17.08.2021, 10:22
Оқылды: 49

Өтпелі кезеңде келешек күндерге сенім туғыза білгендер

«Орал өңірі» газетінде бұған дейін хабарланғанындай, тәуелсіздіктің күн сайын жақындап келе жатқан торқалы тойы қарсаңында «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» атты арнайы айдар ашылып еді. Бүгін осы аталған айдар аясындағы кезекті толғанысымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз. Әлемдегі екі жүзден астам елдің дербес мемлекет атану жолындағы тарихы мен шежіресіне үңілсек, қай-қайсысында да оның жолы оңайлықпен келмегенін көреміз.

111

Тәуелсіздікке қол жеткізу бар да, оны сақтау, орнықтыру және тұғырлы ете түсу бар. Дер кезінде стратегиялық және тактикалық шешімдер белгіленбегендіктен, мұндай өте күрделі саяси сынақтар кезінде сүрініп, құлаған, тіпті тәуелсіздігі уысынан шығып кеткен мемлекеттер де жоқ емес әлем тарихында. Мұндай кезде ең басты ауыртпашылық пен қиыншылық өтпелі кезеңнің еншісіне тиеді екен. Осындайда қытай халқының «Өтпелі кезеңде өмір сүргір» деген қағидасы құлаққа бейнебір қарғыспен бірдей естілетіні тектен-тек болмаса керек.

Екінші бір жайтты қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза Әли айтқан уытты тіркеспен байланыстыруға болады. Гәп мынада – Қадекең  егемен елімізде тұңғыш сайланған Парламент депутатының бірі болғаны белгілі. Сол жылдарда жаңадан жасақталған Парламент қабырғасында «Суверенитет, Суверенитет» деген термин сөз өте жиі естіледі. Сонда Қадыр ағамыздың:  «Ең алдымен, әрине сүміритед, содан кейін келеді суверенитет» деген екен. Осылайша ол өтпелі кезең картинасын бір ауыз сөзбен дәл айтып беріпті.

Оның қиындығы әр елде әр түрлі сипатта көрініс беруі мүмкін. Соның ішінде өз елімізде – Қазақстанда өтпелі шаққа тән болған басты қиындықтар бұған дейінгі шаруашылық байланыстардың үзілгенінен басталады. Өтпелі кезең, әсіресе, ауыл тұрғындарына ауыр зардабын тигізді.  Олардың қолдарына ұстап отырған малының көк тиын құны болмай қалды.

Бұрын жібекке теңестіріліп жүрген жүн мен тері-терсек ешкімге қажет болмай қалып, далада шіріп жатты. Бартер деген пәле шықты. Бір үлкен салмақты қойдың құны – бір құты «Рояль» спиртінің бағасын әрең құрады. Еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы төлемдері айлап, жылдап төленбеді. Азық-түлік дүкендері «жылан жалағандай» күйге түсті. Белгілі бір кезеңде елге талондық жүйе енгізіліп, тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық бұйымдарға тек талонмен ғана қол жеткізе алатын пұшайман күйге тап болды. Ауыл-аймақты жаппай жұмыссыздық жайлады. Тіпті ел-жұртты бүгінгі күніміз мынандай болса, ертеңгі күніміз қандай болмақ деген үрей мен қорқыныш сезімі жайлай бастады. Осындай алмағайып, аласапыран шақта тәуелсіздік талаптарына сәйкес жаңаша басқару буыны – аудан, қала, облыс әкімшілігінің басшылары тағайындалды. Арада бірер жыл өткен соң елімізде әкімдер институты енгізілді. Олар ел-жұрт арасында ертеңгі күнге деген сенім мен үмітті орнықтыруға тырысты.

Айталық, 1992 жылдың басында Президент Жарлығына сәйкес Орал облысы  әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған Н.Есқалиев көп кешікпей, өз өкілеттігі мен құзыреті шеңберінде аудан, қала әкімшіліктерінің басшыларын тағайындай бастады. Олардың бірқатары бүгінде дүниеден озған. Ал дені қазіргі күні де аман-сау ортамызда жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған қиыншылықтарға тікелей куә болып,  ел-жұртпен бетпе-бет келе білген бұл басшы азаматтардың еңбегі шын мәнінде биік бағаға лайықты.

«Жайық Пресс» ЖШС-ның дирекциясы мен облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциялық алқасы «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген халықтық қағиданы алға ұстана отырып, ең алдымен, тәуелсіздіктің таң сәрі тұсында ел-жұрттың өтпелі кезеңнің сынағынан сүрінбей өтуіне бастамашы бола білген, бүгінде дүниеден өтсе де,  есімдері мен сіңірген еңбектері ел-жұрттың аузында қалып қойған басшы азаматтардың жанқиярлық еңбектерін жазып көрсетуді мақсат етіп отыр.

Осы орайда алғашқы әңгімені Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің басшысы Нәжімеден Есқалиевтің шешімімен 1992 жылдың 20 ақпаны күні Жаңақала аудандық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып, осы қызметті 2010 жылдың ақпан айында зейнет демалысына шыққан кезге дейін үздіксіз он сегіз жыл бойы абыроймен атқарған асыл азамат, марқұм Т.Мерғалиевтен бастауды жөн көреміз.

Бұл ретте Жаңақала ауданы тұрақты даму жолына түсіп, тиісті экономикалық өсімге қол жеткізе білгенін айтуға тиіспіз. Көзі тірісінде сыйласқан басшы азаматқа бір жолы журналистік әуестікпен: «Төке, бір жерде, бір ауданда ұзақ жыл бойы тапжылмай, қозғалмай басшы болудың қандай оң және теріс факторлары бар?» деп сұрақ қойған едім. Ол сол сәтте көзін маған түйістіріп, сәл ойланып тұрды да, «Егер белгілі бір аймақта басшылар жиі ауысса, кеткен олқылықтар мен кемшіліктерді бір-біріне ысырып салатын жайттар кездесіп қалады. Ал мына жағдайда олай жасай алмайсың. Бар жауапкершілікті өзің арқалайсың» деп жауап беріп еді. Әрине,  жаны бар пікір.

Өтпелі кезең мен елімізде жаппай жүргізілген жекешелендіру науқаны бір-бірімен тұспа-тұс келгені мәлім. Бұл кезеңде де небір сорақылықтар мен белден басу көріністері алдан шыққанына ешкім талас туғыза алмайды. Тіпті жекешелендірудің жекеменшіктенуіне айналып кете жаздаған тұстары да кездескені жасырын емес.  Осындай сыни шақта аудан басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарында жекешелендірудің жүйелі түрде жүргізілуін басты назарда ұстап отырды. Әрі ауылдағы клуб, кітапхана секілді мәдениет ошақтарын оңтайландырудың оқшаңтайына іліктірмей, елу пайыздық мөлшерлемемен сақталып қалуына ұйтқы болды. Жоқшылық пен қымбатшылық қанша етектен тартса да, сол кездің өзінде ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары қолға алынды. Бұған қаражат қарастырылған жоқ. Қаржыландыру болмаса да, көп мәселе аудан әкімінің абыройы мен беделінің арқасында шешімін тауып отырды. Ауыз су тапшылығын жою үшін «Струя» атты су тазалайтын қондырғысы іске қосылды. Жаңақала о бастан асыл тұқымды Көшім жылқысы мен Еділбай қойының отаны болып келді. Өтпелі кезеңде осы текті малдың қадір-қасиетін бағалай білмейтін көлденең көк аттылардың жекеменшігіне өтіп кету қаупі туындады. Мұндай қауіптің бұлты төнген кезде Төлеген Тастайұлы олардың таратылуына жол бермей, Жаңақаланың брэндіне айналып кеткен асыл тұқымды малдың бәз баяғы қалпында сақталып қалуы үшін мол күш-қайрат жұмсады.

1994 жылы құм өңірінде жойқын су тасқыны болған кезде Т.Мерғалиев оңтайлы гидроинженерлік шешімдер қабылдай отырып, болуы мүмкін табиғи апаттың алдын ала білді. Өтпелі кезеңде орын алған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің түйінін тарқату, мүмкін Төлеген Тастайұлының қолында тұрмаған да шығар. Соған қарамастан ол өзінің қабылдауына келген тұрғындардың бойына өшпес сенім отын жағып беріп еді. Онымен ұзақ жыл  бойы тікелей қызметтес болған, қандай қиын кезде де жанынан табыла білген іні-серігі Закария Сейсенғалидың айтуынша ол: «Енді сәл шыдаңдар. Алдағы екі-үш жылдың аралығында бәрі де қалпына келеді. Жол  да, су да, газ да,  бәрі де болады. «Сабыр түбі – сары алтын» емес пе, тек аздап сабырлық қылсаңдар болғаны. Рухани игілікке де толығымен кенелеміз. Міне, біз бүгін кеңестік кезеңде бой көтеріп, одақтың уығы жалп етіп құлап түскенде, құрылысы аяқталмай қауқиып қалған бұрынғы нан зауытының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, оны спорт кешеніне айналдырып отырмыз. Мұндай жақсылықтар әлі көбейе түсетініне сенімім мол» - деп ауыл тұрғындарына ұдайы дем беріп, қанаттандырып отырады екен. Төлеген Мерғалиев ұзақ жылға созылған басшылық қызметінде артына «әкім дегеніміз – халыққа құл болу» деген қағида қалдырып,  осы қағидасын іс жүзінде орындай білген өресі биік тұлға еді. Оған республиканың Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да сыйластық көңілмен қарайтынын Ақ Жайыққа ресми сапарымен келген кезінде бірнеше рет аңғарып қалып едік. Оған республика басшысының: – Төлеген, ауданыңның жай-күйі қалай, ел-жұртың аман ба? - деп тіл қатқаны есімізде қалып қойыпты. Бұл жерде Елбасы 1991 жылдың күзінде Президент сайлауы қарсаңында құм өңірінде ел-жұртпен кездескенін меңзеп тұрғаны анық еді.

* * *

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықпен қоян-қолтық жұмыс істей білгендердің бірі – бұрынғы Тайпақ ауданының әкімі, марқұм М.Қожамұратов еді. Ол өзінің бұған дейінгі жинақтаған өмір тәжірибесіне сүйене отырып, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын өңірде суландыру мен гидроинженерлік нысандардың тұрғызылуына ден қойды.

– Максим Жайлыбайұлы ойы орнықты, жүріс-тұрысы салмақты, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін, өте мәдениетті басшы еді. Күрделі мәселелер жөнінде шешім қабылдау кезінде де асығыстыққа салынбай, болашақта іске асатын жобалардың халыққа тиімді, пайдалы болу жағына көбірек мән беретін. Ол халықты еселі еңбекке бір кісідей жұмылдыра білді. Әттең,   аяулы азаматтың ғұмыры қысқа болды, - деп еске алады еңбек ардагері Әленғали Кереев.

Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында республиканың көптеген облыстарында, соның ішінде Орал өңірінде жабайы урбанизация көріністері орын алып, тұрғындар жұмыс іздеп, облыс орталығы мен кеншілер қаласы Ақсайға көше бастады. Мұндай үрдістің Тайпақ топырағында орын алмағанын М.Қожамұратовтың ел-жұрт арасында жүргізген ілкімді іс-қимылымен байланыстыруға болады.

Егемендіктің елең-алаң кезінде, яғни 1994-2002 жылдары Ақжайық ауданы әкімінің қызметін атқарған Ә.Сәтбаевтың есімі де әлі күнге дейін ел есінде жүр.

Жұбан елінде ұзақ жыл  бойы аудандық газеттің редакторы болған әріптесіміз Болат Есқалиевтің айтуынша ол: «Тұрмыстық қиыншылыққа тап болған халыққа ештеңе бөліп бере алмасақ та,  олардың жанынан табылып сүйеу бола білейік. Бұл – уақытша құбылыс, кейін бәрі де өз орнына келеді. Тәуелсіздік жолы тегіс болмайды», - деп үнемі айтып жүреді екен. Әрі солай істепті де. Уақытпен санаспай, күндіз-түні ел-жұрттың ортасынан табыла біліпті.

1997 жылы халық арасында «Қажыгелдиннің оңтайландыруы» деп аталып кеткен кезеңде Тайпақ ауданы таратылып, Ақжайық ауданының құрамына қосылды. Сол сыни кезеңде Жайықтың бойын жайлаған қалың елдің өзара түсіністік пен бірлікте өмір сүруі үшін аудан басшысының тигізген ықпалы мол болғанын айтудың өзі бір мәртебе. Әрі мердігерлік құрылыс ұйымдарында көк тиын қаражат жоқ кезде аудандық аурухананың жанынан қосымша модульдік ғимарат бой көтеріп,  Ақжайық ауданына газ құбыры жүйесінің жеткізілуін де Әлібек Байжанұлының халыққа тигізе білген шапағатының қатарына қосуға болады.

Тәуелсіздікті орнықтырудың иірімі мол, тылсымы түпсіз терең. Тіпті бір жолы аудан бюджетінің түбі мүлдем сарқылып қалып, оның қоржынында не бәрі бес мың теңге қалған күндер де кездесіпті. Сол кезде анау-мынауға онша күйзеле қоймайтын аудан басшысы енді мұны кімге қалай бөліп берсек екен деп сәл ойланып отырып қалған екен. Бар күш-жігерін тәуелсіздіктің тұғырлануы үшін сарп ете білген мұндай ерлердің есімі ұмытылар ма?!

1992-1997 жылдары шалғайдағы Қаратөбе ауданы әкімі қызметін атқарған Аманкелді Әділовты бұл өңірдің тұрғындары өзінің ата-тегіне сай әділ, қарауындағы кадрларға тиісті талап қоя білетін және еңбек тәртібінің сақталуын ұдайы назарда ұстайтын басшы ретінде біледі.

– Оның қай саладан да терең хабардар болуы, ой-өрісінің кеңдігі, алымдылығы мен шалымдылығы ауданда көптеген проблемалық мәселелердің оң шешілуіне жол ашты. Аманкелді қарауындағыларға өзі тапсырған тапсырмалардың орындалуын ұдайы қадағалап отырыпты. Оның бұл талабы да өз кезінде тиісті нәтижесін берді, - дейді Нәжім Дәулетов.

Ел азаматтарының айтуынша, А.Әділов ауданға басшылық жасаған жылдары, яғни бүкіл елімізде кәсіпкерлік бауырын көтере алмай тұрған кезеңде тері илейтін, киіз басатын орындар, лимонад, шұжық, минералды су шығаратын цехтар ашылып, іске қосылған. Диірмен жұмыс істеп, ел-жұрт қолындағы бірер қапшық бидайын сонда тарттырған. Салыстырмалы түрде алғанда шалғайдағы қазақы аудан үшін бұл үлкен жетістік еді.

Бетің бар, жүзің бар демей, кім-кімге де тіке айтатын, әйтсе де артына зіл мен кек сақтамайтын мәрттігі мол басшы азамат 1997 жылдың ақпан айында Қаратөбе ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезінде ауыр науқастан дүние салғаны өте өкінішті-ақ. Бүгінде Қаратөбе ауданына қарасты Бесоба ауылындағы Жалғызағаш негізгі мектебіне Аманкелді Әділовтың есімі берілген.

Егемендіктің елең алаңында, яғни сонау 1992 жылы Казталов ауданы әкімшілігінің басшысы болып тағайындалғандардың бірі – Марат Ирманов еді.
Ол 1994 жылдың сәуірінде аудан аймағында болған алапат тасқын судың алдын ала алмағаны үшін сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Қабиболла Жақыповтың шешімі бойынша қызметінен босатылды. Солай дей тұрсақ та, табиғи апаттың аты – табиғи апат екені ұдайы назарда болуға тиіс. Оны алдын ала аңғарып, болжай білу еш мүмкін емес. Негізі, ел-жұрт өте жақсы білетін Марат Арон-ұлы өте іскер, батыл әрі күтпеген шешімдер қабылдай алатын іскер азамат басшы болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның кеңестік кезеңде Ресейдің Орлов облысындағы асыл тұқымды жылқы өсіретін консерннің баламалы жолымен бас директоры болып тағайындалғаны да әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ.

Құрметті оқырман, біз, міне, осылайша бүгінгі әңгімеміздің нүктесін қоюға жақындап келеміз. Өздеріңізге құлаққағыс етерлік жайт, біз бұл жазбаларда негізінен тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы тұсында облыс аудандарында еңбек етіп, бүгінде өмірден озған басшы азаматтар жөнінде екі-үш ауыз ой қозғауды басты нысанаға әрі негізгі критерийге алған едік. Сол мақсатымызға жеткен секілдіміз.

Әйтпесе, 2000 жылдардан кейінгі кезеңде, түйіп айтқанда, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары төбемізден өтіп бара жатқан тұста Ақжайық және Бөкей ордасы мен Тасқала аудандарының әкімі қызметін абыроймен атқарып,  халықтың арасында лайықты бедел мен құрметке бөленген, бүгінде арамызда жоқ Абай Иманғалиев пен Өтеміс Мырзағалиевтер жөнінде де әңгіме тиегін ағытудың әбден жөні бар еді. Дегенмен елге қолынан келген бар жақсылығы мен көмегін аямаған танымал тұлғаларды жазу мәселесіне ерте ме, кеш пе бір оралармыз деген ойдамыз.

Міне, тәуелсіздіктің таңы атқан кезде келешек күндерге деген сенім мен үміт отын жаға білген марқұм басшы азаматтар жөніндегі толғанысымызың түйіні осындай.

 

Темір Құсайын,

 «Құрмет» орденінің,
ҚР Парламенті сыйлығының иегері, журналист,

облыстық «Орал өңірі» газетінің

«Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл»

арнайы бетінің қоғамдық редакторы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале