11.08.2021, 18:31
Оқылды: 66

Шаған бойындағы шу неден шықты?

Орал қаласы Самал-3 шағынауданындағы «Мичурин» бау-бақшалар қоғамының тұрғындары «ӨЖК Серик» ЖШС-ның Шаған өзені бойында құрылыс жүргізіп жатқанына наразы. Тұрғындардың арыз-шағымына байланысты «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен өңірлік қоғамдық экологиялық кеңесінің отырысы өтті. 

1

Мичуриндіктер аталған серіктестік ҚР Экологиялық кодексіне және Су кодексіне қайшы әрекетке барғанын, өзен жағасындағы біраз ағашты отап тастағанын айтады. Жерді тегістеу жұмысы салдарынан өзен арнасы жіңішкеріп, экожүйеге зақым келді деп есептейді. Тұрғындар Шаған өзені ортақ пайдаланылатын объектіге жатқанымен, құрылыс учаскесінде өзен суын пайдалануға инвестор тыйым салып отырғанын да тілге тиек етті.

3

– Самал-3 шағын ауданындағы саяжай тұрғылықты мекенжай болып есептеледі. 2019 жылдан бері өзен бойында ойын-сауық аймағы пайда болды. Көпшілікке арналған көңіл көтеру орнында аттракцион бар. Жағажайда музыка дыбысы қатты естіледі. Осы құрылыс нысанын салмастан бұрын инвестор тұрғындармен келісім жасаған жоқ. «ӨЖК Серик» Шаған қасына бөгет тұрғызды. Соның салдарынан өзен арнасы кебе бастады. Орман ағаштарының біраз бөлігін кесіп, сол жерді тегістеп тастады. Қазіргі уақытта аң-құс азайып, өзендегі балықтар азайып кетті. Біз талап  ете бастаған соң ғана су жіберетін қақпаны ашып, өзен арнасын сәл толықтырып қойды, - деген Лариса Румянцева комиссия мүшелеріне фотоайғақтар көрсетті.

6

Тұрғындар құрылыс жүргізілген аумақ ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер екенін айтты. «Мичурин» бау-бақшалар қоғамы бірнеше жыл бұрын осы учаскені игеру жөнінде ұсыныс түсіргенімен, қала әкімдігі бұл жерді пайдалануға мораторий жарияланғанын айтып, шектеу мерзімі аяқталуын күтуді ұсынған. Бірақ Шаған өзені бойындағы аумақ инвестор қолына өткен. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ шешімен 2020 жылы «ӨЖК Серик» ЖШС «Самал шағынауданында жағалау бекіту және су жинау құрылысын жүргізу және жағажай салу» инвестициялық жобасы қолдау тапқан. Ал мичуриндіктер құрылыс нысанына қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілмегенін жазған.

10

«ӨЖК Серик» ЖШС-ның бас директоры Серік Мерғалиев қазіргі уақытта құрылыс нысанының 82 пайыздайы жүргізілгенін айтты. Ол құзырлы мекемелер келісім беретін құжаттың түгел жиналуына күтпей, құрылысты бастап кеткенін мойындады. Ең бастысы, ел игілігі үшін еңбек етіп жатқанын, Шаған бойын көркейтуге қаржы құюда екенін айтумен болды. «Мичурин» өкілдері ұзақ жылдар бойы жерді игермей келгеніне қатысты сын айтып үлгерді. Бірақ партиялық бақылау комиссиясы отырысына қатысушылар инвесторға құрылыс заңдылығына қатысты біраз сұрақ қойды. Атырау қаласынан онлайн қатысқан Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бейбіт Қадимов экожүйеге нұқсан келтірмеу бағытында нақты қандай талаптар орындалғанын сұрады. Өңірлік қоғамдық экологиялық кеңестің төрағасы Дархан Сариев инвестор мен тұрғындарды әуре-сарсаңға салған жобаға рұқсат берген қала әкімдігі мен жергілікті атқарушы құрылымдардың салғырт қарағанын сынға алды.

16

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрғиса Камашев барлық тараптың уәжін тыңдап шықты.

Басқосуда Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев, Орал қаласы жер қатынастары бөлімі, «AQJAIYQ» Әлеуметтік-Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ басқармасы, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, БҚО экология департаменті, БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, БҚО прокуратура өкілдері, «Мичурин» бау-бақша қоғамының өкілдері өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Алдағы уақытта даулы жер учаскесіне қатысты сот отырысы өтпек. «Мичурин» бау-бақша қоғамының заңгері Виталий Кленин инвестордың тұрғындар талабына құлақ аспағанын, сот алдындағы бітім жасауға келіспегенін айтты. Даулы мәселе ушықпас үшін жергілікті атқарушы құрылымдар да үнсіз қалмағаны дұрыс секілді. Сондықтан партиялық бақылау комиссиясы инвестициялық жобаны мақұлдаған құрылымдардан жазбаша жауап алып, жауапкер тараптардың олқылықты жоюына қатысты шара алуын қадағалайтын болды.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале