(немесе 20 жыл өткен соң...)
Зымыраған уақыт тегершігі қалай тез айналып бара жатқанын байқатпайды адамға. Біз де білмей қалыппыз. Бәрі де күні кешегідей. Көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шығыпты-ау...
2001 жылы 1 қыркүйекте Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының есігін ашып, 7, 8, 9, 10-сыныптарға қабылданған, сол кездегі 13, 14, 15, 16 жасар балалар бүгінде 33, 34, 35, 36 жастағы толысқан азамат қатарына жетті.
«Тәуелсіздіктің 10 жылдығына 10 игі іс!» деген ұранның аясында құрылған гимназияның осынау 20 жылдық тарихында елең еткізер жетістік те, озық тәжірибе де, мықты-мықты ұстаздар мен тамаша шәкірттердің орасан жетістіктері де толып тұр. Оның бәрі гимназия туралы кезінде шығарылған «Үміт жетектеген 5 жыл», «Үміт» атты бір ел бар» атты жинақ-кітапта топтастырылған және әр кез, әр мезеті осы оқу ордасының музейінде сақталып қалды. Осы киелі шаңырақтан білім алғанның бәрі түп-түгел жоғары оқу орындарына түсіп, қалаған мамандықтарына қол жеткізді. Алуан салада еңбек етіп жүр. Әдетте, өткен күндерге мойын бұрып қарасаң, ең қызық, ең тәтті, ең қиын шақтар ойда қалған болып шығады ғой. Менің есіме алдымен ұстаздардың балаларға деген ұлы махаббаты түседі. Ұстаз біткеннің бәрі сондай ма, әлде, «Үмітке» ылғи ізгілері іріктеліп келе ме, әйтеуір білімділіктерімен де, мәрттіктерімен де айналаға үлгі беретін жандар көп болды.
Ақмоншақов Кеңес Манашұлы, Айбергенова Галина Құспанқызы, Нығметова Жұпар Әлжанқызы, Саматова Нағима Ибрагимқызы... деп жалғастыра берсем, аттары аңызға айналған ұстаздар тізімі ұзаққа кетеді. Бүгінде алдыңғы аға буын зейнетке кеттік, кейінгілер ізімізді басып, ісімізді жалғастырып келеді. Қазір «Үміттің» атауы өзгеріп, арнайы мамандандырылған облыстық мектеп мәртебесін алып, Абай Құнанбаев есімі берілді. Бірақ заты өзгерген жоқ, бағыт сол – үш тілді тереңдете оқыту. Осы дәрежеге жеткізген «Үмітті» және осы мектептің ашылғаннан бергі бүкіл ауыртпалығын, ыстық-суығын бірге көтерген Теректі ауданының қамқорлығын ешқашан ұмытуға болмайды. Аудандық гимназия бола тұра, бүкіл өңірдің түкпір-түкпірінен келген балаларды жатақханаға алып, бағып-қағып жетілдіріп жіберген шапағатты аймақ бұл.
Тарқатып кетсең, айтар даңқы жеңістер мен тарихтар деп таусылмайды...
Мерейлі жасы құтты болсын, болашақты алақанда баптаған қырандар мектебінің. Ол біз үшін, алғашқы іргетасын қалаушылар үшін, төл перзентміз һәм мақтанышымыз. Енді Абайдың атын алған қара шаңырақ «Үміттің» даңқты дәстүрін жалғастырып, саралық пен даралық биігіне бастай берсін.
Дариға Мұштанова,
zhaikpress.kz
«Ұмытханым»
Жаңа оқу жылы. Жаңа көңіл күй. Жаңаша қарбалас. Жатақханада абыр-сабыр тіпті күштірек.
Түнгі тәрбиеші Зәмзәгүл апай бөлме-бөлмеде жаңадан келген оқушылармен танысып жүр.
– Атың кім, – дейді үркектеу сары қыздың қасына таяп.
– Үмітханым, – дейді тілі орысшалау қыз жіңішке дыбыстарды жуандата айтып.
Оны «ұмытқаным» деп естіген апай сұрағын тағы қайталайды.
– Ұмытханым...
– Ұмытып қалсаң бар, қыздардан сұрап кел, – депті сонда Зәмзәгүл ренжіп.
Қыздар ал кеп күл!..
А. Макарова
(«Үміт» атты бір ел бар...» кітабынан)
«Самородина»
Урок русского языка. Идет работа над ошибками.
Галина Куспановна: «Ануар, иди к доске, и напиши слово «смородина».
«Самородина» написал Ануар.
Галина Куспановна: «Теперь об'ясни!»
Ануар: «Слово самородина состоит из двух корней, «сам», и «родина», а «о» – соединительная гласная...
(«Үміт жетелеген 5 жыл» кітабынан)
Сабақ
Бір қызық айтайын. Қазір қызық қой, ол кезде күлетін жайт емес...
...Ұстаздарымның бәрі маған «тақтадағыны дәптеріңе жазып отыр» деуден шаршады. 11-сыныпта оқимыз. Қателеспесем, ІІІ тоқсан. Қазақ тілі сабағы. Әлия апай сөйлемдер талдатып жатыр. Бір уақытта дәлізден біреудің жүргені естілді. Аяқтың еденге тиген дыбысынан білетінбіз ғой. Директор! Есік ашылды. Менің жазбай жүргенімнің шет жағасын естіп жүрген болуы керек, менің қасыма отырып алды! Біткен жерім осы! 3-тоқсан! Күнделік жап-жаңа! Толтырылмаған! Дәптерімде түк жоқ! «Дәптеріңді бер» деді. Бердім. Күнделікті сұрады, бердім. «Ұрыстың көкесі енді болады» деп тұрмын іштей. Жәй ғана: «Неге толтырылмаған?» – деді. Жауап жоқ. «Ұрыс ештеңе емес, мектептен кеттім ғой» деп уайымдап, дірілдей бастадым.
Бір уақытта маған былай деді:
– Сабақ қызық емес, иә?
«Иә» дегендей басымды изедім.
– «Мен де жазбас едім!» – деді де тұрып кетіп қалды.
Одан кейін не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Себебі түсініксіз. Шынымен жазбас еді ме, әлде мысқылдап кетті ме?
Қалай болған күннің өзінде, сол сабақтың дарығаны сондай, шапқаннан шауып отырып, ҰБТ-да қазақ тілінен ең жоғары 25 баллды жинап бердім. Армандаған грантқа да түстім.
Біреулер «Гимназияда қайта оқығым келеді» дейді ғой, менің оқығым келмейді. Жәй сол ұстаздарыммен әңгіме айтып, өткенді еске алып отырғанға не жетсін!
Қайсар Сүлейменов,
2007 жылғы түлек
(«Үміт» атты бір ел бар...» кітабынан)