Абай күні Бәйтерек ауданында кеңінен аталып өтілуде. Айтулы күнге орай аудан кітапханалары ұлы ақынның құрметіне түрлі шаралар ұйымдастырып, оқырмандарын қуантты.
Бұл күні аудандық орталық кітапхана «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты ашық есік күндерін ұйымдастырды. Ұлы ғұламаның қара сөздері, шығармалары мен өлең шумақтарынан бейнеролик жасаған кітапханашылар оны әлеуметтік желілерге жариялады.
– Жастарды отансүйгіштікке баулып, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында ауданға қарасты ауылдық округ кітапханаларында әдеби кештер, поэзия сағаттары, Абай оқулары мен әдеби дайджесттер үйымдастырылды. Атап айтқанда, Жамбыл, Зеленый, Новенький, Белес, Сұлукөл ауылдық кітапханаларында Абайдың шығармашылығына арналған кештер өтті. Бұл шаралар барысында оқырманға тағылымға бай поэтикалық және композиторлық туындылары таныстырылды. Ақын өлеңдері мен қара сөздері талқыланып, Абай рухына арналған әдеби сазды кештер ұйымдастырылды.– дейді аудандық кітапхана әдіскері Ақгүл Жұмабекқызы.
Кітапханашының айтуынша, Ұлы Абайдың туған күніне орайластырылған кештер онлайн режимінде өткен. Барлық шараларды әлеуметтік желілерден көруге болады. Ойшылдың 176 жылдығына арналған мерекелік шаралар барлық ауылдық округтерде қолдау тапқан. Хәкімнің рухына арналған кештер мен кездесулер қыркүйек айына дейін жалғасады екен.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz