Елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл саяси науқанның ерекшелігі әр ауылдың тұрғындары бағын сынап додаға түскен кандидаттарға дауыс беру арқылы болашақ әкімдерін өздері сайлады. Жаңақала ауданы Жаңажол ауылдық округінде дауыс берудің нәтижесі бойынша Айбек Миразатұлы Ишанов халық сеніміне ие болды. Су жаңа әкімді құттықтап, шағын сұхбат алған едік. Соны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
- Сайлауда халықтың сеніміне, қолдауына ие болып жеңіске жеттіңіз. Құтты болсын. Жалпы сайлаудың барысы туралы айтып берсеңіз.
- Жалпы сайлау жоғары деңгейде әрі әділ өтті деп нық сеніммен айта аламын. Сенім білдірген өкілдерім, шәкірттерім және мені қолдаған азаматтар жақсы жұмыстанып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұрын сайлауға түсіп көрмегесін мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды десем қателеспейтін шығармын.
- Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Сайлауалды бағдарламамдағы жұмыстарды толықтай жасағым келеді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып дегендей, аудан әкімшілігімен, ауыл тұрғындарымен бірлесіп, игі істерді атқаруға барымды саламын. Менің өмірлік ұстанымдарымның бірі – ел үшін, туған ауылым үшін қызмет жасау. Бұйырса, артылған сенімнің үдесінен шығып, елдің, туған ауылымның тұрғындарының алғысын арқалағым келеді. Елдің сенімі, халықтың қолдауы үлкен жауапкершілікті жүктейді.
- Саяси науқандағы ерекшелікке көңіліңіз толды ма? Биылдан бастап ауылдық округ әкімдерін халықтың өзі сайлап жатыр.
- Әрине, толықтай көңілімнен шықты. Тұрғындардың да ойынан шықты деп айтуға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл сайлау туралы «Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек» деген болатын. Сайлау форматының өзгеруі, жаңашылдық осының бәрі еліміздің дамуына алып келеді деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет. Сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz