Отты ақын және оның өлеңдері туралы сөз
Ақ Жайықтың талантты ұлдарының бірі, бар болғаны отыз алты жыл ғұмыр кешкен (1948-1984) Сағат Әбдуғалиевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы бір-екі ауыз сөз қозғауды парыз санап отырмын. Отты ақын туралы айтқанда, ең алдымен жиен қарындасы Гүлнар Айсағалиқызының «Жас алаш» газетінің 2003 жылғы 22 ақпанда жарияланған «Сағындым-ау, Сағатты» деген материалы еске түседі. Бұдан соң аудандық баспаханадан жарық көрген «Көзайым-келешек» атты кітабын оқып, мол әсер алғаным бар. Текті талант жөнінде қолымызға тиген азды-көпті мәліметтерге көз салсақ, оның бұл дүниеге алғыр да алымды болып келгенін шамалауға болады.
Ол үш жасында әке-шешесінен айырылып, содан кейін апа-жездесі қолына алыпты. Тіпті олардың жалғыз ұлы болып ерке өсіпті. Бес жасында әріп танып, алты жасында алыс-жақынға хат жаза бастапты. Мектепте жүргенде сабаққа зерек, өткір болыпты. Төртінші сыныпта өлең шығарып, «ақын бала» атанған. Мектеп бітірген соң КазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, екі курсын ғана бітіріпті. Себебі от жағып, отау тіккен соң астанада тұру қиын соғып, елге оралған. Бұл кезде оның өлеңдері аудандық, облыстық газеттерді былай қойғанда республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Жалын» және өзге де басылымдарда жиі жарияланған.
«Ол мықты ақын еді, тентек ақын еді. Әдеттегі үйреншікті қалыпқа сыя алмай, отызды орталап көз жұмды. Оның адалдығы соншалық, ол өмірді күнде думандатып жататын көңілді тойдай көрді. Содан да болар,
ол ненің пайдалы, ненің зиян, ненің жақсы, ненің жаман екеніне ой жүгіртпеді. Оған бір күнгі бойындағы қызуды басса, тыныштық та, өмірдің сәтті кезі де сол сияқты еді», - деген болатын көзі тірісінде белгілі ақын, марқұм Жанғали Нәбиуллин Сағат жөнінде.
Сағаттың бүкіл бітім-болмысын осы сөздер көрсетіп тұрғаны анық. Сөйтіп жүріп көбік сөзге жаны қас, жалған сөзге төзбейтін, «заман түлкі болса, тазы болып шалу» табиғатында мүлдем жоқ ақын тағдыр тәлкегін бір кісідей көріпті. Ақыры кейбіреулер жетесіздік танытып, тиегінен жеріп жүргенде «Мен қазақпын» деп жар салған Жұбандай ұлы тұлғаны берген топырақтың бір перзенті фәни дүниеден бақи дүниеге кете барыпты.
Сағаттың көзі тірісінде «Құлыншақ-көктем» деген бір жинағы жарық көріпті. Жылы сөзге, мақтау сөзге марқайып жүргенде атқан оқтай түзу жолдың ойдым-ойдымы шығып, омақаса құлап бара жатып, ес жиған тұсында бір дәптер өлеңін Гүлнарға ұстатып: «Саған аманат, жоғалтып алма», – депті.
«Мұрат тұтып жүретін жыр мәзірін,
Жанымның жоралғысын сырбаз ұғын.
Үш есім жеке өзіне үйлеседі
Гүлгүлім – Гүлнаржаным-Гүлнәзігім.
Жаңғырып жақсылықпен жағасы үмбет,
Жаңбырдың жұпарындай жарасымды иек.
Жымиып жүретінсің жарығым-ай
Жындылау ноян мінез нағашым, - деп келетін өлең арнап сенім тартқан Гүлнар нағашысының аманатына адалдық танытып, оның ақжайма көңілін түсініп, таза табиғатын ұғынғандардың қолдауымен жоғарыда айтылғандай, 1992 жылы аудандық баспаханадан екі мың дана таралыммен «Көзайым-келешек» деген жинағын шығарыпты. Талантты таланттың тануына осы жерде бір бұлтартпас мысалдың орайы келіп тұр. Сағаттың тұңғыш жинағының қолжазбасына 1979 жылы қазақ поэзиясының патриархы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлі пікір жазыпты.
«Бүгінгі өлеңі шыққан жинағы жарық көрмеген жас дарындар түгіл бірнеше топтама, бірнеше кітаптары оқырман қауымның қолына тиіп қалған тәжірибесі бар ақындардың өзіне тұшырқана бермейсің. Ал мына Сағат Әбдуғалиевтің жайы бір бөлек. Бұл әдебиетке барынша дайын келген тұлға. Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен мәдениет жатыр. Мұндай жігіттер, мен білсем, үнемі үйренуге, үнемі өсуге бейім. Оларды көре білу, қолдай білу ғана керек. Түптей келгенде Сағат Әбдуғалиевтерге қызмет ету, әдебиетке қызмет ету болып шығады», - дейді Қадыр ағамыз. Ендеше, Сағат ақынның осал болмағаны ғой.
Енді қарындасының қолына тапсырған ақынның дәптеріндегі өлеңдерін оқып көрелік. Жалпы біз өз сөзімізден гөрі ақын өлеңдеріне жүгінгенді жөн деп таптық.
Шанақтарды шайқаса шапағат үн
Шабыттың шәрбатінен татады ақын.
Шүлен шақта жыр жаздым шабырқанып,
Шырт ұйқыда жатырсың махаббатым.
Әуезімді әлдилеп ақтым ағыс
Қанатты қияндарға қақтым алыс.
Муза – менің мұратым мәртебелі,
Тербетіп тұр жанымды тәтті вальс.
Жайық жұртынан Сағатты «Тайпақтың Мұқағалиы» деген сөзді талай естіп едік. Оның «Кіндік жұрт – Қазақстаным» атты өлеңмен жазылған әдемі толғанысын оқығанда мінезімен ғана емес жырымен де рухтас екеніне көз жеткендей болды. Мұқағали «Алтай-Атырау» топтамасында:
Адастырмас алдыма ұстар үміт
Нарынқолдан аттандым құсқа мініп...
Самға ұшқыш! Қазақтың көгіменен
Жүруші едім кездеспей көбіменен
Берерімді еліме беріп өлем,
Мынау алып ақ құстың қанатымен,
Кең өлкеме кетейін сеуіп өлең, - деп бүкіл қазақ даласын рухыңды оятатын, намысыңды қамшылайтын өлең өнеріне түсірсе, Сағат:
Тудырып пікір-таласын
Жайым жоқ елді екшемек.
Бөлмеймін қазақ даласын
Жетісу, Жайық, Көкше деп.
Даңқтан дархан дәулетім
Шабыттың шоғы-шат үстем.
Бөлмеймін баба әулетін
Оңтүстік, шығыс, батыс деп, - деген жолдармен бір түйіп тастайды да, содан соң:
Сарыарқа жері – сом алтын
Бұрымы бидай сәнді иық.
Маңғыстау – донор, жомартым
Ғасырға жапқан қан құйып.
Бұл да шындыққа айналып отыр.
Сандуғаш таңда саз құйып,
Жаңбырға жастай жудым бет.
Аспанда менен аз биік
Алдияр жерде тудым деп.
Сайраттың құмбыл құс тілде,
Жанымның жаз ағыстарын.
Тілегім сенің үстінде
Кіндік жұрт – Қазақстаным!
Өлең осылай түйінделеді. Түсінікті нәрсеге не қосып, не аласың?!
«Хамза Есенжанов» атты өлеңінде зұлмат жылдардың құрбаны болған қаламгердің тартқан азабы мен көрген қиындығын, сатқындардың құнсыз тірлігін жыр тіліне көшіріпті. Бұл шумақтар төмендегіше өріледі.
Жампоздарды жаратқанда нар етіп,
Жасық итке тумысынан тар етік, - деп артынан
Ақ қарыңдай өзің басқан Сібірдің,
Шашыңыз да ерте кетті ағарып, - дей келіп,
Зары ащы зауалдардың зәуінде,
Аға, сені отырамын үлгі етіп, - деген ойын ортаға салады.
Жинақтағы жүзге тарта өлеңнің қай-қайсысы болса да оқи жөнелсең, Сағаттың ақындық қарымы мен ой әлемінің биіктігін көресің. Тағдырдың бұралаң жолындағы адасқан өмірін ол көбіне өзгелерден емес өзінен көреді. Бақыттың кілті сенімде, үмітте, жігерде, арман мен төзімде екенін әдемі жырымен өрнектейді. Мына жалған дүниеден ерте кеткен досына арнаған өлеңінде:
Жақсылардың ғұмыр жасы қысқа деп,
Жайықтың да топырағы тұрды өксіп, - дейді де, одан кейін «сен тірісің, мен барда» дейді. Бұл жерде ақын осы өлеңі арқылы қамшының сабындай қысқа болған өз өмірін де, дос өмірін де тірілтіп отырғаны анық.
Иә, Ақын да «алақұйын камикадзе» деген ол:
Ашиды алмағайып көңіл айран,
Тіршілік текетірес толы майдан.
Жоғалтқан жақұттарым жеті көмбе,
Табайын отыз бесте оны қайдан?!
Қайткенде қыламын деп халықты елең
Жырыммен жүректерге жарық берем.
Болмыстың бедерлерін біле түстім
Бітпейтін өмір деген әліппеден.
Қайбірде басып жүріп қиынға аяқ,
Сыйласқа бәлсінбедім сыйымды аяп
Өлеңнен алтын азап арқаладым,
Бақыты өтер ме екен бұйырмай-ақ?! - деп іздегеніне жетпей, орта жолда көш керуені ерте үзілетінін тегеурінді ақын білген секілді.
Сағат Әбдуғалиевті әсіре мақтаудан аулақпыз, бірақ барын бағалау да міндеттей көрінеді. «...Өнер адамдары, дарын иелері, әсіресе ақындар – болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум. Олар кейде белгілі бір шығармаларының белгілі бір сәттерінде ақырын ашылғандай болады. Бірақ ондай сәулелі сәттер көп адамның санасына сыя қоймайды. Ақынның аты-жөні өзгермейді демесек, өзі өзгеру, құбылу үстінде. Керек десеңіз, өзін-өзі жоққа шығару үстінде, жаңғыру үстінде ғұмыр кешеді. Мұның өзі өмір сүруге ұқсамайды. Оның өмірі бейнеттену, азап шегу, тіпті у ішу».
Өзінің «Жазмыш» атты кітабында нағыз туа бітті шынайы ақындар туралы осындай бар шындықты жайып салған Қадыр Мырза Әлінің сөзіне ден қойсақ, «сәулелі сәттеріне» толық жете алмаса да, соңына аз да болса сом алтынның сынығындай, әрі мірдің оғындай өткір өлеңдер қалдырған Сағат ақынның есімі ел есінен өшпейді демекпіз.
Темір Құсайын,
zhaikpress.kz