Жәнібек ауданы аумағында соңғы бес жылда, яғни 2015 жылы 26 дала жануының жалпы көлемі 5660 гектар жерді, 2 дала өртінің аумағы 2720 гектарды тып-типыл еткен. 2016 жылы 9 дала жануы тіркеліп, ол 1741 гектар жерді шарпыған. 2017 жылы 32 дала жануы мен 1 дала өрті орын алып, олардың жалпы көлемі тиісінше 10017 және 8572 гектарды құрапты. 2018 жылы 19 дала жануы 2535 гектарды, 2019 жылы 2 дала жануы 48 гектар алқапты жалмаған. Ал 2020 жылы 14 дала жануы 416 гектарды және 4 дала өрті 1934 гектарды қызыл жалынға орапты. Осы көрсеткіштерді салыстырып қарағанда, ең көп дала жануы мен дала өрті 2017 жылы, ең азы 2019 жылы орын алған екен.
-Бұл көрсеткіштер ауданның климаттық ауа райына және жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастырған шараларының нәтижесіне байланысты. Ал 2020 жылы дала жануы мен дала өрттерінің өсуі, ол өткен жылы жауын-шашынның болмауына және ауа райының ыстығы мен желдің жылдамдығының жоғары болуына байланысты орын алды. Сонымен қатар былтыр ауа райы қолайсыз қалыптасса да, 2015, 2017 және 2018 жылдармен салыстырғанда, жану мен өрттердің саны көп болғанымен, көлемі аз. Мұның өзі сайып келгенде, аудан аумағындағы өртке қарсы ерікті құрамалардың дайындығын және олардың құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін көрсетеді. Өткен жылы аудан аумағында орын алған жанулар мен өрттердің нәтижесі бойынша аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 336, 410, 505 және 589-баптарымен 29 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Серік Алтаев.
Оның сөзіне сүйенсек, аудан аумағында жаз мезгілінде, яғни өрт қаупі кезеңінде төтенше жағдайлар мен өрттердің алдын алу мақсатында Жәнібек ауылдық округі аумағында Ресей Федерациясымен шекаралас жерде орналасқан академиялық саябақты дала жанулары мен дала өрттерінен қорғау үшін оның айналасындағы жер жыртылмақшы. Сондай-ақ аудандағы тоғыз ауылдық округте 244 адамнан және 83 бірлік техникадан тұратын өртке қарсы ерікті құрамалар (ӨҚЕҚ) жұмыс жасайды. ӨҚЕҚ 94 дана аспалы өрт сөндіргішпен және шапалақпен қамтылған. Сонымен бірге істен шыққан аспалы өрт сөндіргіштерді жөндеу және қосымша сатып алу жоспарлануда.
-Ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының иелерімен және ауыл шаруашылығы техникалары бар тұлғалармен дала жанулары мен өрттеріне шығу туралы түсінік жұмыстары жүргізілуде, соған қоса шаруа қожалықтарының иелеріне өз жерлеріне минералдандырылған жолақтар жасауға ұсыныстар берілуде. Жақсыбай және Ақоба ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері ашылып, оларға облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан арнайы өрт сөндіру автомашиналары бөлінді. Аудан аумағында орын алатын дала жанулары мен өрттерге жұмылдырылатын күшер мен құралдардың кестесі бекітілді. Жазғы маусымда жанулар мен өрттерді жою үшін аудан бюджетінен қаржы қаралып, жанар-жағармай, азық-түлік, дәрі-дәрмектер алынады. Осы орайда айта кетер жайт, биыл аудан бюджетінің 06 бағдарламасы бойынша – 5 млн. теңге, 07 бағдарламасы бойынша – 3 млн. 570 мың теңге, аудан әкімінің резервінен – 10 млн. теңге қарастырылып отыр. Былтыр өртке қарсы ерікті құрамаларды жарақтандыру мақсатында аудан әкімдігімен МАVIC – 2 квадрокоптері, қосымша (резервке) 6 дана мотопомпа, 9 көлік жуу құрылғысы, 2 дана 5,7 КВт электрогенератор (50 КВт резервте тұр), 40 дана аспалы өрт сөндіргіш, 10 дана суға арналған 500 литрлік бөшке сатып алынды, - деді бөлім бастығы.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылы аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін аудан бюджетінен қаржы қарастыру арқылы штабтық тіркемелі модульді вагон, палаткалар, пештер (буржуйка) калориферлер, радиация өлшеу үшін гаммометр, қайық, шаңғылар және тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алу көзделіп отырған көрінеді. Сонымен бірге осы айда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы техникалары техникалық байқаудан өткізіледі екен.
-Жаз айында өрт қаупі өте күшті. Өрттің шығу себебі сөндірілмеген шылым не сіріңке, механизаторлардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы, тұтануға бейім майланған материалды тастап кету, техника қауіпсіздігін бұзу, көліктің жанында шылым шегуден болуы мүмкін. Сонымен бірге күннің сәулесі мол түсетін жерлерге тастап кеткен шынының сынығы жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөпті тұтандырады. Сондықтан өрт қауіпті кезеңдегі қауіпсіздікке байланысты аудан тұрғындары арасында «Балалардың отпен ойнауынан болатын өрттердің алдын алу туралы», Назар аударыңыз!», «Өртке жол жоқ!», «Табиғатты өрттен қорғайық!», «Автокөліктегі өрттен сақтану жолдары» атты жадынамалар таратылып, мұндай жұмыстар ауылдық округтер әкімдіктері арқылы шаруа қожалықтарында да жүргізілді. Аудандық газетте төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында мақалалар жарияланып тұрады. Сонымен қатар жазғы кезеңде орын алатын дала жанулары мен өрттерін дер кезінде жою мақсатында Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарындағы көршілес аудандардың төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас ұстап отырамыз, - деген Серік Қыдырашұлы жазғы маусымда төтенше жағдайлар мен оқиғалардың алдын алу жөніндегі кейбір іс-шараларға назар аудару қажеттігін де алға тартты, яғни:
-аудандық басқару органдарының азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарын үнемі дайындықта ұстау, олардың жеке құраммен жасақталуын, өртке қарсы ерікті құрамалардың қажетті техникамен, арнайы құрал-саймандармен қамтамасыз етілуін қадағалау;
-әрбір ауылдық округті арнайы техникамен, трактормен, соқамен, аспалы өрт сөндіргішпен және байланыс құралымен жабдықтау;
-аудан аумағындағы табиғи өрттермен және жанулармен күрес жүргізу жұмыстары үйлестіріліп, инженерлік техникалардың, жанар-жағармай материалдарының қорын жабдықтау;
-шаруа қожалықтары мен басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсінік жұмыстарын жүргізу;
-мемлекеттік өрт сөндіру мекемесінің жақын орналасқан бөлімшесіне шыққан өрттер туралы уақтылы хабарлауды қамтамасыз ету, халықты, өрттер мен жануларды сөндіруге бейімделген техниканы және шаруашылық субъектілері қызметкерлерін өрттерді жоюға жедел тарту;
-дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттау мақсатында өртке қарсы тақырыптарға арналған хабарларды баспасөз бетінде жариялау, тұрғындар арасында дәрістер оқу, үнпарақтар мен брошюралар тарату арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу;
-республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойын қураған ағаштардан тазалау және ені төрт метрден кем болмайтын минералдандырылған жолақты жырту жұмыстарын атқару.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер