7.07.2021, 18:15
Оқылды: 30

«Қазсушар» – үздік ұжым

ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазанда қабылдаған қаулысына сәйкес 9 шілде Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі күні деп жарияланған. Осы салада еңбек ететін  «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы ұжымы төл мерекені лайықты табыстармен қарсылап отыр. Бұл ұжым «Су саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» үздік деп танылды.

су шар-1

Өңірге келген орталық аппарат өкілдері филиал басшылығына үздік ұжым екенін растайтын құжат пен статуэтка табыстады.

«Қазсушар» РМК  жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қалыбек Құдайберген филиалдың жетістікке жетуіне халықты таза сумен қамтамасыз етуі, шаруашылыққа қажетті суды дұрыс бөліп, су деңгейін өткен жылмен салыстырғанда жоғарылатуы себеп болғанын атап өтті.

- ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазсушар» РМК-ның Батыс Қазақстан филиалы үздік атанды. Барша қызметкерді кәсіби мереке қарсаңында жеткен жетістігімізбен құттықтаймын. Үлкен еңбек арқасында халықты сумен қамтамасыз етіп, жағдайды бақылауда ұстап отырсыздар. Енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен сумен қамтамасыз етілетін елді мекендердің санының артуы негізгі көрсеткіштердің бірі болып саналады, - деді Қалыбек Құдайберген.

су шар

Бұл аталымнан бөлек ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Құрмет грамотасымен,  Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровтың алғысхатымен, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовтың Құрмет грамотасымен марапатталғандар да болды.

Сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, зейнетке шыққан қызметкерлерге шапан жабылды.

- Осындай шара ұйымдастырып, еңбегімізді елеген министр Мағзұм Маратұлына, «Қазсушар» РМК бас директоры Елтай Аралбайұлына ұжым атынан алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел-жұртқа қызмет етіп, биіктен көріне бермекпіз. Шабындыққа, суармалы жерлерге су беріп, халықты да сумен қамтып, сумен қамтылатын елді мекендер санын көбейтіп келеміз, - деді «Қазсушар» РМК БҚФ директоры Нұрболат Жұмағалиев.

Іс-шара барысында «Қазсушар» РМК жергілікті кәсіподақтан коронавирус жұқтырған қызметкерлерге көмек ретінде   сыйақы берілді. Сондай-ақ мектеп табалдырығын енді аттағалы жатқан балалары бар қызметкерлердің отбасыларына да ақшалай көмек көрсетілді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале