9.08.2021, 9:49
Оқылды: 8

Антирекорд

Кешігіп басталған олимпиада қазақ жанкүйерлерін қуанта қоймағаны рас. Әсіресе боксшыларымыз үмітті ақтамады. Василий Левит, Бекзат Нұрдәулетов, Абылайхан Жүсіпов сынды фавориттеріміз білгенінен жаңылып жатты.

15A8F08B-0993-4CFB-9957-E3366E3DE88E

Осы кезге дейін төрешілерден біраз қорлық көрген 91 келідегі Василий Левит өзінің соңғы ірі жарысында барын салады деген үмітті испандық боксшы үзді. Жай ғана үзіп қоймады. Біздің Васяны «гуляй Вася» етті. Ал 81 келідегі әлем чемпионы, атақты Ла Круздың өзін есеңгіреткен Бекзат ше? Ол да білгенінен жаңылды. Олимпиада алдындағы турнирде бір соққымен сұлатқан ресейлік Имам Хатаевтен айласын асыра алмағанда тек қазақ емес, әлемдегі барлық спорт жанкүйері таң қалды десек артық айтқанымыз емес. Ал қазақтың салмағы аталып кеткен 69 келі ше? Бұл салмақта ел үмітін ақтайды деген Абылайхан Жүсіпов жауапкершілік жүгін арқалап жүре алмады. Десе де, оны жазғырудың қажеті жоқ секілді. Оның салмағында чемпион атанған Серік Сәпиев, Данияр Елеусіновтер бара салып, олимп шыңын бағындырмады. Серік те, Данияр да өздері қатысқан алғашқы олимпиадаларынан жеңіліп қайтты. Ал атой салған жылдары ол екі боксшымыз нағыз бабында еді. Олимпиада басталған кезде жарық көрген мақаламызда Жүсіпов жанып кетпесе екен деп едік. Сол айтқанымыз айдай келді. Алдыңғы буын ағаларының жетістігін қайталай алмай қаламын деген қорқыныш қарағандылық боксшыны жеп тынған секілді. Үкілеген үмітіміз Қамшыбек Қоңқабаев та АҚШ боксшысына есе жіберіп, көптің көңілін түсірді. Қызылордалық оғланның жеңілісі олипиаданың басты сенсацияларының бірі болары сөзсіз. Қалай дегенде де, әлем қазақ пен өзбек боксшысын финалда көргісі келген-ді. Болмады, өкінішке орай. Осы жерде жасы келсе де соңына дейін айқасқан Зәкір Сафиуллинге бәрекелді деуіміз керек. Жауапкершілік пен жанкүйер үміті дегенді жай сөз емес деп білетін Зәкір ерледі. Медаль алмаса да, ұятқа қалдырмады.

Ал боксшыларымыздың ішінен соңғы болып рингке көтерілген Сәкен Бибосынов финалға жолдама ала алмаса да арыстанша арпалысты. Қарсыласын жеңгендей көрінген. Бірақ жолы болмады. Жігер де, мінез де бар екен Бибосыновта. Алтын алмаса да жанкүйер алдында намыс көрсете алды.

Осы күні қазақ жанкүйерінің боксшыларға деген өкпесі қара қазандай. Алтын алады деген үміт тек сол жігіттерімізде еді. Бірақ болмады. Токио рингі қазақ боксына бір серпілістің керек екенін көрсетті. Олимпиада кезінде елдегі ютуб арналарының біріне сұхбат берген Данияр Елеусінов біз әлі күнге дейін ескі жүйемен жұмыстанып жатқанымызды және бапкерлер бокстың жаңа тенденциясына ілеспей жүргенін айтқан еді. Сол кезде Даниярға не болған екен деп едік. Сөзі расқа айналды. Шынымен де біздің боксшылар жақын қашықтықта ойнай алмайтынын көрдік. Мықты саналған 75 келідегі Әбілхан Аманқұлды жеңген Бразилия боксшысы біздің былғары қолғап шеберін жақын қашықтыққа шақырып, сүйікті боксынан айырды. Осылайша қарсылас Әбілханның басымдылығын құм етті.

Отыз жыл бойы бокс державасы саналған біздің ел басқа жақта бокс дамымайды деп ойлағандай дамуын тоқтатты. Осы күні әлем түгілі Азия құрлығында да боксшыларымыз 100 пайыз фаворит саналмайды. Бір кездері қазақ боксшысымен кездеспесек екен деп тілейтін Үндістанның өзі біздің алдымызда. Бұл олқылықтың орнын қазір толтырмасақ, үнді боксшысына жолықпайық деп жүретін күн алыс емес.

Гимнаст Миллат Карими де соңғы сында сүрінді. Ернар Ерімбетов заманынан бері жөні түзу гимнаст көрмеген қазақ жанкүйері Миллатты легионер деп ойлап қалғаны қынжылтады. Өз серкесін тани алмаған кей «жанкүйердің» Каримиді сынап-мінегені де жарамайды. Шынтуайтқа келгенде, иә, ол медаль алған жоқ. Бірақ қолдауы жоқ, ақша бөлінбейтін спортта жүрсе де, соңына дейін күресті ел үшін. Карими әлі де өзін көрсетері сөзсіз. Тек қолдау керек.

Ресейден алдырған теннисші қыз Елена Рыбакина жартылай финалға шыққанында қуанбаған қазақ болмаған шығар. Бірақ ол да шешуші сәтте қателіктерге бой алдырып, соңғы екі ойынында жігер танытпады. Десе де күн ыстық деп жарысқа шығудан бас тартқан үш қазақстандық теннисші қыздың әрекетіне қарағанда сырттан келсе де соңына дейін таласқан Ленаның ісі – ерлік.

Тек дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Сәкен Бибосынов, еркін күрес шебері Нұрислам Санаевтың қоласы жабырқау көңілге демеу болды.

Иә, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоның да қоласы бар. Екі спортшы жібердік, екеуі де жүлде алды дейтіндер де шығары анық. Бірақ ол екі қолаға қазақстандық жанкүйер қуана қоймағаны анық. Өйткені ауыр атлеттерге деген сенім жоқ. Бірер жылдан соң допинг қолданған болып шыға ма деп қорқады. Қазақ ауыр атлетикасының жеңістері допингпен байланысты болғаны да көңілге қаяу түсіреді.

Рио олимпиадасында қола алып берген палуан Эльмира Сыздықованың жолына сеніммен қараған жанкүйер қауым қызымыздың жігерсіздігінен түңілді. Қажымұқан мен палуан Шолақтың ұрпағымыз, Жақсылық пен Шәмілдің сарқытымыз. Біздей күрескер ұлт жоқ деп кеуде қаққан күрес жанкүйерлері грек-рим шеберлеріміздің  бірінен соң бірі жарыспен қош айтысып жатқанында жанарымен жер шұқып қалды.

ХХІ ғасырда қазақ балалары ішінен бірде-бір әлем не олимпиада чемпионы шықпағаны күрескер, палуан ұлт саналатын қазақ үшін ұят. Иә, Юрий Мельниченконың алтыны бар дерсіз. Бірақ Атлантада алтын алған жігіт – қырғыз грек-рим күресі мектебінің түлегі. Ал өз елімізден шыққан олимпиада жүлдегерлері үшеу. Олар: еркін күресте атой салған Ақжүрек Таңатаров пен Дәулет Шабанбай. Ал грек-рим күресінде жүлде алған қазақстандық спортшы – Нұрбақыт Теңізбаев.

Жеңіл атлетика – біз медаль күтетін спорт түрі емес. Жалғыз Ольга Рыпаковаға қарап отырған спорт падишасы енді құлдыраған үстіне құлдырайтын болар деген ой келеді. Биыл Ольга ханым мансабын аяқтайды. Ал соңынан ерген ізбасар жоқ.

Қазақ жеңіл атлетикасының қазіргі жағдайын спорт журналисі Сергей Райлянның бір ғана жазбасы көрсетіп тұр. Олимпиада чемпионы атанған Карстен Вархольм кедергілер арқылы 400 метр қашықтықты кедергісіз жүгірген біздің Михаил Литвиннен тез жүгіріп өткен. Осыдан-ақ жеңіл атлетиканың жайын біле беріңіз.

Ал командалық спорт түрлері туралы айтудың қажеті жоқ. Бір кездері волейболшыларымыз бен гандболшыларымызды олимпиададан көрген едік. Бұл жолы болмады. Токиоға аттанған ватерполшылар бассейнге түскенінен түспегені жақсы еді. Росы ретте Асқар Оразалинов баптаған қазақ ватерполшыларын аңсап кеттік. Шеттен шақыртылған су добы бапкерінің командасы қарсыласына тіс батыра да алмады.

Ерекше рахметті каратэшілерімізге айтуымыз керек. Олимпиадаға аттанған бес спортшымыздың екеуі жүлде алды. Тіпті құр қайтқандардың өздері жерге қаратпады. Мөлдір Жаңбырбай мен Данияр Юлдашевтың өнері сүйсіндірді.

Каратэшілердің жетістігі жасалған жұмыстың нәтижесі. Осы кезге дейін олимпиада жанұясына кірмейтін спорт деп шетте қалып келсе де бұл түр елде жақсы дамыды. Түрлі федерациялар құрып, тынымсыз еңбек еткен каратэ шеберлері дегендеріне жетті. Токио татамиіндегі Дархан Асадилов пен Софья Берульцеваның жеңісі Жасталап Санауов ағамыздың еңбегінің арқасында келді.

Келесі ойындарда Софья мен Мөлдірді және Даниярды көре алмайтынымыз өкінішті. Өйткені Париж ойындарына каратэ енбейді.

Қалай болғанда да кезекті олимпиада аяқталды. Қоладан қора тұрғыздық. Ол да білгенге едәуір жетістік. Тек алтынның жоқтығы қынжылтады. Десе де оның да жақсы жағы бар. Енді билік спортқа деген көзқарасын өзгертіп, жаңа реформалар жасаса игі. Токио дандайсыған боксшыларымыз бен палуандарымыздың есін жиып, жаңаша дайындалуына мүмкіндік берді. Енді үміт Парижде. Қош, Токио.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале