17.08.2021, 10:02
Оқылды: 110

Дінді білмеген дымды білмейді

Дін тақырыбы адамдарды қай уақытта болмасын қызықтырып келеді. Адамдар ақылы мен білімі арқылы дінді түсінуге және діни өмір сүруге, өзі таңдаған дінді қорғап қалуға тырысқан. Ал енді, дін дегеніміз не? Бұлбағытта  түрлі анықтамалар берілген. Барлық анықтама діннің адам үшін пайдалы екенін көрсетеді. Дін – адамды туралық пен әдемілікке жетелейтін жол. Адамды өз жаратылысына сай жетілдіретін ілім. Адам өмірін тәртіпке келтіретін жүйе. Адамды шындыққа жеткізетін жарық. Дүние мен ақыретте бақытты болу жолдарын көрсететін ереже мен қағидалар жинағы. Дін – илаһи ережелер және соларға сүйенген әдеттердің жиынтығы. Бұл анықтамалар дінді жалпы түсіндіріп, илаһи діндер мен адам шығарған діндер арасындағы айырмашылықты көрсетпейді. Әрі қарай кез келген ақыл-есі дұрыс адам өз бетінше ізденуі тиіс.

дин+

Дін адам жаратылысындағы сенім се­зімін күшейтеді. Адамда дін сезімі жаратылыстан болады, яғни, сенім сезімімен бірге туады. Міндетті түрде бір нәрсеге сеніп, діни сезімді сөндірмеуге тырысады. Өйткені, дін – адам рухының азығы. Дененің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін адам рухының қанағаттануына үлкен мән береді. Ал рухын қанағаттандырмаған адам толыққанды өмір сүре алмайды. Мықты адам рухы мен денесін бірдей қанағаттандырады. Тарихта мәдениет қалыптастырып, мемлекет құра алмаған халықтар болған, бірақ дінсіз және ғибадатханасыз мемлекет болмаған.

Діни бұйрық пен тыйымдар, адал мен арамға байланысты үкімдер жеке адамның және қоғамның пайдасын көздейді. Адамның жан тыныштығын жә­не бақытты болуын қалайды, яғни, адамның жанын, ақылын, нәсілін, арын қорғауға бағытталған негіздерден тұрады. Сонымен қатар жеке адам мен қоғамға бақыт әкеледі. Мінез-құлықты қалыптастырып, қабілеттерін жетілдіреді. Сондықтан дін мен адам тығыз байланысты, бірі болмаса, екін­шісі болмайды.

Міне, сол себепті кез келген адам қандай дін ұстанып жүргеніне мән беруі керек. Барлық жаратылысты жаратушы бір Құдайға сеніп жүр ме, әлде адамдар ойдан шығарған Құдайға ма немесе тарихы тереңге, ақиқатқа апармайтын, шынайы діннің атын жамылған діни ағымды ұстанып жүр ме? Өйткені, діндерге тән көптеген анықтама бар.

Ғалымдар шығу тегі, доктриялары, әдістері және жақтастарына қарай діндерді бірнеше бөлімдерге бөлген. Осы бөлімдерге бөлген адамдар түрлі діндерден және ұлттардан болған. Бір бөлігі мұсылман, бір бөлігі христиан және иудаизм, ал бір бөлігі басқа діндердегі адамдардан құралған. Олардан мұсылман ғалымдар Құранды негізге ала отырып, өзгеріп-өзгермеуіне қарай да діндерді екіге бөледі. Өзгертілген діннің құрушысы Алла, шығу тегі уахи болған, бірақ уақыт өте келе түрлі себептермен бұзылған, өзгерген, өзгертілген және тазалығын жоғалтқан. Ал илаһи дін бұзылғанда немесе өзгертілгенде Алла бір пайғамбар жіберіп, адамдарға жаңадан таза дінді, яғни Исламды білдірген. Мысалы, иудаистердің және христиандардың діні баста ислам діні, яғни тура дін еді. Бірақ уақыт өте келе түрлі себептермен иудаистер мен христиандар діндерін таза қалпында ұстай алмай, оны бұзып, өзгертті. Сондықтан Алла Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы пайғамбар етіп жіберді және оған соңғы дінді уахи етті. Құранды уахи етіп, таза және соңғы дін Исламды адамдарға жаңадан білдірді.

Өзгертілмеген бір ғана дін – Ислам діні. Түскен кезінен бүгінге дейін таза қалпын сақтаған Исламның сенім, ғибадат, моральдық негіздері ешқандай өзгеріске ұшырамай, сол күйінде қалған. Өйткені, Исламның қайнар көзі болып табылатын Құран Алладан Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) түсірілген күйінде сақталып, қазірге дейін жеткен.

Ислам дінінің «дәні» қазақ даласына сонау VIII ғасырда егіліп, ислам өркениеті мен мәдениетінен сәуле шашылып, даламыздың дана тұлғалары саналарына сіңіруге тырысты.
Ислам құндылықтары қазақ тілі мен тіршілігінде орын алып, салт-дәстүрімен сабақтасып, үйлесіп жатыр. Оны қазақ хандығынан бергі мақал-мәтел, нақыл сөздерден, ақын-жыраулардың жырларынан жақсы білеміз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен салауаты болсын) тағылымы ұлтымыздың болмысына сіңісіп кеткен. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) хадистерімен үндесуі соның дәлелі. Күнделікті айтып жүрген нақыл сөздерді Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) хадисінен табамыз. Кейбір мақал-мәтелдер тілдік әрі мағына жағынан да хадис мәтіндерімен бірдей. Мысалы, Хақ Елшісі (с.ғ.с.) бір өсиетінде былай дейді: «Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» (Кәшфул-хафа, ІІ т., 276-бет). Халқымыз: «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла» деген. Хадисте: «Асықпау – Рахманнан (Алладан), асығу – шайтаннан» делінсе, халық арасында: «Асыққан шайтанның ісі» деген нақыл кең тараған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) күллі адам баласына: «Кеңес қылған ел азбас», – деген болса, осы хадисті халқымыз былай деген: «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас».

Сол заманнан бері халқымыз хақ сенімге негізделген қоғамды да, құдайсыз қауым қалыптастырғысы келген қоғам­ды да басынан кешірді. Алайда коммунистік идеологияның «Құдай жоқ» деген тәрбиесін көрген, «атаң – маймыл, шешең – шимпанзе» деген заманында да аузынан Алласын тастамай, жүрегінен иманын жоғалтпады.

«Алаш зиялыларының имамы» атанған, халқын өнерге үндеген ағартушы, ақын, Ғұмар Қараштың 1910 жылғы «Ойға келген пікірлерім» дейтін еңбегінде «Адамдар дінді сақтай ма, яки, дін адамдарды сақтай ма?» деген тарауында: «Көптеген кісілердің пікірінше, дін адамзатқа тән нәрсе емес, өз алдына жеке пайда болған нәрсе делінеді. Олардың ойынша, дін мумин делінген нәрсе, ғылыми түрде (айтқанда) сену, илану деп қарайды... Олар айтқандай болса, дін кісіні сақтай алмайды, керісінше діннің өзін кісілер сақтау керек болады. Мұндай дін ақиқат ғылым, біліммен бірге жасай алмайды. Біреулер халық көзі неғұрлым ашыла түссе, діннің де тыны­сы тарыла түседі дейді. Алайда Құран Кәрімнің айтуынша, дін жалған нәрсе емес, ағайындардың шын табиғи сенімі. Соған қарағанда ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды.

... Дін адамдарға мүдуар емес, адам дінге мұқтаж, адамдарды дін ғана дүниеге мәлім етеді.

Ислам қауымындағы бірқатар адам нақты, ақиқат дін жолын тұтпай, дінді теріс ұғушылардың пікіріне малданып, қараңғылыққа, надандыққа қарай бет алды.

... Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік. Ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Ақиқат дін жолымен тапқан игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады. Қайдағы бір ескі ырым-жырымға сыйынып дін жасау лайықсыз. Қайталап айтамын, ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайды деп дәлелденген шындық», - деп халықтың көзін ашпақ болған.

Бүгінгі күннің «майданы» бөлек болса да, бұл сөз бейне бір бүгінгі заманға айтылғандай. Атам қазақ «Жау жоқ деме жар астында» демейді ме. Бүгінде бұрынғыдай көзге көрінетін жау жоқ. Жаһанданудың кері әсері, ешқандай шекараны місе тұтпай, жар астында жатып-ақ, үйде отырған ұрпақтарымыздың санасына батпандап кіруде. Атам қазақ «Дінді білмеген дымды білмейді» дейді. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақты діннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Дінмен байланысқан жазу – дін жоғалмай жоғалмайды» деген.

Иә, дінді білмесек, «Қайдан келдік, не үшін өмір сүрем, өлгеннен соң қайда барамыз?» деген сұрақтарға жауап таппай, ойдан шығарылған діндер мен діни ағымдарды аралап сенделеміз. Сонымен қатар ислам құндылықтарына құрылған ата дәстүріміз бен тарихымызды, тілімізді, әдет-ғұрпымызды білмей мәңгүрттене­ріміз анық. Яғни дінімізді білмесек, дымымызды білмей қаламыз.

Бүгінде идеологиялық соғыста елімізді және келер ұрпақты, дінімізге біте қайнасқан тіліміз, тарихымыз және салт-дәстүрлерімізді сақтап қалу үшін Алланың өзі сақтаған дінімізді дұрыс біліп, Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтқандай, «дарақбайлықтан» аулақ болып, ғылым мен білімді меңгеруге еңбектенейік.

 

Бейімбет Дүйсенәлі,

«Жұбан молда» мешiтiнiң бас имамы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале