Әлі күнге дейін қызыл аймақтан шыға алар емеспіз. Бәйтерек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалу басқармасының басшысы Аят Үмбетәлиевтің айтуынша, соңғы екі айда 32 тұрғынға санитарлық талапты бұзғаны үшін ескерту жасаған. Енді олар қателіктерін қайталайтын болса 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл төлейді.
Ауданның бас санитары ашық бағдарламасын оңды-солды пайдалана бермеу керектігін де айтады.
-Тұрғындарға ашық бағдарламасын орнымен пайдаланған дұрыс екенін айтқым келеді. Ауданға қарасты Дариян ауылында тұратын апалы-сіңілі қыздың кішісі үйде отырған. Ал үлкені Орал қаласындағы сауда ойын-сауық орындарының бірінде жұмыс жасайды екен. Содан үлкені кішісіне карантинің аяқталғанша үйде бол. Біздің жұмыс орынға сені кіргізбейді деген ескерту жасапты. Оған қызығып кеткен кіші қыз апасына өзінің ЖСН-ын беріп тексеріп көруін сұраған. Ақыр соңында кішісі карантин талаптарын бұзған болып шықты. Енді олар өздерінің кінәсіздігін дәлелдей алмай әлек, - дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарама басшысы Аят Үмбетәлиев.
Бұндай жағдай бір емес, бірнеше рет болған. Тасқаладағы ресторанда отырған жігіт ол жердің кьюар кодын суретке түсіріп інісіне салған. Ал бағдарламаның дұрыс-бұрыстығын тексергісі келген екінші жігіт әлгі кодты сканерлепті. Енді ол ресторанда болмағанын және карантин талаптарын бұзбағанын дәлелдей алмай жүр.
Ашықпен ойнап, әлекке түскен переметныйлықтың оқиғасы тіптен қызық. Аудан орталығының тұрғыны қалада түстенген орнының кьюар кодын суретке түсіріп ап, үйіне келісімен жолдасының және ата-енесінің телефондары арқылы бағдарламаны тексерген. Дәл осы кезде оның ата-енесі ауырып үйге оқшауланыпты. Енді ата-енесін ұрмай-соқпай айыпты еткен күйеу бала олардың айыппұлын төлейтін болар? Өйткені ашық тексергіштің отбасы мүшелеріне айыппұл салынуы мүмкін.
Бас санитар карантинде жатқан тұрғындарға банк карточкалары мен жеке құжаттарды да ешкімге бермеу керектігін айтады. Өйткені карантинге жабылған азаматтар өзі сенетін адамға картасын бергені үшін айып арқалап кетуі мүмкін. Неге десеңіз картаны пайланған адамның үйде отырғанын «ашық» бағдарламасы анықтай алмайды. Ал факт тіркеледі екен.
-Бұндай оқиғалар көп кездесуде. Үйін сатпақ болған карантиндегі кейуана баласына жеке куәлігін ұсынып, сату құжаттарын рәсімдей беруді тапсырған. Ал халыққа қызмет көрсету орнындағы бағдарлама әжейді бірден заң бұушылар қатарына қосып жіберді. Қайта оның баласында анасы берген сенімхаттың болғаны айыптан құтқарды, - дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы А.Үмбетәлиев.
Көқргеніміздей «Аshyq» бағдарламасы әр адамның үйде отырғанын, ойын үшін не болмаса, қызық үшін тексерді екен деп қарап жатпайды. Сондықтан да оны пайдаланар кезде сақ болған жөн. Ал біреудің өтініші арқылы өзгенің статусын тексерудің де қажеті жоқ.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер