Екпе шөп мал азығының сапасын арттырып қана қоймай, жайылымды түбегейлі жақсартады. Мәселен, бөкейордалық «М. Буранбаев» шаруа қожалығы 500 гектар алқапқа мал азықтық дақылдар екті.
Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын аталмыш шаруашылықта төрт түліктің бәрі бар. Соның ішінде қазақтың ақбас сиыры мен герефорд тұқымдас ірі қараның да игілігін көруде. Жылқыны асылдандырып, жабы тұқымын өсіруде. Белгілі атбегі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтай Зинуллиннің жетекшілігімен жабы тұқымының нарын үлгісін шығару бағытында жұмыстануда. Шаруашылық жетекшісі мал азығы сапалы болуы үшін қосымша егін шаруашылығын да қолға алған.
– Мал шаруашылығымен айналысатындар егіншілікті қатар жүргізбесе, мал өсіру де қиындап тұр. Оған қуаңшылық та, жайылымның тозуы да теріс әсер етуде. Тіпті дала еркесі – киіктер де кесірін тигізуде. Бүгінде егін шаруашылығымен айналысқаныма 20 жылдай болды. Бұрындары Бөкей ордасы ауданында қыс мезгілінде мал бір айдай ғана қолға қарайтын еді. Соңғы бір-екі жылда жайылымға ерте шығып жүр. Алайда далада мал жейтін шөп жоқ. Өйткені күзгі жайылысымызды киік жеп қояды. Осы мәселе өте өзекті екенін баса айтқым келеді. Сондықтан көпжылдық екпе шөп егуге мәжбүрміз. Жайылымды түбегейлі жақсарту үшін сапалы шөптер егуді және жердің құнарлығын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Көпжылдық шөпті «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлековтің кеңесін басшылыққа алып ектік, – деп атап өтті Мырзабай Боранбаев.
Мамандардың айтуынша, екпе шөптен мал шаруашылығына қажет арзан әрі құнарлы жемшөп дайындалады. Көпжылдық бұршақ тұқымдас шөпті астық тұқымдас шөп тұқымдарымен араластырып сепкенде топырақтың құнарлылығы арта түседі. Өйткені екпе шөп топырақ құрылымын жақсартуға, су сіңімділігіне, топырақ арасының желдетілуіне әсер етеді. Әрі кейін осы жерге егілетін дәнді және техникалық дақылдардың өнім-ділігін арттырады. Мәселен, «М. Буранбаев» шаруа қожалығы былтыр 500 гектар жерді жыртып, күзде 250 гектарына қара бидай мен еркекшөп еккен. Қалған жерге көктемде судан егілген. Судан шөбін бір маусымда екі рет, ал ауа райы жаңбырлы болса, үш рет шабуға болады. Аталмыш қожалықта екпе шөп жартылай егін технологиясымен егілуде. Яғни бір қатарға көпжылдық шөп, екінші қатарға дәнді дақылдар егіледі. Көпжылдық шөп күш алып кеткенше, дәнді дақылдардан өнім алынады. Өйткені көпжылдық шөптер өнім алғаннан кейінгі жылы тамырланып, жайқалып өсе бастайды. Шаруашылықта арпамен бірге түйежоңышқа (донник), эспарцет, елек шөп тәрізді қияқ (волоснец ситниковый) секілді көпжылдық шөптер егілген. Түйежоңышқа екіжылдық болса, эспарцет 4-5 жыл өседі. Биыл жаңбырдың уақытында әрі қажет мөлшерде жауғаны шаруаларға да тиімді болып тұр. Мәселен, судан шө-бінен 30 центнерге дейін өнім алуда.
Шаруа айналада жайылатын мал көп болғандықтан, егістікті 10 шақырымдық «электронды бақташымен» қоршап қойған. Алайда бұл «бақташыдан» сиыр-қой қорыққанымен, киіктер оған пысқырып та қарар емес. Өйткені олар топтасып алып, бұзып-жарып өте береді дейді. Ең өзекті мәселе де осы болып отыр. Жалпы, жермен айналы- су – тәуекелге бару деген сөз. Себебі егіншілік ауа райына тәуелді. Маңдай терді төгіп еккен дән жайқалып шыға ма, шықпай ма белгісіз. Ауа райы да жыл сайын құбылады. Алайда күмән-күдікке беріліп, «қолдан ештеңе келмейді» деп отыра беру де шаруаларға тиімсіз. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, жылдағыдай еңбек көрігін қыздыруда.
Қырдың қауырт жұмысына білікті маман-механизаторлар ауадай қажет. Мырзабай Боранбаевтың айтуынша, техника жеткілікті болғанымен, механизаторлар тапшы.
– Облыста механизатор дайындайтын арнаулы оқу орындары болғанмен, тиісінше жабдықталған базалары жоқ. Бұлай деуге жұмысқа келген жас мамандардың қабілет-қарымы себеп болып отыр. Ауыл шаруашылығына қажет су жаңа бір техника 15-16 млн теңге тұрады. Ал оны жүргізе алмайтын «маманға» қалай сеніп тапсырасың?!. Сондықтан кадр дайындағанда оларды шаруашылықтарға қосып, тәжірибе жинатса екен дейміз. Жас маман өндіріске келгенде, трактор айдап, жұмысқа білек сыбанып кірісіп кетуі керек. Алайда қазір жұмысқа келген маманның қасында өзіміз бірге жүреміз. Техниканың тілін үйретіп болғанша, трактор да бүлінеді. Сондай-ақ трактор жүргізудің қыр-сырын әбден үйреніп болғаннан кейін, басқа жұмысқа кетіп қалатындары да бар.
Осы орайда тағы бір мәселеге қатысты ойымды айта кетсем деймін. Бүгінде жайылымдар азып, тозығы жетті. Сол үшін шаруалар экологиялық мәселемен де, жайылымды қалпына келтірумен де айналысып келеді. Негізі, бұлар ғылыми негізделген арнайы бағдарламалар арқылы үкіметтің айналысатын мәселесі ғой. Бірақ бүгінгі шаруа малын баға ма, өнімін сата ма, екпе шөп еге ме, түсініксіз... Шөп егетін агрегаттар 25-30 млн. теңге тұрады. Мысалы, осындай қымбат техникамен бір рет егілген еркекшөп 25-30 жылға азық болады. Ал шаруаға бір жыл ғана егілетін шөп үшін осынша қымбат агрегат сатып алу тиімді емес. Қазір ғой облыс орталығында, аудандарда мониторингпен айналысатын ауыл шаруашылығы бөлімдері бар. Мәселен, оларда 1990 жылдардағыдай машина-трактор стансалары жұмыс істеп, шаруаларға қажет техникаларын жалға беріп отырса, зор көмек болар еді. Шаруалар егінін егіп, жерін игерер еді. Аудандарда жылма-жыл 3-5 мың гектар жер өңделуі мүмкін. Шағын шаруа қожалықтарға тозған жайылымды қайта түлету де оңай емес. Өйткені екпе шөптің тұқымы өте қымбат. Былтыр өңірге тұқым тарататын «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-да еркекшөп тұқымының бір тоннасы 1 млн. теңге болды. Сондықтан екпе шөппен айналысу үшін Үкімет тарапынан кешенді бағдарлама керек деп ойлаймын, – дейді Мырзабай Нұрлыбайұлы. Таяуда «М. Буранбаев» шаруа қожалығына көршілес Казталов ауданынан делегация келіп, ондағы тыныс-тіршілікпен танысқан. Аталмыш қожалық жетекшісі мал, егін шаруашылығын дамыту жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Осылайша қос ауданның аграршылары өзара әріптестік байланысты нығайта түсті.
«Судың да сұрауы бар» дегендей, жомарт Жер-ананың қазынасы шексіз емес. Сондықтан жерге де күтім керек. Әсіресе, жайлаудың шалғыны құлпырып, жазира дала жасыл кілемге оранып жатса, малға ғана емес, жанға да жайлы болар еді.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер