Құс шаруашылығы — өзге шаруашылықтарға қарағанда ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Өнімнің қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді.
«Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді» деген Президентіміз өз Жолдауында кәсіпкерлікке ден қойған болатын. Ол үшін тиісті салаларға көптеген гранттар бөліп, микрокредиттік несиелерді ұйымдастыруды тапсырды. Соның аясында жұмыссыздықтың санын азайту көзделген болатын. Бұл тапсырма Тасқала ауданында да тиісінше атқарылып келеді. Атамекен ауылының тұрғыны Гүлжайнар Құспанова 550 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант иеленген. Берілген қаражатқа 200-ден астам құс балапанын сатып алыпты. Бүгінде ол өз ісін өркендету бағытында еңбек етуде.
– Жалпы, құс өсіру – ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі. Өзім құс шаруашылығын неге дамытпасқа деп көп ойланып жүргенмін. Арманым орындалып құс шаруашылығымен айналысып жатырмыз. Алынған қаражатқа 220 бас тауық құсын сатып алдым. Тауық – үй жағдайы үшін пайдалы құс. Өйткені олар көп күй талғамайды. Бұл кәсіппен айналысуыма себепкер болған, оның алдында да құс бағумен айналысып көргенбіз. Құс шаруашылығы тиімді болғасын осы бағытта әрі қарай жұмыстанып жатырмыз. Қыр-сырын жақсы білеміз. Сенімділік күшті болса, адам кез келген істің үдесінен шыға біледі деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы бағытта кеңейтетін жоспарларым да бар, – дейді кәсіпкер. Бүгінде тауық етіне және тұқымына сұраныс мол. Сұранысқа ие құс етінің нарықтағы қымбат бағасы халықтың қалтасын қағатыны ақиқат. Алайда бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – құс шаруашылығын кеңейту. Ал аудан орталығында тұратын тұратын Нұржамал Исмағамбетова 2002 жылдан бастап құс асырауды бастаған. Жыл сайын қаладан немесе аудан орталығында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге қатысып, үйрек, қаз, тауық балапандарын сатып алуда. Алғаш бастаған кезде 40 шақты «пекин» үйрегін сатып алғын.
– Құспен айналыса бастаған кезде басында қиындықтар болды. Алғашында үйрекпен айналысып көрдім. Басында оларды баптау кезінде қиындық тудырғаны рас. Алғашқы жеммен қоректендіре бастаған кезде әлсіздеу болады. Одан соң, кішкене өсе бастағанда оларды шығарып жаямыз. Бағым кезінде жұмысымыз жеңілдей бастайды. Қазіргі таңда бәрін үйреніп, машықтанып алдық. Содан 2011 жылдардан бастап қаз асырауға көштік. Оны асырау үйрек балапандарына қарағанда әлдеқайда оңай екен. Жаңа жылға дейін кәдімгідей өсіп, сойып жеуге жарап қалады. Өскендерін өзіміздің игілігімізге пайдаланамыз, – дейді Нұржамал Исмағамбетова.
Кәсіпкерлердің пікірін білдік. Оңайлықпен ештеңе келмесе де адам баласының жасаған еңбегінің жемісін көретіндігі анық. Тек маңдай терімен еңбектену керек болады. Жаңадан кәсіп бастағандарға аздап қиыншылықтар болуы мүмкін. Ол – заңдылық. Себебі бәрі де уақытпен және тәжірибемен келетіні сөзсіз. Қазіргі таңда аудан бойынша құс шаруашылығының дамуы мен оның қарқыны қалай? Сол жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіровпен пікірлескен едік.
«Құс шаруашылығын біздер 2019 жылдан бастап қолға ала бастадық. Облыс көлемінде көптеген жәрмеңкелер ұйымдастырдық. 2019-2020 жылдар аралығында елу мыңнан астам құс балапандары сатылды. Оның ішінде үйрек, тауық және қаз балапандары бар. Биылдың өзінде алты жәрмеңке ұйымдастырдық. Төртеуі аудан орталығында болса, екеуі Амангелді ауылдық округінде. Қазіргі таңда 10300 құс балапаны сатып алынып отыр. Апта сайын аудан орталығында сол белгіленген орында құс жәрмеңкесін ұйымдастырып, халыққа ұсынамыз. Оны шілде айының ортасына дейін созуды жоспарлап отырмыз. Балапандарға халық арасында сұраныс бар. Ауылдық округ әкімдері ауылдарға шығып құс жәрмеңкесін ұйымдастыруға ниет білдіріп отыр. Аз қамтылған отбасыларға Ізбасар Кенжалиев деген жерлесіміз 1 мың бас үлестірді. Сонымен қатар құс бағытында грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар да ауданымыздан табылады. Қазіргі кезде бес адам осы бағытта грант алып отыр. Орта және шағын кәсіпкерлікті өрістету – мемлекеттің қазіргі талабы. Өйткені осы арқылы халықтың әлеуетін көтеріп, өз мүмкіндіктерінше еңбек етуіне жол ашылады.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер