3.07.2021, 14:07
Оқылды: 65

Өңір басшысы Сырым ауданына келді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілген аудандық полиция бөлімінің ғимаратымен, жұмыс барысымен танысты. Құны 140,0 млн. теңге тұратын, тергеу изоляторы бар ғимараттың жұмысын аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Әлімбекеров таныстырды.

CD08371C-3C4A-4E26-A750-970917D9EE8A

Аудандық полиция бөлімінде штатта 41 адам болса, 5 бос жұмыс орны иесін күтіп тұр екен. Мекеме меншігінде 10 автокөлік бар.  Кезекші бөлімінде орналасқан аудан орталығындағы бейнебақылау камералары 30 км қашықтықты нысанаға алу мүмкіндігі бар. Бейнебақылау түсірілімдері жадта екі ай мерзімге дейін сақталады. Заманауи тергеу изоляторын көрген облыс әкімі бұрын бұған дейін изолятордағылар қайда ұсталғанын сұрады, оған Е.Әлімбекеров уақытша ұстау изоляторына Теректі, Бөрлі, Ақжайық, Қаратөбе аудандарына тасымалданғанын айтты.  

B54ACA27-6BB2-4E98-B43F-3605D665CCD7

Аудан орталығы Жымпиты ауылында салынып жатқан О.Исаев көшесіндегі жол құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Салынып жатқан жолдың жоба құны 125,2  млн. теңгені құрайды, мердігер – «Астрадор» ЖШС. Жөнделетін жолдың ұзындығы – 1,2 км. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың 31 мамырында басталып, 2021 жылғы 31 тамызда аяқталады. Құрылысқа қажетті материалдар қыс мезгілінде тасып, әкелінген. Жұмыс жасап жатқан 25 құрылысшының 9-ы – аудан тұрғындары. Облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов О.Исаев, Асадуллин көшелерінің жолдарын күрделі жөндеуді облыста көтеріп, қаржы сұраған болатын.

– Қарасу мөлтекауданындағы О.Исаев, Х.Асадуллин көшелерінің жөнделуін көптен бері халық күтіп жүр еді. Былтыр ЖСҚ мерзімі аяқталып қалған соң, облыс әкімінен қаражат бөлуді сұрадым. Қыста қаржы бөлініп, оң шешімін тапты. Асадуллин көшесі жөнделіп болды. Енді үлкен көше Исаев көшесінде құрылыс қарқынды жүргізілуде.  Бұл жақта алдағы уақытта мектеп, балабақша салынады деген жоспар бар,- дейді Ғанимат Қайыржанұлы.

«Орал жолдары» АҚ вице-президенті  Марас Рахимбердин:

–   Қазір барлық инертті материалдар жеткізілді. Жұмыс күші жеткілікті. Жолдың ені 6 метр, ұзындығы 1,2 шақырым. Жол құрамы күрделі, жүк көліктерін де жеңіл көтереді. Жөндеу жұмыстарын екі ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз,- дейді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

C8C87C8F-CA07-49AE-B51F-C8BD9AB79161

Аудандық аурухана күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Бұлан фельдшерлік-акушерлік пункті, Көгеріс  медпункті де – жөндеуге мұқтаж ғимараттар. Аталған денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Бұл жайында өңір басшысына Сырым аудандық ауруханасының бас директоры Роза Тахамбетова таныстырды.

Аудандық аурухана ғимаратына бүгінде күрделі жөндеу қажет. Жоба мемлекеттік сатып алу басқармасына жолданып, жобалық-сметалық құжаттарына 14,6 млн. теңге бөлініп тұр. Қат болып тұрған мәселенің бірі жеделсаты екенін, мемлекеттік маңызы бар жолда орналасқан ауданда жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда үш ауданның тұрғындары біздің ауруханаға түсетінін, ауыр науқастар үшінші қабатқа қолдап көтеру қиындық тудыратынын айтты. Анестезиолог-реаниматолог, педиатр, акушер-гинеколог  мамандары қажеттігін жеткізді. Биыл жоғары оқу орнын тәмамдайтын  бір жалпы тәжірибелік дәрігер ауданға жұмысқа келеді деп күтілуде.  Жиырма жыл болған  8 жедел жәрдем көліктерінің тозығы жетіп отыр.  Апатты жағдайда тұрған Бұлан фельдшерлік-акушерлік пункті мен Көгеріс медпунктінің күрделі жөндеу жұмыстары күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Бұл денсаулық сақтау нысандарына 2,8 млн.-нан 5,6 млн. теңгеге ЖСҚ жасақталды. Мердігер де анықталды, құрылысты «Стройсалтинг» ЖШС жүргізетін болады. Тамыз айында құжаттар дайын болады. 2022-2023 жылы Бұлдырты дәрігерлік амбулаториясы мен Өлеңті фельдшерлік-акушерлік пунктіне жаңа ғимарат салынады деп жоспарлануда.

Жаңаөңір медициналық пунктіне 2019 жылы күрделі жөндеу жүргізілді, алайда ғимаратқа көгілдір отын кіргізілмеген. Ғимарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде болғандықтан, аудан оған бюджеттен қаржы шығара алмайды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Жаңаөңір медициналық пунктіне газ кіргізу мәселесін назарына алды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев одан кейін ауданның кәсіпкерлерімен бас қосты. Ауданға лицей ғимараты мен онда оқитын балалар үшін интернат қажеттігі көптен айтылып келеді. Облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов кей елді мекендерде жабылған мектептердегі оқушылары алдырып, білім сапасын арттырып, түрлі үйірмелерге қатысулары үшін кем дегенде 100 балаға арналған интернат қажеттігін айтты.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берік Жанболсынов:

–   Ауданға бір лицейдің қажеттігі - үнемі есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселе. Жыл сайын дарынды оқушыларымыз облыстағы дарынды балаларға арналған мектептерге түсіп, оқуға ауысып жатыр. 2019 жылы бейімделген ғимаратқа ағымдағы жөндеу жүргізіп, лицейді аштық. 67 оқушы білім алуда. Олар – аудан орталығының оқушылары. Ауылдық округтегі оқушыларға лицейде білім алуға мүмкіндік жоқ. Лицейде оқуға ниетті балалар көп,- деді.

Бұл мәселеге орай облыс әкімі:

–   Аудан орталықтарында, Жымпиты, Бөрлі, Подстепное секілді кенттерде, үлкен ауылдарда мектеп құрылысына қажеттілік бар. Бір мектеп салу үшін 1,8 млрд. теңге қаражат керек. Мектеп, лицейлерді мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салуға болады. Басқа өңірлерде 20-25 мектептен салынып жатыр,- деп сөзін кәсіпкерлерге арнап жалғап:

–   Жеке инвестордың қаражаты есебінен жүргізілетін құрылыс шарттарын түсіндіріп, 300 орындық мектеп және 100 орындық интернат салатын кәсіпкердің мүмкіндіктері туралы айтып өтейін. 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернат құрылысы 1 млрд. теңге қаражатты қажет етеді. Ол үшін 6 пайызбен 7 жылға дейін несие алуға болады. 1 млрд. теңгенің құрылысын салу үшін өздеріңізде соманың 20 пайыз болуы керек. 200-300 млн. теңге ауылдың кәсіпкерлері жинаса, қалған 700 млн. теңгені банктен несие ретінде алуға болады. Мұндай сомадағы жобаның жұмысын үнемділікпен 800 млн. теңгеге де салуға мүмкіндік бар. Сегіз жылдың ішінде сіздердің қаржыларыңызды мемлекет қайтарып тұрады. 300 орындық мектепке бір балаға жыл сайын 280 мыңнан 84 млн. теңгені қайтарасыздар. Инфляция есептеліп, қосылады. Сегіз жылдың ішінде 774 млрд. теңгеңіз өзіңізде болады. Интернаттың бір баласына 355 мың теңге жылына мемлекет қайтарып отырады. Сегіз жылда 322 млн. теңге мемлекет қайтарады. 1 млрд.-тық жобаны 800 млн. теңгеге саласыздар, мемлекет сегіз жылда ол қаржыны 1 млрд. 100 млн. теңге етіп қайырады. Банктің пайызын мемлекет арқылы жабуға болады,- деді

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале