10.08.2021, 9:13
Оқылды: 208

 Дарынды балаларға – даңғыл жол

«Мың бала» ұлттық олимпиадасы ауыл мектептерінің неғұрлым қабілетті оқушыларын анықтауға бағытталған. Биыл бұл шара екінші рет өткізілді. «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған олимпиадаға 5-6-сыныптар оқушылары тегін қатысты.

ea27a873fce62598157aee879701031b604b11e6d3edf

Оқушылардың танымдық және академиялық дағдылары онлайн және оффлайн режімде компьютерлік тестілеу арқылы бағаланды. Олимпиада тестілерін кәсіби мамандардан құрылған жұмыс тобы тест сұрақтарын әзірлеудің  халықаралық стандарттарын ескере отырып, құрастырды. Ауыл мектептерінің оқушыларына бейімделіп жасалды. Бірінші кезеңде логикалық және кеңістіктік ойлау бағаланды. Тестілеу Елбасы академиясының платформасында онлайн форматта өткізілді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған  оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне өтті. Өткен жылдың жеңімпаздары да олимпиадаға қатысты. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында оффлайн форматта ұйымдастырылды.

Биыл өткен «Мың бала» олимпиадасына облысымыздан 4964 оқушы қатысып, 213 шәкірт екінші кезеңге өтті. 51-і жеңімпаз атанды. Облыс оқушылары екі жыл қатарынан  жоғары  нәтиже көрсетті және біздің облысымыз білім сапасы бойынша көшбасшылар катарында. Бүгінде мақтанышқа айналған оқушыларымыз республикалық физика-математика мектебінде, облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептерде және Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. «Дарын» қосымша білім орталығы өңірдегі ұйымдастырушы ретінде ауыл оқушыларының олимпиадаға қатысуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасады. 2021  жылдың 1 қыркүйегіне де-
йін дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектептер олимпиада же-ңімпаздарын қабылдап, Ұлттық білім беру деректер қорына тіркейтін болады. Осындай талантты балаларды даярлап, үлкен жетістікке жеткен мектеп ұстаздарына және әрдайым қолдап, жағдай жасаған ата-аналарға  алғысымыз шексіз.

 Амира Нұрымова,

«Қарақұдық «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешенінің оқушысы (Бөрлі ауданы):

– «Мың бала» олимпиадасының жеңімпазы атанып, Орал қаласындағы
С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына қабылдандым. Бұл бастама ауыл балаларына берілген үлкен мүмкіндік. Олимпиаданың бірінші кезеңін мектептен онлайн тапсырдым. Ал екінші кезеңінде Ақсай қаласындағы тестілеу орталығына бардым. Қазақ тілі, ағылшын тілі, математикалық сауаттылық және жаратылыстану пәндерінен тапсырмалар болды. Қорытындысы шыққан шақта қатты қуандым. Енді жаңа мектепте үлкен жетістіктерге жетемін деп ойлаймын.

 Мұнар Жұмабай,

О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика
орта мектеп-интернатының
оқушысы:

– Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Шолпан Бижанқызы ауыл балаларына арналған республикалық «Мың бала» олимпиадасына қатысуға ұсыныс білдірді. Мен жаз бойы математика пәнінің мұғалімі Төлеген Икрамұлымен бірге дайындалдым. Қазір арманымдағы мектепте оқып жатырмын. Ауыл балаларына «Мың бала»  олимпиадасына қатысуға кеңес беремін. Ұстаздарыма мың алғыс.

 

 Гүлсім Дүйсенғалиева,

облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының директоры

Суреттің дереккөзі: fnn.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале