Ауылды алтын бесікке теңейтін ағайынның қазіргі таңда атқарып жатқан істері көңіл қуантарлықтай. Бәрі де ауылдың дамуы үшін жасалып жатқан тірлік. Ауыл аймақтың өсіп-өркендеуіне, оның гүлденуіне үлесін қосып жатқан жандар қаншама?
Жуырда Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов Мерей ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып қайтты. Ондағы мақсат – аталмыш ауыл әкімінің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстарымен танысу.
Қазіргі уақытта аудан басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы қалай жүруде? Сол жөнінде Мерей ауылдық округі әкімі Орынбек Жамбылұлының өзінен сұрап көргенбіз.
– Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы ауылымызға келіп, қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталмыш ауылға әкім болып қызмет атқарғаныма екі айдан асқан екен. Сол кезде маған бірнеше тапсырмалар берген еді. Соның қазіргі таңда орындалу барысын қадағалады. Сонымен қатар аудан әкімі ауылдың белсенділері, ауыл ақсақалдары және жастармен кездесіп, бірнеше мәселенің түйінін шешті. Жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды да бірігіп жасауға шақырды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін дамытуды қолға алу керектігі айтылды. Сүт, май, қаймақ пен ірімшіктерді әлі күнге қаладан таситындығымыз жасырын емес. Кең байтақ даланы игілігімізге пайдалануымыз керек. Аудан басшысы тек еңбектену керек екендігін айтты. Ауламызға бау-бақша егіп, отбасымызбен бірге таза табиғи өнімнен неге ауыз тимеске? «Мал баққанға бітеді» демекші, қорамызға мал толтырып, оның еті мен сүтіне қарық болатын уақыт келді. Жалпы балаларымызды еңбекке баулып, осы бастан еңбекқорлыққа тәрбиелеуге үндеді, - дейді ауылдық округ әкімі Орынбек Насимуллин.
Сенделген мал қамалады
Аудан әкімі ауыл шетіндегі қараусыз малдарды уақытша қамайтын орынды барып көрді. Бұнда ірі және ұсақ малға арналған орынға бағымға қосылмай, ауыл ішінде бос жүрген малдарды уақытша қамап, кейін мал иелеріне хаттама толтырылатын болады.
Сонымен бірге ветеринарлық егу жұмыстарына арналған орын дайындалған. Қойды кубкаға түсеретін орын да осы жерден жасақталуда.
Аудан әкімінің жұмыс сапары барысында Мерей ауылының шағын кәсіпкерлерінің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтсақ, ауласында бау-бақша егіп, кәсібін дөңгелетіп отырған отбасылар Мерей ауылында да бар. Аудан басшысы Мұрадым Талапов пен Абат Тоғжановтардың ауласындағы бақшаның шығымына көз жеткізді. Жаз мезгілінде қарбыз да аса қажетті өнімнің бірі. Бұл өнімді қаладан немесе Тайпақ жағынан әкеліп қымбаттау бағамен сатып жатқанын талай рет көзіміз көрді. Осы тұрғыда ауыл тұрғыны Тілепберген Аяпбергенов қарбыз егуді қолға алыпты. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды» жөн санаған мерейліктер қарбыздың өскенін асыға күтуде.
Аталмыш шаруашылықтарды аяқтай барып көрген аудан әкімі кәсіп иелеріне әрі қарай жұмыстанып, қолға алған шаруаларының дамуына ниетін білдірді. Қазіргі таңда құс асырап, табыс табуға талпынып отырғандар да ауылдастарына үлгі.
Ауыл ішінде қоқыс жатпайды
– Тағы бір айта кететін жайт, ауыл ішінде тұрмыстық қалдықтардың шашылып жатпауы үшін арнайы жүк көлігін шығарып қойдық. Аптасына бір рет ауылдың ішін аралап, жинап алып, арнайы орынға төгеді. Бұл үшін аптасына бір күнді белгіледік. Жалпы бұл үрдісті аудан орталығынан көрген едік. Яғни іс жүзінде дәлелденген шаруа.
Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлының бастамасымен осыдан бірнеше жыл бұрын аудан орталығында қолға алынған болатын. Қазір жақсы үрдіске айналып, қалыпқа келген. Соны өзіміздің ауылымызда жасап көруді ұйғардық. Қазір соны тұрғындарға айтып дағдыландырып жатырмыз.
Бүгінде күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – вакцина алу. Атап айтар болсақ, мерейліктер саналы түрде белсенділік танытып отыр. Қазіргі таңда ауырмаудың, жалпы індеттің бетін қайтарудың жалғыз жолы – екпе алу. Соны жақсы түсінген Мерей ауылының тұрғындарының басым бөлігі екпе алып үлгерді.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы да қазіргі таңда қарқынды жасақталып келеді. Мерей ауылының екі бағытында бағылатын малдар біріктіріліп, бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне тіркеліп, қазіргі таңда ауылдың 300 бас малы бағылымда жүр. Оған 12 асыл тұқымды бұқа алынды. «Мерей қазына» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің алға қойған мақсаты айқын. Енді тек бар күшімізді салып жұмыстану қалды. Мерей ауылдық округіне қарасты Тоғайлы елді мекенінде «Тоғайлы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ашылып, қазіргі таңда өз жұмыстарын пысықтауда. Аталған АӨК-інде 100 бастың үстінде аналық ірі қара және оған 6 бас аталық мал қосылды. Жалпы округ бойынша 18 бас бұқа жалға алынды. Ауыл ішін абаттандыру жөнінде де бірнеше жұмыстар қолға алынып жатыр. Сенбіліктер өткізу, ағаш егу, гүл отырғызу жұмыстарын ауыл тұрғындары бірігіп атқаруда. Ауылдың маңызды көшелеріне раушан гүлдері егіліп, қазіргі уақытта ауылымызға сән беріп тұр. Соңғы екі айдың ішінде 1 миллион 302 мың теңге көлемінде ауылдың аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық іс-шарасы жасалды.
Кездесу барысында халықтың арасынан шөптің қымбатшылығы жөнінде де мәселе көтерілді, - дейді Мерей ауылдық округ әкімі Орынбек Жамбылұлы.
Түйін
Аталмыш кездесуде ауылдық округке қарасты шаруа қожалығы иелері де көтерілген мәселелерді тыңдап отырды. Олардың да айтары бар. Қазіргі уақытта қымбатшылық күйіп тұрған мәселе. Тіпті рулон буатын қарапайым жіптің өзі де былтырғы бағаға қарағанда едәуір қымбат көрінеді. Оған жанар-жағармай, шөп шабатын орақтың шығынын қосыңыз. Міне, осындай жағдайларды мерейлік шаруалар алға тартты. Ауылға кіреберіс жолдардың жанындағы шөптерді шауып тастау жөнінде де мәселе көтерілген еді. Ертеңгі күні дереу қолға алынып, мәселе оңтайлы шешілді. Сондай-ақ Мерей ауылдық округіне қарасты Тоғайлы елді мекенінің маңындағы көн-қоқыстарды тазалап, қалпына келтіру жөнінде де ұсыныстар түсті.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz