16.07.2021, 9:50
Оқылды: 132

«Ит иттігін жасады» делік, ал иесінің жауапсыздығын қайда қоямыз?..

Бұрын қорадағы малға қасқыр шабатын еді, қазір үйдегі ит тыным бермей тұр. Таяуда Жымпиты ауылының тұрғыны Ақыл Молдағалиеваның 8 қойын ит тамақтап кеткен. Несиеге алған ақ адал малынан аяқ асты айырылып, ашуға булыққан Ақыл апай аудандық мәслихаттың депутаты Айнагүл Ойшыбаеваға көмек сұрап барған. Осы істің мән-жайын білмек болып халық қалаулысына қоңырау шалдық.

WhatsApp Image 2021-07-16 at 09.48.51

– Жоспарға сай қоғамдық қабылдау өткізген кезде Абай көшесінің бір топ тұрғындарының атынан Ақыл Молдағалиева есімді тұрғын келіп, жанайқайын айтты. Осыдан екі жыл бұрын несиеге алған ауласындағы 8 қойын ит жайратып салған. Сол көшеде тұратын тағы 3 адамның бір-бір қойларын тамақтаған. А.Молдағалиева мәселесін айтып барғанда, ауыл әкімдігі көмек бере алмайтынын мәлімдеген. Сосын аудандық полиция бөліміне арыз жазыпты. Одан не нәтиже шығары әзірге белгісіз. Өз тараптарынан аудандық ветеринарлық станса мамандары «4 иттің көзін жойдық, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады» деп мәлімет беріп отыр. Әрине, айдың-күннің аманында малынан айырылып, шығынды кімнен сұрарын білмеген Ақыл апайдың жағдайын жақсы түсінемін. Жалпы, ауданда қаңғыбас ит мәселесі бұрыннан бар. Жиі көтереміз. Мысалы, осы жылдың 15 сәуірі күні ветеринарлық стансаға депутаттық сауал жолдадым. Күні кеше аудандық полиция бөліміне қаңғыбас иттердің иелерін тауып, жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс хат жібердім. Біз, депутаттар тапсырма, бұйрық беретіндей атқарушы құрылым емеспіз. Тек елдің мұң-мұқтажын тиісті мекемелерге жеткізетін дәнекерміз. Менің ойымша, бұл мәселеде халық пен биліктің біріккен әрекеті керек, ақылдасып, кеңесіп шешу қажет, – деді Айнагүл Мағауияқызы.

Шығын болған малдың иесі Ақыл Молдағалиева осыдан бірер күн бұрын аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауына барған. «Осыдан екі жыл бұрын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 4 млн. теңге несие алып, қой мен ірі қара сатып алғанбыз. Сөйтіп ешкімге алақан жаймай өз тірлігімізді жасап жатырған едік. Бірақ мына қараусыз жүрген иттер қан қақсатып болды. Қабылдауына барғанымда аудан әкімі: «Өлген малға ақшалай өтемақы төлей алмаймыз, басқа берер көмегіміз жоқ, тек қатты қысылсаңдар бір аздап шөп жағынан көмектесуге болады» – деді. Ауылда қаңғыбас иттер өріп жүр. Оларды бір жағына шығару керек емес пе? Ақ адал малымызды бағамыз ба, әлде көшедегі итті бағамыз ба? Не болмаса адамға шапқанын күтеміз бе?», – дейді ашынған мал иесі.

Иә, таяқтың екі ұшы бар. Біздің ойымызша, бұл жердегі басты жауапкершілік ит асыраған адамда. Мынадай жағдайда олар «Менің итім емес» деп басын алып қашатындары жасырын емес. Сондықтан, итті иесіне заңды түрде бекіту, чиптеу, піштіру секілді процедураларды нақты, көпшілікке түсінікті етіп жүргізетін уақыт жетті.

Қаңғыбас итті айтасыз, қаралмаса үйдегі байлаулы ит те қайғы-қасіретке соқтырады. Оған жақында Бәйтерек ауданының Трекин ауылында орын алған қайғылы оқиға дәлел. Ресейден ата-әжесіне қыдырып келген 5 жасар бүлдіршін қыз бір сәтке үлкендер назарынан тыс қалып, байлаулы тұрған итке қабылған. Нәтижесінде күретамыры қиылып, сол жерде жан тапсырған. Ауыл әкімі Мәлік Сейітовтың айтуынша, бұл абайсыздықта болған қайғылы оқиға. «Учаскелік полиция инспекторына шақыру 17.30-да түсті. Өкінішке қарай, бүлдіршінді құтқару мүмкін болмады», – деді ол.

Жоғарыда келтірілген қос оқиға да итке қатысты. Дегенмен, иттің ақыл-есі жоқ. Оған жауапты – адамның өзі. Ендеше, төрт аяқты досымыз қасымызға айналмауы үшін абай болайық, ағайын.

Тоқтар Кенжеғалиев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале