13.07.2021, 10:14
Оқылды: 67

Музей мен архивке жаңашылдық керек

Патша заманында 300 жыл, қызыл империя үстемдігінде 70 жылдан астам болған халқымыздың ұлттық санасының жойылмай тәуелсіздікке жетуі - біз үшін зор қуаныш.  

Courrier-therapie-ecrire-des-lettres-pour-se-liberer_imagePanoramique500_220

Дейтұрғанмен 30 жылда «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Әз Тәукенің 7 жарғысына» негізделген заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар және жобалардың болмауы, болса да шалажансар, бізден даму деңгейі төмен елден көшірілген жобалар халық жігерін одан әрі құм жасауда. Облыстық «Орал өңірі» газетінің өткен жылғы 13 желтоқсандағы №100 санында Германиядағы Бонн университетінің шығыстану және Азия зерттеулері факультетінің профессоры РНD докторы, тарихшы қандасымыз Нұрлан Кенжеахметұлының «ХVII-XIX ғасырлардағы қазақ хандығына қатысты Еуропа және Қытай карталары. Тарихи сөздіктер» деп аталатын жобасын ҚР Білім мен ғылым министрлігінің қабылдамағанын айтсақ та жеткілікті.

Рухты оятып, намысты қамшылайтын жобалар болмаса да, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қазбек Құттымұратұлы аспан асты, жер үсті тарихи ескерткіштер мен құлпытастарды сөйлетті. Оны «Жайық-Пресс» ЖШС-ның бұрынғы директоры Жантас Сафиуллин мен «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин моральдық және материалдық жағынан қолдады. Ал Мұратбек қажы одан әрі жандандырып, бірнеше мың тасты сөйлетті. Кейінгі ұрпаққа тарихымызда соны соқпақ салып, үлгі көрсетті. Жазба тарихымызға жаңадан зор үлес қосылды. Мұның өзі тарихымызды түгендеп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, музейлер мен архивтердің жұмысын  жаңаша жандандыруға бағытталған еңбек деуге тұрарлықтай бастама.

Тарихи жазбалар мен жәдігерлерді сақтауға міндетті мемлекеттік архив пен музейге тың көзқарас пен жаңа ережелер қазір өте керек.  Оларда мемлекеттік көзқарас Еуропамен салыстырғанда мүлде жоқ десе де болады. Бұлардың жұмыс жоспары әлі баяғыша. Кеңестік кезеңдегі ұлт республикаларында музей мен архив бар ма, бар деген бағыттан еш өзгерген жоқ. Музейлердегі басшылар айтып көрсеткен санаулы жәдігерлерді «показуха» үшін қояды. Ал мұрағат зейнетке шыққандарға анықтама берумен шектеліп, мекемелер мен ұйымдардан жоспарға сәйкес келген құжаттарды қабылдаудан аспай отыр. Тарихи тұлғалар мен еңбегі елеулі адамдардың заттарын, құжаттары мен фотоларын, марапат қағаздарын және тағы басқаларын сұратып алып сақтау міндетіне жатпайды. Сондықтан олар бұған бас ауыртпайды.

Жаңақалада басталған музей ісі мемлекеттік сұрау болмағандықтан, жарты жолда тоқтап тұр деуге болады. Ең болмағанда, берісі мың жарым жылдық тарихымызды әр қырынан түгендеп, соңғы жылдардағы тарихымызды бір жерге жинақтап, жинайтын уақыт өтіп барады. Бұл мәселеде мемлекеттік жобаларды күтудің қажеті жоқ. Себебі ондай жобалардың болмайтынын, болса да өмірі өте қысқа екендігін бәріміз де білеміз. Уақыт көшінен қалмай, өркениет биігіндегі ел боламыз десек, музей мен архивті жаңаша жасақтауға жергілікті шенеуніктер мен аталған мекемелердің басшылары белсенділік танытып, жаңашылдық көрсетуі керек.

 Айтуған Шарафутдин,

Қисық-Қамыс ауылы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале