспарцет, түкті шөп (волоснец), тәтті беде (донник) егілген. Шығымын көзбен көргендей. Осындай нәтижелі іспен айналысып жатқан шаруашылық жетекшісі Боранбай ағамызды әңгімеге тарттық.
- Мамандығым химик-биолог болғандықтан өсімдіктер әлемі маған жақын. Сонымен бірге егістік егіп, біраз тәжірибе жинақтадым. Әркез осы салаға арналған кітаптарды да оқып, білімімді толықтырып келемін. Бір сөзбен айтқанда маманданып алдым. Ауылда құрған шаруашылығымызда малдың басы көбейіп келеді. Мал басы артқан сайын мал азығын дайындау қиын болып жатқаны рас. Ойлана келе ауылдан екпелі шөп егеміз деп шештік. «Мырзеке, жауын-шашын жоқ. Айдалаға шөпті қалай егесің? Ол шығады ма?» деген неше алуан сұрақтарды да естідік. Бәрін ысырып, тәуекелге бардық. Өзім де әуел бастан «Бастаған ісім - нәтижелі болады» деген қағиданы ұстанамын. Қай шаруаның да «болады» немесе «болмайды» деген екі таңдауы бар. Егер сіз «боладыны» алып тастасаңыз, бір ғана «болмайды» деген қарапайым формула қалады. Әркез алдыңа мақсат қойып: «Болады» десеңіз, бәрі де жақсы болмақ.
Мен де маманмын ғой алғашында егетін жердің топырағын зерттеп алдым. Негізі біздің өңірдің шабындық, жайылым жерлері жыл сайын азып бара жатыр. Кезіндегідей жайқалған көлдіктердің шөбі құрдымға кеткелі қашан? Біздің өңірлердегі жайылымдарға түбегейлі жақсарту қажет. Жайылымдарды түбегейлі жақсарту – көпжылдық шөптердің және аридтік өсімдіктердің (дақылдардың) шығымдылығы жоғары сорттарын егу арқылы жаңа шалғын өсіру. Жердің топырағын, өсімдік әлемін зерттеп жүрген мамандардың айтуынша, егер жайылымдар мен шабындықтарға ақселеу мен жусан шығатын болса, ол жердің азып бара жатқандығының белгісі екен. Жусан шыққан жерге өзге өсімдік өспейтіні белгілі. Ал екпелі шөп егу арқылы біріншіден, топырақ азотқа байиды, екіншіден, топырақтың құнарлығы артады. Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. Біз еккен егістіктен көпжылдық шөпті үш рет оруға болады. Оған ауа райы қолайлы болуы да тікелей әсер етеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, шүйгін шөпті шауып, буып жатырмыз. Әсіресе судан шөбінің шығымы жаман емес. Əр гектардан 40 центнерден өнім алудамыз. Көп ұзамай екінші орақ саламыз деп жоспарлап отырмыз. Екпелі шөп жыл сайын өнім беруі үшін жылда көктемде егістікте тырмалау жұмыстарын жүргізу керек. Сонда шөптің дәні айналасына шашылып, жылда мол өнім аласыз.
Жарайды, біздің қуаңшыл табиғаты бар, жауын-шашыны аз жерге екпелі шөп ектік делік. Оның шығымды болуы табиғатқа тікелей байланысты. Біздің Бөкей орда жерінде өзен-көлдер жоқтың қасы. Ал Казталов ауданында қос бірдей өзен ағып жатыр. Сол өзеннің іргесінен суармалы егістік егуді қолға алса, нәтижесі бұдан да күшті болмақ. Қазіргі күнде суармалы егістік егетін жаңа технологиялар баршылық. Осы заманауи технологияларды пайдалана отырып, суармалы 100 гетар жерге су ексе – 500 ірі қараның қысқы азығын артығымен дайындап аласыз. Сонымен қатар көпжылдық, екпелі шөп жеген малға жемнің қажеті болмай қалады. Екпелі шөп өнімі қазіргі күнге сай мал бордақылау алаңдарына таптырмайтын азық. Тағы да бір айтатыны, екпелі шөп егуге барлық шаруашылықтардың қалтасы көтермейді. Мұны біз тәжірибе барысында байқадық. Егілетін тұқымның өзі қымбат. Мұнымен қоса егістікті жыртатын, тырмалайтын, дән себетін және шөп оратын техника жоқтың қасы. Біз Кеңес заманынан қалған техниканы пайдаланып отырмыз. Оның өзінің еңбек өнімділігі төмен. Ал еңбек өнімділігі жоғары, шетелдік арнайы техникалардың бағасы қол ұстатпайды. Сол үшін болашақта даладағы егістік жұмыстарымен мемлекеттік деңгейдегі мекемелер құрылып, айналысуы керек. Яғни, шаруалардың сұранысына сай, бағасы тиімді болатын мекемелер құрылса дейміз. Ондай мекеме құру үшін Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет. Сол кезде ғана біз қуаңшылық тығырынан шығып, елімізді ауылшаруашылық өнімдерімен қамти аламыз, - деп тәжірибесімен бөлісті Мырзабай Боранбаев.
Расымен, Мырзекеңнің құмды Орда даласында тәуекелге барып, бастап жатқан шаруасы көпке үлгі болмақ. Ал біздің қос өзенді жағалай мал баққан шаруалар үшін бұл ойланарлық шаруа. Жылма-жыл топырағы азған, құнарсыз жерді айналдырып шаба бергеннен бұрын аз ғана жерді құнарландырып суармалы, көпжылдық шөп еккен дұрыс секілді. Бірақ бәрі ауызға оңай болып көрінгенімен әр істің артында қажырлы еңбектің нәтижесі бар. Бұл әдісті кезіндегі ұжымшарлар мен кеңшарлар заманында да қолданғаны рас. Аталарымыз бен әкелеріміз аянбай тер төгіп, аудан аумағында егінді де, екпелі шөпті де шығарды. Сөзімізді түйіндей келе ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ секілді. Ең бастысы – көпжылдық тәжірибелер мен жаңа заманның озық технологияларын ұштастырып, кәдеге жарату ғана қалды. Сонда ғана ісіміз нәтижелі болмақ. «Үлгіліден үйренген ұтады» деген осы болмақ.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz