«Судың жолын құм бөгер, ердің жолын сұм бөгер». Қазақ даналығы осы сөзге ден қойған. Жуырда Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылдық округінде Ақ бұлақ бөгетінің абаттандырылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Ауыл азаматтарының демеушілігімен жүзеге асқан шараның ашылу салтанатына ауылдық округ әкімі Нұрсейт Белгин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез қатысты.
Шара ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков пен «Автор своей жизни» тренинг орталығының жетекшісі Мұрат Кубаевтың Ақ бұлақтың лентасын қиюымен басталды.
Алғаш болып құттықтау сөз алған ауылдық округ әкімі Нұрсейт Жақыпұлы қатысушыларды құттықтап, игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты.
Сонымен қатар абаттандыру жұмысында «Автор своей жизни» тренинг орталығы еріктілерінің көп көмегі тигенін атап өтті.
Одан кейін сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков барша ауыл тұрғындарын құттықтап, Ақ бұлақтың өткен-кеткен жолаушыларға ыңғайлы етіп жан-жағы абаттандырылғандығын атап өтті. Жиналған қауымға «Бұлақ» өлеңін оқып берді.
Айта кетейік, Ақ бұлақтың кіреберісіне ағамыздың «Бұлақ» өлеңі жазылыпты.
«Автор своей жизни» тренинг орталығының жеткешісі Мұрат Кубаев: «Біз осындай тренингтердің ұйымдастырушысымыз. Бұл біздің ұжымның 41-жобасы. Осыған дейін 40 жоба жасалды. Тобымыз 19 адамнан тұрады. Осы жобаны алғаныма қуаныштымын. Өнегелі іске қолдау танытып жатқан азаматтарға, ауыл тұрғындарына рақмет! Жалпы аталған орын болашақта барлық тасқалалықтардың демалатын орнына айналады», - дейді.
Бек Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz